ТАРТЫСҚА ТОЛЫ ТУРНИР

Ауданымызда футзалдан әуесқойлар арасын да Бекбатыр Ілиясовты еске алуға арналған «Bekbatyr cup» республикалық турнирі өтті. Еліміздегі менмін деген аяқдопшылар келген жа рыста көрермендердің де қарасы көп болды. Үш жүз жанкүйер көз тіккен бұл бәсеке «Жігер» спорт кешенінде үш күнге созылды.

18-20 қазан аралығында өткен дүбірлі додаға еліміздің түкпір түкпірінен келген 14 команда қатысып, сынға түсті. Оның ішінде жергілікті жастар да жетерлік. Турнир классикалық форматта өтті. Төрт топқа бөлінген командалар кейіннен плей-офф кезеңінде өз шеберлігін ортаға салды. Атап айтар болсақ, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан жиналған құрамалар бой көрсетті. Жалпы жарыс талас пен тартысқа толы болды. Оның ішінде, көрерменнің қиқуын қыздырған гол да, қызыл қағаз көрсетілген фол да, төрешілерге жасалған наразылық та, іңкәр достықтан нәр алған сыйластық та, тіптен, ұйымдастырушылар шешіміне қанағаттанбай, қарсылық көрсеткендер де болды. Ширек финалда командалар ширай түсті. Жартылай финалға құлсарылық «Медина», «Жігер», «Бекбатыр» құрамаларымен қоса Ақтөбеден келген «Достық» та шығып, тегеурінді ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы жұп «Достық» пен «Медина» арасындағы матчта негізгі уақытта ешбір гол соғылмады. Бірақ, қос тарапта да тамаша мүмкіндіктер болған. Бірақ...

Ақырғы ысқырық шалынып, ойын пенальти сериясында жалғасты. Бұл жерде жылыойлық жігіттердің асығы алшысынан түсіп, ақтық айқасқа жолдама алды. Келесі ойында «Бекбатыр» «Жігерді» 3:1 есебімен оңай еңсерді. Ойын барысында «Бекбатырдың» бір бас жоғарылығы көзге көрініп-ақ тұрды. Қола жүлде үшін болған матч драмаға толы болды. Алғаш болып «Жігер» есепті ашса, артынша ақтөбеліктер таразы басын теңестірді. Пенальти сериясында «Жігер» командасының тәжірибелі қақпашысы Салауат Байралиевтің сауат ты ойынының арқасында, оның жеке дара бенефисін тамашаладық. Жігері жанылмаған құлсарылық құрама үздік үштікті түйіндеді. Ақтық айқас айқай-шуға толып кетті. Өз шешімдеріне күмәнданған төрешілер де бірнеше рет бейне қайталауға жүгінді. Таблодағы қорытынды есеп «Бекбатырдың» пайдасына 4:1 болып тіркеліп, «мединалықтар» күміс жүлдені қанағат тұтты. Байрақты бәсекеде бір де бір рет жеңіліп көрмеген турнир қожайындары алтын алқаны мойындарына тағып, көркі келіскен кубокты құшақтарына алып, чемпион атанды.

Турнир барысында ұлттық ойыннан да сайыстар өтті. Атап айтар болсақ, ләңгі тебу, қол күрес, гір тасын көтеруде жарысқа келген қонақтар да бақ сынап, бағалы сыйлықтарды жеңіп алды. Қызылқоға ауданынан Шерхан Еңсегенұлы 1003 ұпай жинап, ләңгі тебуден бәріне шеберлігін көрсетсе, қол күресте атыраулық Дәулет Әжіғалиев қарсылас шақ келтірмесе, гір тасын 53 рет көтерген Ақтау қаласынан келген қонағымыз Мәлік Ахметов бірінші орынды қанжығасына байлады. Жеңімпаздарға 500 мың теңгелік мотоцикл мен самокаттар сыйға тартылды.

Турнирдің үздігі атанған «Бекбатыр» командасының белді ойын шысы Нұрсұлтан Мәдиев:

-Ойын тамаша деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға бас бармақпен баға беремін. Құлсарыға бірінші рет келуім емес. Осыған дейін күллі Қазақ елі көз тіккен турнирлерді жоғары деңгейде өткізіп келді. Бұл жолы да сол үдеден шықты. Чемпиондық атақты алдағы жылдарда да абыроймен қорғап шығамыз деген сенімдемін,-деді ол өз сөзінде. Жарыстың бас демеушісі әрі ұйымдастырушы Бекбатыр Ілиясовтың анасы Күләш Машенова:-Жалынды сәлем барша қатысушыларға, ұйымдастырушыларға! Бұл турнир Бекбатыр Ілиясов атты менің баламды еске алу үшін өткізіліп отыр. Жыл сайын Бекбатырды еске алу турнирін өткізіп келеміз. Осыған дейін аудандық деңгейде ғана болып келсе, биыл көлемді қылып өткізейік деген мақсатпен күллі қазақ даласының «Менмін!» деген командаларын қабылдадық. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан жандардың бәріне және талас пен тартысқа толы турнирде жанын сала өнер көрсеткен барша спортшыларға шексіз ризашылығымды білдіремін,-деді.

Көпшілік көзін тіккен бұл турнирдің да нүктесі қойылып, барлық жүлделі орынға ие болған командаларға ақшалай сыйақы табыс етілді. Мұндай байрақты бәсекелер ауданымызда жиі өткізілсе, соған қарап бой түзеп, әлемдік деңгейде өнер көрсететін футзал шылар Жылыойдан да топ-топ болып шығарына шүбәсіз сенеміз.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT