Тасқынға дайындық қалай?

Көктемгі тасқын жылыойлықтар үшін жыл сайынғы өзекті тақырып екені даусыз. Оған 2024 жылы болған көктемгі алапат тасқын себеп. Жергілікті тұрғындардың сай-сүйегін сырқыратып, жүректеріне қайғы ұялатқан, басыбайлы баспанасынан айырып, жиған еңбектерін бір мезетте шайып өткен ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Бүгінде сол табиғи сынақтың кері қайталанып, жаңа-жаңа қалыптасып келе жатқан алақандай қаламыздың көрігін бұзбау үшін жүйелі жұмыстардың жасалып жатқанын біз бен сіз анық байқадық. Ендеше аудандағы көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына бір көз жүгіртейік.

Иә, табиғаттың тосын мінезі адам тілін түсініп, елемейді. Оның өз арнасынан асып, ыңғайы келген сәтті күтіп, бір қауым елді қашан әбігерге түсірерін ешкім болжап білмес. Сондықтан ауданымызда осы бағытта кешенді әрі ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл тек қауіпке қарсы әрекет емес, ең бірінші халықтың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын сақтауға бағытталған жүйелі жоспар екені анық. Бүгінде аудан төңірегінде су басу қаупі жоғары аумақтарға Жем өзенінің су аймағына кіретін Тұрғызба мен Шоқпартоғай ауылдары, сондай-ақ Құрсай өзегінің бойында орналасқан Құлсары қаласы жатады. Міне, осы елді мекендерді қорғау – қазіргі таңдағы дайындық жұмыстарының басты өзегі.

Аудан әкімдігі ұсынған ресми мәліметке сәйкес, облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен Жем өзені мен Құрсай өзегін тереңдету жұмыстары сәтті аяқталды. Бұл ретте түп тереңдету жұмыстары 95,3 шақырымды қамтыды. Бұл судың еркін ағуына мүмкіндік беріп, артық қысымды азайтатын маңызды инженерлік шара болды десек те артық айтқандық болмас. Одан бөлек, ауданымызда 68,6 шақырым бөгет нығайту жұмысы жоспарланып, бүгінде бұл жұмыстар толық аяқталуға жақын қалған.

Инженерлік қауіпсіздікті арттыру мақсатында қазіргі уақытта 3 гидротехникалық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Жем өзенінің бойындағы Бақашы елді мекенінің тұсынан арнайы шлюз салынуда. Бұл нысан су деңгейін бақылап, қауіпті жағдайда ағынды реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Құрсай өзегі бойындағы Қарағай елді мекенінің тұсынан су өткізгіш құрылыс нысаны бой көтеруде. Аталған жүйе бойынша су канал арқылы Құлсары қаласының ішінен өтіп, Қамыскөлге құйылады. Ал Қамыскөл толған жағдайда су Құр Жемге, яғни Сарқырауық аумағында салынып жатқан су өткізгіш нысан арқылы бағытталады.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл гидротехникалық нысандар су көлеміне байланысты қолмен реттеліп отырады, ал құрылыс жұмыстарын наурыз айының ортасына дейін аяқтау жоспарланған. Ал тасқынға дайындық тек бөгет пен каналмен шектелмейді. Төтенше жағдай туындаған сәтте халықты жедел қорғау үшін материалдық-техникалық база да толық қамтылған. Қазіргі таңда аудан аумағында 3 палатка, 10 ағаш үй, 2 өрт сөндіру көлігі, 30 мотопомпа, 20 генератор, 3 электрогенератор, 200 өрт дабыл датчигі, 250 жиналмалы төсек, 10 үрмелі қайық, 23 рация, 9 тура телефон, 2 рупор, 1 тіркеме, 3 мачта сақадай сай тұр. Бұдан бөлек, 1000 күрек, 1000 жұп қолғап, 250 бас киімге тағылатын жарық, 20 қол жарығы, 400 мың дана қапшық және тоннаға арналған 1000 қапшық дайындалған. Бұл су бөгеп, жедел көшіру және қорғаныс жұмыстарын атқаруға әзірше жеткілікті қор. Бұл ретте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мүмкіндігін арттыру үшін қосымша түрде 1 моторлы қайық, 1 үрмелі қайық, 3 мотор майы және 10 тыныс алу аппараты берілді. Мұның барлығы кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет етуге бағытталған жұмыстар екені сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, аудандағы тасқынға қарсы дайындық жұмыстары өткен жылдардағы тәжірибеден сабақ алып, нақты қауіптерді ескере отырып жасалған жүйелі жұмыс. Табиғаттың тосын мінезіне толық тосқауыл қою мүмкін болмаса да алдын алу дайындық және бірлік арқылы оның зардабын азайтуға болады. Ал тасқынға дайындық жұмыстарының нәтижесін алдағы көктемде көре жатармыз.

 Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT