Таланттарды танытқан байқау

Өткен аптада Жылыой ауданы филиалы «Мүгедектер қоғамы» бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, жасөспірімдер арасында байқау болып өтті. Ерекше балалар арасынан таланттарды тануды мақсат тұтқан «Арманы биік жас талант» деп аталатын байқау «Кең Жылыой» аудандық мәдениет үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Ерекше балалардың өнерін паш ететін концерттік байқауды тамашалауға келген тұрғындар саны да көп болды. Бұл, әрине қуантарлық жайт. Байқау басталмас бұрын, көремендер сахнада орналасқан Лед экраннан «Мүгедектер қоғамы» бірлестігінің құрылу тарихы туралы сыр шертетін бейнероликті тамашалады.

Талпынысы терең ерекше жандардан құралған «Мүгедектер қоғамы» бірлестігінің ауданымыздағы филиалы 1997 жылдың 17 наурызында құрылған болатын. Сол межеден бері қоғамда көптеген жұмыстар атқарылды. Соның алғашқысы 2015 жылы Атырау қаласының Мүгедектер спорт-клубының шақыртуымен үстел теннисі жарысынан бастау алып, бүгінде жалғасын тауып келеді. Сол жарысқа ауданымыздан Амангелді Мыңжасаров, Медет Әбен, Ерлан Дүйсекенов, Қайрат Еңсепов және Асылым Елубаевалар қатысып, жүлдемен оралды. 2018 жылы «Мүгедектер қоғамының» ауданымыздағы филиалының төрағасы болып Амангелді Мыңжасаров тағайындалды. Сол жылдан бастап қоғамда спорт, мәдениет және қол өнері дамыды. Амангелді Мыңжасаровтың басқаруымен ауданда мүмкіндігі шектеулі жандар үстел теннисі, дойбы, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, мылтық ату сынды спорт түрлерімен шұғылданып, мәдени шараларға қатысып, уақытын тиімді өткізуде. Сондықтан да, олар өмірге деген құштарлығының арқасында биік белестерді бағындырып, мүмкіндіктің шектеусіз екендігін дәлелдеуде!

Байқауға аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров, мәслихат хатшысы С.Таласов, аталған шараның бас демеушісі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Ғибатолла Шанаев және т.б мекеме басшылары қатысты. Сахна төріне салтанатты шараны ашу үшін және «Мүгедектер қоғамы» бірлестігінің ардагерлерін, спортшыларын, қолөнер шеберлерін марапаттау үшін аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров шақырылды. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров өз кезегінде:

-Құрметті ерекше жандар және қоғамдық бірлестіктің мүшелері сіздерді «Мүгедектер қоғамы» бірлестігінің ауданымыздағы филиалына 25 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Тағдырдың қатал сынына ұшырап, өмірдің қиындығын арқалап келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету - біздің басты мақсатымыз. Тиісінше аудан әкімдігінің тарапынан демеушілік көмек көрсетіп жатқан «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру мекемесіне алғысымды білдіремін,- деді.

Бұдан кейін Әнуар Играшинұлы ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, салауатты өмірді насихаттауға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысып келе жатқан ерекше жандарды Алғысхатпен марапаттады.
Құттықтау сөз кезегін алған аудандық мәслихат хатшысы С.Таласов та өз кезегінде қоғамдық бірлестіктің мүшелерін құттықтап, атқарып жүрген еңбектеріне жеміс тілеп, бірқатар қоғам мүшелеріне алғысхат табыстады. Сондай-ақ, кешке Атырау облыстық қоғам бірлестігінің төрайымы Тыныштық Победақызы да келіп, ауданымыздағы «Мүгедектер қоғамы» төрағасы Амангелді Мыңжасаров пен оның мүшелерін қажымас қайрат, денсаулық тілеп, республикалық, облыстық филиал атынан құттықтау-хатымен марапаттады.

Байқауда мың бұралған бишілер би билеп, өнерпаздар ән шырқады. Кеш жүргізушілері әділқазылар алқасын таныстырды. Олар: «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, айтыскер ақын Сырымбек Сәрсембаев, «Кең Жылыой» мәдениет үйінің халық шығармашылығы бөлімінің әдіскері Жайна Нұрханова және вокалды үйірмесінің жектекшісі Рита Сәмендирова сынды өнер иелерінен құрылған сөз бен өнер иелері сахнаға шыққан балғын таланттарға төрелік етті. Байқауға 10-20 жас аралығындағы сайыскерлер қатысты. Атап айтсақ: Інжу Мүсілім – №2 орта мектептің 4-сынып оқушысы, Милат Ыбрай – №16 мектептің 4-сыныбы, Жұмахан Мұратұлы – №21 мектептің 3-сыныбы, Ермұхан Елеусінов – №9 орта мектептің 9-сынып оқушысы, Рысгүл Орысбаева – Т.Байсейітов атындағы колледждің 2-курс студенті, Нұржан Махамбет – №6 мектептің 10-сыныбы, Бақдәулет Алпысұлы – №1 мектептің 6-сынып оқушысы ретінде бақ сынады. Сайысқа қатысушылар үш кезеңде сынға түсті. Бірінші кезеңде – өзін-өзі таныстырып, екінші кезеңін – өз өнерін көрсетуден сынға түссе, үшінші кезеңінде жергілікті ақын Қаржау Оразбаевтың өлеңдерінің біреуін жатқа оқуы керек болды.

Бірінші кезеңде қатысушылар жақсы дайындықпен келгендіктерін көрсетіп, өзін-өзі таныстыруда бір-бірінен асып кетпесе кем түспеді. Екінші кезеңде де жасөспірімдер бар өнерлерін ортаға салып, көрермендердің көңілінен шығып жатты. Үшінші кезеңде жергілікті ақын Қаржау Оразбаевтың сыр мен мұңға толы өлеңдерін үлкен тебіреніс үстінде оқыды.

Кеш соңында, ақын Сырымбек Сәрсембаев бастаған қазылар алқасы сайысқа қатысқан талантты жасөспірімдерді марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша III орынды – Бақдәулет Алпысұлы, II орын иегері – Рысгүл Орысбаева, I орынды – Милат Ыбырай жеңіп алды. Жүлдегерге 100 мың теңге байрақ табысталды. Ал, бас жүлдені Нұржан Махамбет есімді өнерпаз қанжығасына байлады. Ол 150 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Өзге өнерпаздар да марапатсыз қалған жоқ. Жақсы өнерімен көзге түскен жандарға ынталандыру сыйлықтары берілді. Сайыстың демеушісі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы атынан барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Қазылар алқасының төрағасы, ақын Сырымбек Сәрсембаев байқауды қорытындылап, барлық қатысушы ерекше балалар мен олардың ата-аналарына, қоғам мүшелеріне алғыс сезімін білдірді.

Кеш соңында, «Атамекен» әні шырқалып, оған көрермендер қосылып, жақсы ілтипатпен тарқасты. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, оларға демеушілік жасап жүрген жандар мен мекеме басшыларына алғысын білдіріп, байқаудан жақсы әсермен оралды.

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT