Ауданымызда кәсіби мереке – Медиаторлар күніне орай «Медиация – татулық тірегі» тақырыбында тағылымды іс-шара өтті. Бітім мен бейбітшілікке үндеген бұл жиын – қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді насихаттаған мәні терең, мазмұны салмақты басқосу болды. Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов, аудандық сот пен прокуратура, мәслихат, полиция, ішкі саясат бөлімі мен қоғамдық кеңестердің өкілдері қатысты.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Н.Ақназаров медиацияның маңызын сөз етіп, қазақтың дәстүрлі бітімгершілік жолымен сабақтастығын атап өтті. Іс-шара барысында аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп уәкілі А.Теміржанов сөз сөйлеп, медиация саласында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарын мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медиация күнімен аудан әкімі атынан шын жүректен құттықтаймын! Мәдениетті қоғам келісім мен түсіністікке негізделеді. Медиация – отбасылық жанжалдардан бастап, күрделі қоғамдық келіспеушіліктерді сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік беретін маңызды сала. Бұл бағытта тер төгіп жүрген сіздерге табыс тілеймін. Қиын да жауапты істе жемісті еңбек пен жаңа белестер тілеймін,-деді ол.
Шара барысында қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген ардақты мамандардың еңбегі ерекше атап өтілді. Медиаторлар, құқық қорғау саласының өкілдері, тиісті құрылым мамандары жылы лебіздерге бөленіп, Алғыс хаттармен марапатталды.
Атап айтқанда, Гүлайым Орынқызына аудан әкімінің, ал Есқабыл Кенжебайұлы мен Роза Сансызбайқызына аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы Б.Құлбаевтың Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етілді. Марапатты аудандық мәслихаттың депутаты Сымбат Едігеқызы табыстап, құттықтау тілегін жеткізді.
Іс-шара соңында әсем ән мен сырлы күй төгіліп, қатысушылардың көңілін көтеріп, шараға жылы реңк сыйлады. Бұл – қоғамда дау-дамайдың дауылын үнімен емес, тілмен, түсіністікпен шешуге күш салып жүрген жандарға деген зор құрметтің айғағы. Медиация тек кәсіп емес, ел ішінің тыныштығын сақтауға бағытталған ізгілікті жол.
А.МОЛДАШЕВ