Тарих қойнауынан сыр тартқан...

Тарихшы ғалым, қалың оқырманға «Ер қаруы – бес қару», «Қыпшақ-Мәмлүктер», «Мәмлүктер соғыс өнері» еңбектерімен танылған тарихшы, зерттеуші Қайрат Сәки өткен аптада ауданымызға арнайы келді. Ол аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық кітапхана ғимаратында жылыойлық жастармен, кітапхана қызметкерлерімен, ауданның зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен кездесу кешін өткізді.

Кешті ақын Бүркіт Базарбаев ашып, жүргізіп отырды. Ал Жылыой тұрғындарының Қайрат Ұзақұлымен көзбе-көз жүздесіп, сыр-сұхбат алмасуына мұрындық болған кезінде Парламент Сенаты депутаты, аудан басшысы болған Сәрсенбай Құрманұлы Еңсегенов еді.
Қайрат Ұзақұлы Жамбыл облысы, Шу ауданының тумасы. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің араб тілі бөлімін аяқтаған. Сонымен қатар, ол Иордания университетінде, Азия және Африка елдері институтында тілдік тағылымдамадан өткен. 1987-1990 жылдар аралығында Ирак Республикасында араб тілінің аудармашысы болған. 1993 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүйесінде - Каир, Рияд, Абу-Даби, Джидда және Дубайдағы Қазақстан елшіліктері мен бас консулдықтарында қызмет еткен.
Бас-аяғы 30 жылдай уақыт еліміздің Сыртқы істер министрлігінде еңбек ете жүріп Қайрат Сәки өзін зерттеушілік саласында да біраз сынап көрді.Сүйікті ісін орта жолдан тастап кетпей, лауазымды қызметімен қатар ала жүріп, ғылым саласының белгілі бір биігіне көтерілді. Оның еңбектерінің басым бөлігі қазақтан шыққан ғажайып, тарихи тұлға Бейбарыс Сұлтанның жалпы, қыпшақ-мәмлүктердің өмірі мен ғұмырнамасына, жылнамасын зерттеуге арналған.
Мысыр елін 17 жыл билеген Бейбарыс Сұлтан жайында тарихи деректер өте көп кездеседі. Ол өз дәуірінде Мысырды асқан шеберлікпен, көзсіз батырлықпен басқара отырып мәмлүктер мемлекетін қуатты державаға айналдырған. Ал Қайрат Сәкидің Бейбарыс Сұлтан жөнінде деректері бұл көне араб елдеріндегі қолжазбалар мен жылнамалардан келтірілген дәлелді мәліметтер болатын. Зерттеуші өзінің тек тарихи фактілерге сүйеніп жұмыс істейтінін айтады. Көне араб елдерінің қолжазбаларының бәрі де қазір Түркия мемлекетінде Ыстамбұл қаласында сақталғанын да тілге тиек етті.
Бейбарыс Сұлтанның өмірбаянына, әскери өнеріне, ерлік істеріне арнап түсірілген фильм бұған дейін көзі қарақты көрерменге жол тартып үлгерді. Басты рөлді атыраулық жерлесіміз, талантты актер Нұрмұхан Жантөрин асқан шеберлікпен сомдады. Мәліметтерге сүйенсек, фильмді түсіру идеясы өткен ғасырдың 65-жылынан бастау алған. Ал фильмнің сценариі 1980 жылдары жазылып шыққан. Қазақ киносының ең табысты туындысына айналған осынау тарихи фильмді режисер бастапқыда араб еліндегі әріптестерімен бірге екі нұсқада түсіруге келіскен екен. Не десек те, бұл фильм - өте сәтті шыққан туынды, теңдесіз еңбек. Осы рөлі үшін актёр Нұрмұхан Сейітахметұлы Кеңес киносы актерлерінің бүкілодақтық "Созвездие — 90" фестивалінде "Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін" сыйлығын иеленіп, арнайы дипломмен марапатталған. Бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық "Сұлтан Бейбарс!... Сұлтан Бейбарс!.." деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған. Фильмнің дыбысын жазу сәтінде атақты режиссер Сергей Бондарчук: "Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның үнін жазудың өзі бір ғанибет қой!",-деп тамсанған екен деседі ғаламтордағы ашық дереккөздерде. Кіші жүздің Беріш руынан шыққан, қазақ сұлтанының өмірбаянымен күллі ұрпақ, күллі қазақ елі осы фильм арқылы танысқан еді. Ал кешіміздің басты кейіпкері Қайрат Сәки өзі жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде Бейбарыс Сұлтанға қатысты бұрын -соңды ел естімеген басқа да деректерді ашқан.
1999 жылы Мысырға жұмысқа бардым. Сол елде жүріп осы тақырыпқа терең бойлауға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, осы мәмлүктерге қатысты материалдарды жинап, 2000 жылы «Пирамида үстіндегі киіз үй» деген мақалам шықты. Сол жылы мақалам үлкейтіліп, бірінші кітабым да жарық көрді. Менің кітаптарымда Бейбарыс Сұлтанның есімі «Байбарыс» деп жазылған. Жалпы, «бей» сөзі қазақтарда «бейқам», «беймаза,» «беймәлім» сынды теріс мағынаны білдіретін сөздер болып келеді. Ал «бай» сөзі - көне түркі тілінде «бірінші» деген мағынаны береді екен. Әрі, сөздің басында қолданатын болған. Каир қаласында сұлтанның тірі кезінде салдырған мешіті бар. Дамаск қаласында мүрдесі қойылған зираты бар. Сондағы құлпытастардағы тақталарда да араб әліпбиінің өзіндік ерекшеліктерімен «Байбарыс» деп жазылған. Менің айтқан бұл сөзіме қосылғандар да болды, қарсы пікір білдіргендер де көптеп табылды. Дегенмен, нақты деректерге сүйенгендіктен сөзімді жақтап, немерелерінің атын «Бейбарыс» қойған таныстарымның «Байбарыс» деп қайта өзгертіп, куәліктерін түзетіп жатқандарына да куә болдым, - дейді зерттеуші ғалым Қ.Сәки.
Кеш барысында мәмлүктер тайпасының қазіргі қазақтарға ұқсас болып келетін іс-әрекеттері мен салт-дәстүрлері жайында да көп әңгіме қозғалды. Мысалы, олар бұрынғы кезде «ет жеп болған соң қолын аяқтарындағы мәсінің қонышына сүрткен», «жорықтарда Мысырдағы биік пирамидалардың басына киіз үй тіккен» деген секілді мұрағаттарда сақталған тың деректер баяндалды.
Елге белгілі зерттеушімен өткен кездесуде де қатысушылар тарапынан біраз сұрақтар қойылды. Тіпті, жастардың арасында зерттеу саласына қызығушылық танытып, бағыт-бағдар беруді сұрағандар да табылып жатты. Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, жазушы Қонаш Қалдыоразов пен ардагер журналист Нұрдәулет Ақназаров келген қонаққа «Қош келдің!» айтып, мәнді-мағыналы сауалдар жолдады. Сол арада кеш қонағы өзінің авторлық кітаптарын аудандық кітапханаға сыйға тартып, меңгерушісі Балзия Бегленоваға табыстап үлгерді.
Кездесу соңынан Қайрат Сәкидің Атырау өңіріне жасаған іссапарының басы-қасында жүрген Сәрсенбай Еңсегенов сөз сөйлеп, зерттеушімен таныстығы жөнінде баяндап берді.
-Ең алғаш бұл кісінің жазған кітаптарын оқып, таңғалдым. Қайраттың нақты дәлелдермен ғана сөйлейтіні, жазатыны маған ұнады. Содан соң өзім бұл кісіні іздеуге кірістім. Ұзақ уақыт таппай жүрдім. Біраз уақыттан соң ойда-жоқта ұлымен кездесіп қалдым. Зерттеушінің ұлы Президент әкімшілігіне қарасты емханада дәрігер болып қызмет атқарады екен. Ұлынан әкесінің электронды поштасын алып, хат алмасып тұрдық. Елге келгеннен кейін жүзбе-жүз жолықтық. Міне, бүгінде осы тұлғаның еңбегімен қазақ жастары таныссын, ата-бабаларының қандай ержүрек, батыр екенін білсін деген ниетпен сапарға шықтық. Жылыой - мен үшін қазақ мұнайының қара шаңырағы ғана емес, халқының кең пейілділігінің арқасында дамып отырған ерекше аудан. Сондықтан да алғашқы сапарымызды осы Жылыой жерінен бастап отырмыз, - деді Сәрсенбай Құрманұлы.
Тағылымға толы кездесуден қатысушылар ерекше әсер алып қайтты.

Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT