Тасқынға тосқын

Биыл көктемгі тасқынның тегеуріні қатты болып, аудан аумағында су басу фактілері орын алуда. Арнасынан ақтарыла аққан тау суы Ұлы Жемнің ернеуінен асып-тасып, Құрсай өзегін жарып шықты. Өзек арнасына сыймай, қала орталығында орналасқан 7-учаскедегі 4 үйдің ауласын су басты.

Оқыс оқиға 21 сәуір күні түнгі сағат 4-5 терде шамасында орын алған. Ал бұл уақытта қаннен-қаперсіз, түнгі ұйқыда жатқан тұрғындар тасқыннан бейхабар болған. Шеткі үйлерді су басып жатқандығы жөніндегі хабарды жергілікті полиция қызметкерлері шұғыл түрде хабарлаған.

Жоғарыда айтып өткендей қауіп, негізінен, жағаға жақын, шеткері орналасқан тұрғын үйлерге төнген. Төтенше жағдай бөлімінің тиісті мамандары ойда жоқта су ортасында қалған үйлердегі 10 тұрғынның қауіпсіз жерлерге қоныстануына жағдай жасаған. Олардың арасында балалар да бар. Қауіп төнген кейбір отбасылардың мүшелері шаңырақтарында қалып, әліптің артын бағуды жөн көрген. Яғни, қауіп сейілсе ағайын-туысты жағалап кеткен бала-шағасын, басқа да ет жақындарын жинап, үйлеріне қайта әкелмекші көрінеді.

-Биыл су біз ойлағаннан да көп келіп жатыр. Осындай жағдайдың болатынын алдын ала сезіп, жанымыздың тыныштық таппағаны да рас. Өздеріңіз білесіздер бұдан бірнеше күн бұрын да Құрсайдың жаптарын су жырып кетіп, топырақ толы қапшықтармен бөгеліп, жағдайдың алдын алғандай болып едік. Бүгін міне, түнде аяқасты үйімізді су алып кетіп отыр. Үйдің ішіне кірмегенмен, еденіміз ызғарланып, суытып барады. Жергілікті билік өкілдері, әкімдер келіп, қарап тұрмай, топырақ тасып жүр. Жағдайымызды келіп біліп кетті. Енді аз да болса судың деңгейі азайған секілді. Қазір балаларымыз балабақшада, бірі сабақта. Кейбіріміздің баратын ағайынымыз жоқ. Сондықтан үйде боламыз. Не болса да жақсылық болсын! Адам, мал-жан шығыны орын алмай, осы жердегі көршілеріміздің маңдай термен тұрғызған үйлері өз қалпында сақталса екен дейміз, - дейді су басқан үйлердің иелері.

Аудандағы жағымсыз жағдайдан облыстық Төтенше жағдайлар бөлімі басшылығы мен қызметкерлері де хабардар. Олар хабарламаны алған бойда Жылыойға жол тартып отырған.

Қазіргі уақытта Құрсай өзегінің бастау алатын «Бақашы» шлюзі толықтай жабылды. Сонымен қатар, Құлсары қаласындағы еріктілерден 100 адам, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен, басқа да жергілікті мекемелерден адам күштері мен көліктер жұмылдырылды, - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, азаматтық майор Жантөре Демешов.

Айта кетейік, су тасқынын бөгеуге 30-дан аса техника іске қосылып, «КамАЗ»-дардың астаулары құмға толтырылып, төгілген топырақты тракторлар су басқан жерлерге жайып шықты. Сондай-ақ, Бақашы да арнайы плиталармен, топырақпен бөгелді. Мамандар күштің көбін осы маңға жұмсауға тырысты. Өйткені, қаланың басқа аумақтарын да су басу қаупі төніп тұр. Енді аспанға арнайы дрондар ұшырылып, құзырлы органдар жағдайды бақылауға алатын болады.

Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT