Татулықты ту еткен тұғырлы елміз

Сондықтан тарихи Отанымызды аңсап келдік.

Менің Қазақстанға көшіп келгенше Өзбекстан мемлекетінде тұрдым. Сол жақта қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, адайдың келіні атандым. Сондықтан да өзімді қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын жақсы білетін жанның бірі деп санаймын. 2004 жылы бүкіл отбасыммен Қазақстанға қоныс аудардым.

Өйткені өзім татар болғаныммен ата-енем мен күйеуімнің, туған анам Венера Мұратованың да ұлты қазақ еді. Сондықтан тарихи Отанымызды аңсап келдік. Отбасымызбен түгел Қазақстанның азаматтығын алдық. Қазір көп жылдан бермен қарай Атырау қаласында тұрып келе жатырмыз. Үй-күйіміз бар, жағдайымыз жақсы.

Өзім атыраулық болғанмен қызмет орным Құлсары қаласында. Атырау аймағының, соның ішінде Жылыой өңірі халқының ұстанған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында, ниетінде, пейілі мен зейінінде де өзіндік ерекшеліктердің бар екенін көрдім. Өзім азық-түлік саудасы саласында бұрын қатардағы супервайзер болып, бүгінде басшылық қызмет атқарған соң ауданның көптеген кәсіпкерлерімен, сауда орны жетекшілерімен, қарапайым қызметкерлерімен жұмыс бабында қоян-қолтық араластым. Осы жақтан өзіме достар тауып, өзім секілді нәзік жандармен құрбы болдым. Сонда байқағаным: жер бетінде қазаққа жететін халық жоқ екен. Әсіресе, жылыойлықтардың көңілі даладай дархан, жүрегі жомарт ізгі жандар екеніне талай мәрте көзім жетті.

Сауда-саттықта, қай-қай салада жүрсе де, сол баяғы қанына сіңген қонақжай, мейірімді, бауырмал қалпынан айнып көрген емес. Құшағы кең, бірлігі жарасқан бейбітшілік сүйгіш ел ретінде ұлт пен ұлысқа бөлінуді білмейтін, ақ-қара деп алаламайтын, өз бауырындай жақын тартып, жаны ашып тұратын қазақтай халықпен отандас болғаныма қатты қуанамын. Осындай 100-ден астам ұлттың ынтымағы мен бірлігін жарастырған елдің азаматы атанып, тұрғыны болып тұрып жатқаным үшін шүкіршілік етемін. Қазақстанды өзімнің және отбасымның Отаны санаймын. Сондықтан өз жанұяма, өзіме не тілесем, қазақ халқына да сондай жақсылық тілеймін.

Бүгінде ержеткен ұлым Ақтау қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр. Алдағы жазда ауылға оралады деп күтіп отырмыз. Мен Қазақстан сарбазының анасы ретінде баламның бейбітшілік пен татулықты ту еткен қырағы жауынгер атанғаны үшін өзімді бақытты санаймын. Қазақстан біздің ортақ Отанымыз, ұлымды да, қызымды да осы елдің лайықты азаматы, антына адал өз ісінің патриоты болуға тәрбиеледім. Болашақ жиен-немерелерімнің де қазақ қоғамының белді мүшесі болатынына сенімдімін.

Осы сәтті пайдалана отырып, барша отандастарымды, Жылыой жұртшылығын 1 Мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ең бастысы, «Бірлігі күшті елді жау алмайды» дегендей, еліміз Төтенше жағдайдан тезірек сауығып, халқымыз аман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болып, ынтымағымыз бен бірлігіміз нығая берсін дегім келеді.

Юльфия Сунчилиева,

«Ақбұлақ - Атырау» ЖШС

Жылыой аудандық филиалының директоры,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521