Қазақ тілі - халқымыздың ең басты ұлттық құндылығы. Ата-бабамыздан қалған баға жетпес мұра. Тілден құдіретті, бағалы қасиет жоқ деп ойлаймын. Ұлтымыздың ұлы ұстазы, ақын, күрескер Ахмет Байтұрсынов «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген. Осыдан-ақ, ана тіліміздің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес.
Жарық дүниеге келген сәби әлемді қай тілмен таныса, көкірегі сол тілде сайрайды. Себебі, сонымен ой-өрісі дамып, сана-сезімі қалыптасып, көңілі небір жақсы сезімдерді қабылдап, жүрек тұңғиығында сараланады. Сәбидің алғашқы «ана-әке», «ата-әже» деген аяулы сөздері өмірді тануға деген құлшынысының бастауы. Тіл отбасылық қарым-қатынас қана емес, ол қоғамдық дамудың маңызды сатысы. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы ана тіліміз ғасырдан ғасырға аман жетіп, өмір сүріп келеді. Тілдің иесі де киесі - қазақ, ертеңгі болашағы да – қазақ ұрпағы. Тіл - өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің мәртебесі, ертеңгі күннің кепілі. Ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде таза сөйлеу - қаны қазақ баласының парызы. Өйткені, тіл – еліміздің іргетасы, сарқылмас қазынасы. Тіл – асыл ойдың бұлағы. Кім ана тілін, әдебиетін бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды.
Қазақстанда өмір сүретін әр азамат туған елін, ұлтының рухын ойласа, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосуы қажет. Қазақта «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген керемет нақыл сөз бар. Тілдің құдіретін бүгінгі жас ұрпақ туғаннан ерте сезінуі керек. Алға қойған ұлы мақсат-мұраты бар, ертеңіне зор сеніммен қарайтын жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана «Жаңа Қазақстан» құру жолында, ең алдымен, ана тілін ардақтағаны абзал. Олай болса, ата-бабамыз салған сара жолдан тайқымайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгі жасай берсін!
«Жаңа Қазақстан», патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел, Мәңгілік Тіл! Ол – барша қазақ қоғамының ұлттық ұлы құндылығы. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде! «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екенін еш уақытта ұмытпайық!
Гүлзада ЖАНҒАЗИЕВА,
аудандық соттың жетекші маманы