Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегінде «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы жасалатын жұмыстардың бағыт-бағдарын айқындап, еліміздің әр өңіріндегі аудан, ауылдық округ пен кент әкімдеріне жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық өсуі мен даму қорытындыларын жиі бақылап, халықпен тығыз байланыс орнатуды тапсырды.
Мұнай өндіру азайып, құрылыс қарқыны бәсеңсіген
Осы орайда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудандық мәслихаттың кезекті ХХХ сессиясында «Жылыой ауданының 2024 жылғы әлеуметтік – экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы» баяндама жасап, халық қалаулылары алдында есеп берді. Сессияға мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, депутаттар, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары ауыл әкімдері қатысып, өзекті мәселелер талқыға түсті.
Атырау аймағындағы халық саны мен потенциалы жағынан Атырау қаласынан кейінгі ірі өңір саналатын ауданның өткені мен бүгінін сарапқа салған аудан басшысы:
- 2025 жылдың 1 қаңтарының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына сәйкес ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі – 9087,9 млрд. теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда өндірілген өнімнің 3,7 пайызға кемігенін көрсетеді. Нақтыласақ, 2023 жылы мұнай 31,5 млн.тонна өндірілсе, өткен жылы 30,5 млн.тонна өнім алынды. Сол секілді 2023 жылы – 16,2 млрд.текше метр газ, ал есепті жылда 15,0 млрд.текше метр көгілдір отын өндірілді. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр мүйізді ірі қара мал басы – 19 934 басты, қой мен ешкі – 93 285 бас, жылқы – 20 998, түйе 11 478 басты құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда мал санының едәуір өскенін көрсетеді. Ал ет өнімі 2367,8 тоннаны құрап, сүт 2368,2 тоннаға жетті. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі 43 рет өткізілді. Қазіргі таңда аудандағы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Өңірде биыл құрылыс қарқынды жүргенімен, бұрынғы жылдардағыдай көрсеткіштен айырылып қалдық. Оған себеп те жоқ емес. Өткен жылғы аудандағы табиғи апат салдарынан аудандық құрылыс бөліміне айтарлықтай салмақ түсіп, негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі биыл 1129,2 млрд.теңгені құрады. Бұл есеп 2023 жылы 2001,1 млрд теңге болған еді. Соған сәйкес өңірдегі құрылыс жұмыстарының көлемі 515,2 млрд.теңгеге шақталды. Есепті жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол сан 396,7 млрд.теңгеге азайған. Одан бөлек былтыр 80 882 шаршы метр тұрғын үй, ал 2023 жылы 106 074 шаршы метр баспана халық игілігіне берілген еді.
Аудан бюджеті бойынша жергілікті бюджетке 213 077,3 млн.теңге кірістер бөлігі жоспарланып, нақты 217 187,5 млн.теңгеге, жоспар 101,9% орындалды. Шығыс бөлігінде 220 687,7 млн.теңге жоспарланып, нақты орындалысы 218 891,5 млн.теңге, 99,2% жетті.
Кәсіпкерлік қызмет – 96,7 пайыз
Кәсіпкерлік бағытында мемлекеттік қаржылық немесе қаржылық емес қолдаулар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе мемлекеттік қолдаудың талаптарына сәйкес несиенің пайыздық мөлшерлемесімен субсидия, шағын несие, несиені ішінара кепілдендіру сияқты қызмет түрі мен мемлекеттік гранттар алу мүмкіндіктері де бар. Жиын барысында ол да сөз болып, 2025 жылдың есебіне сәйкес ауданда 269 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы субсидия, кепілдендіру, грант, сондай-ақ несиелер алып, өз бизнестерін ашуға мүмкіндік алып отырғанын білдік. Аудан басшысының баяндамасынан өңірде биылғы есеппен 6719 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін, бірақ 6495-інің ғана жұмыс істеп тұрғаны айтылды. Бұл жөнінде әкім өз есебінде тарқатып айтты:
- Биыл жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік саны тіркелген субъектілер санына қарағанда 96,7% құрап отыр. Жыл басынан бері 248 адамға мемлекеттік қолдау бағдарламаларына түсінік берілсе, 174 адам онлайн режимде кәсіпкерлік негізде дәріс алды. Бұдан басқа ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл Аманаты» жобасы бар екенін жақсы білесіздер. 2024 жылы бұл жобаға 25 адам 200 млн.теңге көлеміндегі несиеге өтінім берді. Алайда 2024 жылы оларға облыс тарапынан қаражат бөлінген жоқ. 2023-2024 жылдары «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Жарқыра» Евразиялық қоры арқылы 44 адам 1,5-4,5 млн. теңге аралығында қаржылай қолдау тауып, өз бизнестерін бастауға мүмкіндік алды,-деді өз сөзінде аудан басшысы.
«Жайлы мектеп» құрылысы: жайбасарлықты көтермейді
Әрмен қарай аудан әкімі Жұмабек Қаражанов биылғы 2025 жылы жалғасын табатын құрылыс жұмыстарын тізіп шықты. Онда аудан орталығы Құлсары қаласының тұрғындары мен шалғай ауылдардағы жұртшылықтың көкейінде жүрген көп мәселелерге жауап алдық. Олар: соңғы уақытта құрылысы сағызша созылып кеткен сақалды құрылыс нысандары мен жергілікті халыққа аса қажетті жарық, ауыз су, электр желілері сынды өзекті мәселелер де тасада қалмады.
Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың есебін тыңдаған депутаттар өздерінің көкейде жүрген көп сауалдарын бүгіп қалмады. Олардың бірі – Сәуле Мәмбетова. Аудан орталығы Құлсары қаласының ішіндегі жол құрылысын сынға алған ол:
- Жолдың 4-ші кезеңі биыл аяқтала ма? Оның үстіне осы кезеңге іліге алмай қалған көшелер көп. Олар солай тасада қалып кете бере ме деп алаңдаймын. Бұл жөнінде бөлім басшыларына да депутаттық сауал жолдадым. Бірде-біреуінен жауап ала алмадым. Сол сияқты көше жарығы бойынша «күтесіз, жасап қаламыз» дегеннен басқа нақты жауап жоқ. Мұндай жауаптың қарапайым халыққа қажеті жоқ. Депутаттар сұраса, өзі үшін емес, өзінің артындағы сабылған халық үшін сұрайды. Сол үшін ең болмаса, сіз, нақты жауап берсеңіз екен. Одан бөлек жаз мезгілінің төбесі көрінді. Жаз келсе қара суға жарымайтынымыз рас қой. Бұл жылда қайталанатын көрініс. Осы мәселені шешу үшін су қазандықтарын неге салмасқа? Бір сөзіңізде өзіңіз де осыны айтқансыз, алайда нәтиже көріп жатқан жоқпыз. «Жайлы мектеп» құрылысының жағдайы көңіл көншітпейді. Ол маңдағы тұрғын үйлер заманнан қалып қойған тәрізді. Не көше жоқ, не жарық жоқ, не балабақша жоқ, қала берді күтіп жүрген мектебінің түрі анау. Білім-инновациялық лицейінің тағдыры ше? Оның құрылысы жөнінде бірауыз айтпайсыздар, оның жанынан өзге ауылдардан келетін балаларға жатақхана салына ма? Жалпы есеп бойынша ауданға әлі де 120 аялдама қажет екен. Ол қашан салынады, жобасы жасақталды ма? Міне, менің өзімде осындай сауалдар жетіп артылады. Ал халықтың сізге айта алмай, жеткізе алмай жүрген мәселесі қаншама?-деді ашынған халық қалаулысы аудан әкіміне қарата. Ал бұл мәселелер бойынша Жұмабек Байрақбайұлы:
- 120 аялдама салу керек деп кім айтқанын білмеймін, бірақ бізде биыл оған жоспар жоқ. Оның үстіне аялдама құрылысына жоба жасақталмайды. Ал лицей мәселесіне келетін болсақ, иә, ол ғимараттың жобасын жасап берген біз. Қазір құрылысы жалғасып жатыр. Демек ол білім ордасының болашағы бар деген сөз. Жол мәселесін қозғадыңыз. Егер көшеде қарама-қарсы келіп қалған екі көлік сиятындай кеңістік болса, ол жерге тас жол міндетті түрде төселеді. Ал көше тар болып, тек бір ғана көлік өте алса, онда бірден айтайын, мен ондай жерлерге жол салғызбаймын. 4-ші кезеңіне іліге алмай қалған көшелер шынымен бар болса, сіз маған нақты қандай көшелер екенін айтыңыз,-деді қысқа да нұсқа жауабын беріп.
Кезекті мәслихат сессиясы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттерін айқындаған маңызды жиын болды. Аудан әкімінің баяндамасына сәйкес 2024 жылғы жетістіктер мен шешімін таппаған түйткілдер сараланып, 2025 жылға арналған нақты жоспарлар ұсынылды. Бұл тұста депутаттар да жол, жарық, ауыз су, мектеп және аялдама сынды өзекті мәселелерді көтеріп, атқарушы билікке қарапайым халықпен әлі де тығыз байланыс орнату қажет екендігін жасырмады.
Сессияда күн тәртібіне сәйкес өзге де мәселелер қаралып, халық қалаулыларының қолдауымен тиісті шешімдер қабылданды.
Д.ДЕРБІС