Тәуелсіздік – киелі ұғым

Тәуелсіздік аса қастерлі де қымбат ұғым! Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін бізге тарихтың қилы-қилы кезеңдерінен, ауыр сынақтарынан, тағдыр тезінен өтуге тура келді. Еліміздің тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында жариялаған «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, ұлы далада ұлық ұлыс құрды.

Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды» деп жазған еді. Тәуелсіздіктің арқасында барша әлемге менің егемен елім бар деп мақтанышпен, асқақ сезіммен шаттана қараймыз. Ата-бабамыз ерен ерлігімен қорғап, аманаттаған ұлан байтақ жеріміз, ата-дәстүр салтымыз, кең пейіл халқымыз, табиғи байлығымыз бар. Көк Туымыз, әлемдік қауымдастық алдында биік беделіміз, дипломатиялық берік қарым-қатынас, сарабдал саясат пен кемел келешегіміз бар. Іргеміз мықты. Егемендікке қол жеткізгеннен бастап Қазақстан биік-биік шыңдарды бағындырып, бүкіл әлемге танымал елдердің қатарына кірді. Азаттықтың арайлы ақ таңын көргенімізге биыл – 30 жыл толып отыр.

Сонау Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген 90-жылдар әсте оңай болған жоқ. Бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі өндіріс пен шаруашылықта қалыптасқан жүйе бірден түгелімен жоқ болып, экономикамызды қайта жасақтауға тура келді. Ойлап көріңізші, бұл тақыр жерге орман еккенмен бірдей іс деп те айтуға болады. Алайда қазақтың еншісінде Тәңір берген табиғи байлық бар еді, сонымен қоса сан жылдар бойы мұнай, басқа да салада тәжірибе жинақтаған мамандар да бар болатын бізде. Жаңа техника мен технологиялар келді. Шетелдік инвесторлар келді. Сонымен бірге өз отандық компанияларымыз қарқынды еңбек ете бастады. Оның ішінде «Ембімұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» АҚ-лары бар. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Егемендік алған жылдары ел экономикасы күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Алайда, қандайма болса да қиындыққа бой ұрмай, мұнайдың арқасында еліміздің құлдырауына жол бермедік. Тәуелсіздік жылдарынан кейін жас мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен байлығын ел игілігіне жұмсау жолында мұнайшылар да аянбай тер төкті. Аумалы-төкпелі кезеңдерде елді өтпелі қиын шақтан алып шығып, экономикамызды аяқтан тік тұрғызуда осы мұнай саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан зор деп есептеймін. Мемлекет бюджетінің басым пайыздан астамы мұнай өңдеу мен экспорттау арқылы толығып жатыр.

Қазақстанның экономикалық дамуына «Ембімұнайгаз» АҚ үлес қосуда. Отандық компания шетелдік әріптестерден бір де кем емес сапа мен өндіріске қолайлы жағдайлар, жұмысшылардың әлеуеті мен табыстылығын жүзеге асыруда.

Барша жерлестерімді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Табыстың тайқазанын тасытып, әр отбасы бақыт шұғыласына бөленсін демекпін.

МАҚСЫМ ШАФИҚҰЛЫ ІЗБАСОВ,

«ЕМБІМҰНАЙГАЗ» АҚ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӘУЕЛСІЗ ДИРЕКТОРЫ,

АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «МҰНАЙ-ГАЗ КЕШЕНІ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫ,

ЖЫЛЫОЙ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНДАРЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT