Құлсарыда 60 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр

Таяуда облыс әкімі Серік Шәпкенов ауданға келген іссапары барысында ондағы сегіз мердігер мекемеге «Болашақ» ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қарқынын жеделдетуді жүктеп, нақты тапсырма берген еді. Көп ұзамай оның нәтижесі көрінді. Осы аптаның дүйсенбісі күні тасқыннан зардап шеккен 60 отбасы қоныс тойын тойлады. Иә, салынып жатқан 100 үйдің алғашқы 60-ы пайдалануға беріліп, иелері пәтердің кілті табысталды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның өзі арнайылап басыбайлы баспаналы болған тұрғындарды шын жүректен құттықтады. Шараға Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, жаңа үй иелерінің қуанышына ортақтасты.

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға бар күш-жігерімізді салдық. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған қиын күндер артта қалды. Біз үлкен сынақты бастан өткеріп, абыроймен еңсеріп шықтық. Нәтижесінде, осынау қуанышты күнге де келіп жеттік. Осы сәтті пайдаланып, жерлестеріме, әсіресе, су тасқынының зардаптарын жоюға белсене атсалысқан барша жылыойлықтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Жаңа үйлеріңіз бақыт пен берекеге толы болсын. Әр шаңырақта қуаныш орнасын, - деді облыс әкімі Серік Жамбылұлы.
Аймақ басшысы «Болашақ» ықшамауданының болашағы зор екенін мәлім етті. Өңірді дамыту бағдарламасы бойынша мұнда келер жылы спорт кешені, Binom мектебі және балабақша құрылысы басталатын болады. Бұдан бөлек, жергілікті мердігер мекемелердің демеушілігімен ашық спорт алаңы салынатынын айтты.

Жаңа баспананың алғашқы кілтін облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева «Болашақ» ықшамауданы №1 үйінің тұрғыны Руслан Ерғазиевтің отбасына салтанатты жағдайда табыс етті. Сол жерде барлығы 20 шақты жанұяға пәтер кілті беріліп, аймақ басшылары жаңа баспаналарды аралап көрді. Соның ішінде №2 үй тұрғыны Айнагүл Жұмалиеваның пәтерінде болып, әр бөлмені аралап көрді. Отағасымен бірге үш бала тәрбиелеп өсірген бұл жанұя бұрын Құлсары қаласының «Автожолшылар-2» ықшамауданындағы шағын пәтерде тұрған. Тосыннан келген тілсіз жау үйлерін жарамсыз күйге жеткізген. Жаңа қоныс иесі типтік үлгіде салынған баспанаға көңілі толатынын жеткізді.

Иә, типтік үлгідегі үйлердің әрқайсының жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Қалған 40 үй қыркүйек айының 20-да пайдалануға беріледі деп күтілуде. Үйлерге инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Айта кетер жайт, мұндағы 80 үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, 20-сы жергілікті бюджеттің қаржысына салынған. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 8 мердігер мекеме жұмылдырылды.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT