Тасқын кезінде «етігімен су кешкен» ерлер

Біз кейде шетелдік кинолардағы төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушыларының жанкешті жұмысын көріп, тәнті болып жататынымыз жасырын емес. Дегенмен, есімі ұлығыланбаса да, күнделікті өмірде бейбіт күннің батыры атанып жүргендер бізде де жетерлік. Жылыойлық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың да қызметі лайықты бағасын алуға тұрарлық.

«Өз үйім суға кетіп жатса да...»

Иә, ел басына күн туғанда, етігімен су кешер ерлер өңірімізде де көп. Солардың бірқатары аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде еселі еңбек етуде. Олардың ерлікке татырлық ісіне, әсіресе, кешегі көктемгі тасқын кезінде куә болдық. Әр азамат туған қаласы үшін сол кісілердей басын бәйгеге тігер болса, Құлсарының ғана емес, күллі Қазақстанның болашағы бағдарлы әрі жарқын болары даусыз. Ендеше, сол ер-азаматтардың бірнешеуіне тоқталып өтсек. Әрине, алдымен, елімізде төтенше жағдайлар аз болсын деп тілейік. Дегенмен, неше түрлі қиын кезеңдер бастан өтері анық. Сондай тағдырдың тәлкегі басымызға түскенде, бірінші болып көмек қолын созып, алғашқы жәрдемін ұсынатын осы қызметкерлер. Тіпті, көктемгі су тасқыны кезінде басыбайлы баспанасынан айырылса да, қала тұрғындарын эвакуациялау кезінде кірпік қақпай қызмет етті. Оған дәлел де көп. Құлсары қаласында су тасқыны кезеңінде 37 мыңға жуық адам эвакуацияланып, құтқарушылардың көмегімен 300-ге жуық адам, оның ішінде 47 бала құтқарылды. Сонымен қатар 10 мыңнан астам бас төрт түлік малды қауіпсіз жерге көшірді. Өзінің баспанасы өр судың астында қалса да, қызметтік борышын қалтқысыз орындаған №2 МӨСБ жүргізушісі азаматтық қорғау старшинасы Нұрболат Оразов:

- Мен адамдарды құтқару жұмыстарын жүргіздім, оқиға орнынан кетіп қалып, үйіме бару деген ой болмады да, сын сағатта берілген міндетті орындадым. Ал өз үйім суға кетіп жатқанда басқа әріптестерім отбасымды, ата-анамды, балаларымды эвакуациялық пункттерге көшіруді жүзеге асырған. Сол бір қиын кезеңде отбасым Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына уақытша тұрақтады. Ал өзім тасқын суды жою жұмыстарына қатыстым,-деді ол өз сөзінде.

Дәл сол тасқын кезеңінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тек қана қала тұрғындары мен төрт түлік малды емес, үй жануарларын да ажалдан арашалап қалған болатын. Әлеуметтік желілердегі бейнелерден көріп, жүрегімізді тебіренткені рас. қауіпті кәсіп иелері Құтқарушы – қауiптi, өмiрде тәуекелге көп бел буатын мамандық иесі. Түрлi табиғи және техногендiк апаттардан адамдарды құтқаруға бағытталған, адамгершiлікке толы игі кәсіп. Өзіне үлкен жауапкершілік арқалаған құтқарушының бірі - Нұрсұлтан Әділбаев. Жылыойлық жерлесіміз алғашқы еңбек жолын азаматтық қорғау органдарында 2018 жылы құтқарушы қызметінен бастап, бүгінгі күні облыстық Төтенше жағдай департаментінің жедел құтқару жасағының Жылыой ауданындағы бас құтқарушы лауазымында қызмет атқарады. Аудан көлемінде орын алған авариялық-құтқару жұмыстарында және су тасқыны кезінде аянбай ерлік көрсетіп, іздестіру және сүңгуірлік жұмыстарында өзінің нағыз кұтқарушы екенін тағы бір дәлелдеді. Адам өмірін құтқаруда және оларды қауіпсіз жерге көшіруде өзінің күш-жігерін сарп ете қызмет етіп келе жатқан Нұрсұлтан Әбиалиұлы:

- Күн сайын сан түрлі қоңыраулар келіп түседі. Мысалы, жабылып қалған пәтер есігін ашу үшін хабарласады, өйткені үйдің ішінде кішкентай бала жалғыз қалып қояды. Қар көшкіні кезінде, зиянды заттармен уланған жағдайда тұрғындар біздің көмегімізге зәру. Құтқарушылар әрбір қысылтаяң сәттің артында адам және оның өмірі тұратынын біледі,- деді өзінің қызметтік жолында кездесетін жайттарымен бөлісіп.

Өрт сөндірушілердің де еңбегі ерен. Оттың ортасына түсіп, күнделікті ажалмен арпалысып жататын азаматтардың адал қызметі әрқашан ар алдында биік бағаланады. Бұл – басқалар үшін басын бәйгеге тігетін, ерлікке әр кез дайын тұруға міндетті кәсіп. Сондай жанның бірі – азаматтық қорғау сержанты Әмин Рамазан еңбек жолын 2021 жылы азаматтық қорғау органында өрт сөндіруші болып бастап, бүгінгі күні аға өрт сөндіруші қызметін атқарып келеді. Аудан көлемінде орын алған авариялық-құтқару жұмыстарына, өрттерге қатысып, өзінің нағыз кұтқарушы екенін көрсете отырып, адам өмірін құтқаруда және оларды қауіпсіз жерге көшіруде өзінің күш- жігерін салып қызмет етіп жүрген Әмин Рамазан:

- Жұмыс барысында түрлі жағдайларға тап болып жатамыз. Қандай қиын сәттер болса да, қара бастың емес, тұрғындардың амандығы біз үшін бірінші орында. Алдағы уақытта ажалмен арпалыссақ та, азаматтардың өмірі үшін қолымыздан келгенді аянып қалмаймыз,-деді өз сөзінде. Айта берсек, бұл сала қызметкерлерінің ерлігі қашан да болашақ ұрпақ үшін үлгі. Құтқарушы да, өрт сөндіруші де өзгелер үшін өмірін қатерге тігеді. Түптеп келгенде атқаратын міндеті мен көздейтін мүддесі бір. Егер еліміздегі әр азамат елде болып жатқан жағдайға бейжай қарамай, мұқтаждарға көмек қолын созар болса, қоғам қазіргіден де бетер гүлдене берер еді. Бұл ретте бәріміздің ішімізде де бір-бір құтқарушы болуы тиіс. Кез келген сәтте қандай жағдайға да дайын болу – азаматтық борыш. Ал, өздерінің қызметтік парызын қалтқысыз орындап жүрген төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің еңбегі ел алдында өлшеусіз.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT