Талаптыға нұр жауар

«Талаптан» қоғамдық бірлестігі «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2023 жылға арналған әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына «Жас кәсіпкер, жалында» жобасымен қатысып, жеңімпаз деп танылды және де соған сәйкес қаржылай қолдауға ие болды.

Осы жобаны таңдауға итермелеген басты себеп: біздің ауылда кәсіппен айналысатын адамның өте аз болуы және де бұрын жеке кәсіпкерлікпен шұғылданған азаматтардың үштен екісінің ісі ілгері баспай, жұмысының тоқтап қалғандығы еді. Сондықтан да ауыл тұрғындарының кәсіпкер болуға деген құлшынысы жоғалып кетті, ал белгілі бір кәсіпті меңгергісі келген жанның ол жөніндегі білімі жеткіліксіз болып шығады.

Жем өзенінің жағасында отырсақ та ауыл тұрғындарының бау-бақша салып, егіншілікпен айналысуға құлқы жоқ. Неге? Бұл мәселе де біздің болашақ идеямызға қозғау салды. Сөйтіп біз жұмысымызды, ең алдымен, биылғы ақпан айында жобаға қатысатын 16 мен 29 жас аралығындағы ауыл жастарын анықтап, бенефициарларды жинақтаудан бастадық. Осылайша тобымызға 20 мүше қабылдадық. Оның жартысы мектептің жоғарғы сынып оқушылары болса, қалғаны ауыл жастарынан құралды. Наурыз, сәуір, мамыр айларында осы топ мүшелері арнайы кәсіпкерлік курсынан өтті. Курс барысында кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, жан-жақты білім алды.

Қазір дүние жүзінде тамшылатып суару әдісімен егін салу кең дамыған. Біз мамыр айында ауылымызда алғаш рет осы тәсілмен бақша салуды қолға алып, кәсіпті бастадық. Тамшылатып суарудың қондырғыларын түгелдей ТШО-ның бөлген қаражатына сатып алдық. Бақшаны күтіп-баптау жұмыстарын жобаға қатысушы біздің топ мүшелеріне арнайы агроном маман үйретті. Нәтижесінде олардың әрқайсысы өзіне бөлініп берілген 10 сотық жерге егілген бау-бақша дақылдарын күтіп-баптап, маңдай терін сарп етті. Шыққан өнімнің жемісін өздері тұтынып, игілігін көрді. Бұған ауыл жастарының ата-аналары да дән риза болды.

Бүгінде «Осы жоба жалғасын таба ма?»- деп сұраушылар да аз емес. Жобаның нәтижесі осылай көрінді. Әзірге 6 бенефициар болашақта жеке кәсіппен айналысатынын айтып, өздеріне нық сенімді болып отыр. Сондықтан біздің ауылымыз үшін маңызды жарқын жобамызды қолдап, қаржылай көмек көрсеткен ТШО компаниясына ақкиізтоғайлықтар атынан үлкен алғысымызды білдіреміз.

Аманкелді ҚАРАСАЕВ, «Талаптан» ҚБ жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT