Аудан аумағының тазалығымен айналысатын «Эко қала ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрмыстық қалдықтарды шығаруға өтелетін төлемді қазіргі бағадан қымбаттатуды ұсынды. Бұл мәселе аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХІІ сессиясында қаралды. Яғни, көпқабатты ықшамаудандағы үйлерде тұратын әр тұрғын коммуналдық төлем үшін – 346 теңге, ал жер үйде тұратын жандар адам басына 536 теңгеден төлеуі тиіс екен. Сессияда депутаттар тариф бағасын бағамдамас бұрын, ең алдымен, тазалық мекемесінің осы уақытқа дейінгі жасап келген жұмысының сапасын талқылады.
БАСТАПҚЫ БАҒА
Сессияны мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев жүргізіп отырды. Оған аудан әкімі Ж.Қаражанов, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, бөлім және жауапты мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде «Жылыой ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» және «Жылыой ауданы мәслихат аппаратының құрылымын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 17 қазандағы №39-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қойылды. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Саян Баселов хабарлама жас ады.
С.Баселов аталған тарифтерді әзірлеу мақсатында «EcoCentre-Consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт жасасып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және көму жөніндегі жұмыстардың негізгі көрсеткіштерін анықтағанын атап өтті. Соған сәйкес тариф «Халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифті есептеу әдістемесіне» сәйкес әзірленгенін баяндады. Сөз соңында ұсынылған тарифтің мөлшері: жайлы үйде тұратын (корпус үй) 1 тұрғынға айына қосылатын құн салығынсыз – 346 теңге, жайлы емес, яғни жер үйде тұратын 1 тұрғынға айына қосылатын құн салығынсыз – 536 теңге мөлшерінде есептелгендігін хабарлады.
СЕГІЗ ТҰРҒЫННЫҢ БЕСЕУІ ҒАНА АҚЫ ТӨЛЕЙДІ
Жалпы осы уақытқа дейін «Эко қала» мекемесі тұрғындардың коммуналдық төлемді төлеуден «жалтару» үшін түрлі қитұрқы әрекетке баратынын айтып келген-ді. Тұрғындардың басым бөлігі үйіндегі адам санын толық беруден қашса, енді бір құлсарылықтар есігін тарс жауып алып, ашпайтын көрінеді. Сондықтан тазалықшылар аудан халқының жартысынан ғана ақы жинап келгенін айтады. Бірақ соған қарамастан, мекеме қаланың тазалығына жауапты болған соң, барлық жердегі қоқыстарды алып кетуге мәжбүр болуда. Әйтпесе «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» күйін кешеді халық. Осылайша 5 тұтынушының төлеген ақысына 8 тұрғынның үйінің қоқысын алып кетіп жүрген мекеме бұл қызметінен ешқандай пайда көре алмай отыр. Оның үстіне, жұмысшылары «алатын айлығымыз жасаған еңбегімізге тұрмайды» деп жұмыстан шығып кете береді. Амалсыздан, көрші Өзбекстан елінен келетін арзан жұмысшы күшін пайдалануға мәжбүр. Оған тұрғындар «Өзіміздің халық жұмыссыз отырғанда, қарақалпақ азаматтар неғып жүр?!» деп күңкілдейді екен.
Халық қоқысқа ақша төлемеген соң қазіргі тариф ақысына мекеме не жаңа техника да ала алмай, не жұмысшыларының еңбекақысын төлей алмай әбден әбігерге түскен. Егер тариф көтерілмесе, онда мекемені жабуға мәжбүр болатынын мәлім етті басшылары. Міне, осыдан кейінгі қаланың тазалығын көз алдыңызға елестете беріңіз!
Өзге коммуналдық мекемелер тәрізді «Эко қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы әрбір үй тұрғындарының нақты санын ала алмай отыр. «Бұл мәселені шешуге кім көмектеседі?» - деп әкімдікке бір қарайды, халыққа қызмет көрсету орталығына бір жалтақтайды. Негізінде, әркім «өз қотырын өзі қаситын» заманда бұл проблеманы тазалыққа жауапты мекеменің өзі шешуі тиіс. Бірақ, түптеп келгенде, олардың дәрменсіздік танытып отырғанына депутаттардың «қарны ашып» отыр. Тұрғындарды түгендеп, толық ақы төлетуге жұмылдыра алмай отырған «Таза қала» ЖШС осылайша тариф бағасын көтеру арқылы тығырықтан шығуға бел буыпты. Және бұл мәселені мәслихат сессиясында халық қалаулыларынан бекітіп беруді сұрады.
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Сессия үстінде С.Баселовтың жоғарыда ұсынған жаңа тарифіне халық қалаулылары бірден қарсы шықты. Сондықтан есептелген бағаны түсіру үшін мәселені ұзақ талқыға салды. Мәселен, депутат Аманбек Мұқанов осы уақытқа дейін тазалықпен айналысып жүрген мекеменің жұмысына көңілі толмайтынын жасырмады. Ол, ең аяғы, қаланың орталығымен ағып жатқан Құрсай өзегінің қамысын шауып, тазарту мәселесі жылда «жыр» болатынын, ал қала ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың бетіндегі қалың қардың қыс бойына аршылмайтынын ашына айтты. Аудан әкімі Ж.Қаражановқа техникалары әбден ескірген мекемеге демеушілік көздері арқылы жаңасын алып беру туралы ұсынысын жеткізді. Ал, Сәуле Мамбетова тазалық жұмысын үйлестіре алмай отырған серіктестіктің өзіне шүйлікті. Бұған дейін тазалық пен тариф туралы бірнеше отырыс өткенін, онда мекеме басшыларынан әр үйдегі тұрғын санын нақты шығарып, ең болмаса, аудан халқының 80-90 пайызынан коммуналдық төлемді өндіруге жұмыстану керектігін тапсырған-ды. Бірақ айналып келгенде, мәселе «баяғы жартас, сол жартас» күйінде шешімін таппағанына ренжіген депутат тариф бойынша нақты шешім қабылдауға қарсы екенін ашық айтты. Сәуле Тұрдығалиқызының сөзін халық қалаулыларының басым бөлігі қолдады.
ДЕПУТАТТАР ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛДЫ
Сессияда айтылған мәселені мұқият тыңдаған аудан әкімі Жұмабек Қаражанов депутаттарды мәселеге біржақты қарамауға шақырды. Ол өзінің де қазіргі тазалық мекемесінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, бірақ тарифті көтеру арқылы тағы бір мүмкіндік берейік деген ұсынысын жеткізді. Бұл ретте сол мүмкіндікті тазалықшылар дұрыс пайдалануы керектігін де баса айтты. Егер тариф өссе және сол төлемақыны әр жанұя уақытында төлеп тұрса, серіктестік ешқандай да шығынға бат- пайтынын түсіндірді. Тіпті халықтан түсетін қаржыға техникасын да демеушілік көмексіз жаңартып, жұмысшыларын көбейтуге жол ашылмақ.
Аудан басшысы сессияда тазалық мекемесі басшысына әр тұрғынның үйіне барып, нақты санын алып, қоқыс үшін уақытында төлем жинап, жақын уақытта жұмысты жандандыруға тапсырма берді. Ж.Қаражанов мәселені осымен ғана жылы жауып қоймайтынын, алдағы уақытта тазалық мекемесін құрғысы келетін азаматтарды тартып, оларға көмектесуге ықпал ететінін жеткізді. Егер «мен өз учаскемнің тазалығын мойныма аламын» дейтін жылыойлықтар болса, олармен жұмыс жасауға дайын екендігін қаперге берді. Өйткені, бәсеке бар жерде жұмыс қызады, ал қызмет көрсету жақсы жүрсе, сапа болатынына сенім білдірді. Сөз соңында барлық қызмет көрсету бағамы қымбаттап жатқан кезде қоқыс тарифінің бағасын өсіру де – заңдылық болатынын ескертіп, нақты шешім қабылдауды депутаттардың еншісіне қалдырды.
Депутаттар корпусы халықтың қазіргі әл-ауқатына қарай тариф бағасын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы шығарып берген бағадан сәл төмендетуді талап етіп, ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 50 пайыз жеңілдік жасау керек деген ұсынысын жеткізді. Бұл ұсынысты тазалық мекемесі де қолдады.
Талқылап, қорытындылай келе, жайлы үйде тұратын (корпус үй) 1 тұрғынға айына қосылатын құн салығынсыз – 337 теңге, жайлы емес, яғни жер үйде тұратын әр тұрғынға айына қосылатын құн салығынсыз 356 теңге мөлшерінде тариф бағасын қою жөнінде шешім қабылданды.
Перизат ҚИЗАТОВА