Құлсарыда жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, бос уақытын көңілді өткізуге бағытталған «Bekbatyr Cup» Quiz ойындары өтті. Аға буын өкілдері де белсенді қатысып, білімдерін сарапқа салды. Бірнеше сағатқа созылған шара барысында тартысты ойын мен қызықты сұрақтардың куәсі болдық. Ауданымызға белгілі «Кең Жылой» газетінің тілшілерінен құралған «Төртінші билік» командасы мен кәсіпкер Күләш Машенованың ұйымдастыруымен Бекбатыр Ильясовты еске алуға арналған интеллектуалдық куиз ойынынан ашық турнир өтті. 11 команданың басын қосқан сайысқа жаңа топтар қосылып, жастар демалысын қызықты өткізді.
Ұйымшылдық пен жылдамдықты іске қосып, білімді сарапқа салатын куиз ойындарының негізгі мақсаты – қоғамдағы достық қарым-қатынасты нығайтып, қатысушылардың ой-өрісін дамыту және бос уақытты тиімді өткізіп, күйбең тіршіліктен бір сәт демалу. Жастар арасындағы бұл ойын 1975 жылдардан бастап танымалдылыққа ие. Ал елімізде қазақша куиз 2020 жылдан бастап жиі өткізіліп жүр және сұраныс та жоғары. Оған Атырау қаласында өтіп, Қазақстан рекордтар кітабына енген 1000 адам қатысқан куиз ойыны – дәлел. Бүгінде мұндай сайыстар ауданымызда да жиі ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ, қатысып жүрген командалар арасынан куиздің жалғасын тапқанын қалап, өз ауылында өткізген жігіттер де бар. Аталмыш ойын басында қатысушылардың ұялы телефон, гаджеттері жиналып алынып, турнир 6 кезеңнен тұрды. Алғашқы «Оңай», «Суретті сұрақтар», «Күрделі сұрақтар» кезеңінен кейін үзіліс болып, қатысушылар жеке кәсіпкер Күләш Машенованың жайған ақ дастарханынан дәм татып, жүрек жалғап алды. Одан кейін ойыншылар «3 ұпайлы сұрақтар», «Медиа сұрақтар», «Тәуекел» кезеңдері бойынша бақ сынады. Әр сұраққа 1 минут уақыт пен дұрыс жауапқа 1 ұпай беріліп, кейбір кезеңде командалар бәс тігу арқылы бірден 2 ұпайды жинауға мүмкіндік алды.
Ойынға жас жағынан шектеу қойылмай, «Өзіміз ғой», «J-IQ», «Толтыр», «Интеллигенттер», «Қосшағыл», «8 сағат», «Zhastar» «Quiz әлемінің серкелері», «КГТК жастары», «Дос» және «Ya3» командалары қатысты. Тартысқа толы ойында осыған дейін де ой ұшқырлығымен көзге түсіп жүрген майкөмгендік жастардан құралған «Өзіміз ғой» командасы 1 орынды иеленіп, «J-IQ» командасы 2 орынға жайғасты. Сондай-ақ ойынға алғаш рет қатысып, бірден нәтиже көрсеткен жігіттерден құралған «Қосшағыл» командасы 3 орынды қанжығалады.
Қызықты сайыс соңында ұйымдастырушылар ойынға демеушілік көрсетіп, жастар арасындағы ойындарды бірауыздан қолдап, жанашырлық танытып жүрген Күләш Машеноваға Алғыс хат табыстап, үздік үштікке қаржылай сыйлықтар үлестірді. Және барша қатысушылар дипломмен марапатталды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ