Тақтайдай тегіс жол тұрғындар игілігіне

Өткен жылды қорытындылап, жаңа жылдың жоспарымен таныстырған жиын аудандық әкімдік ғимаратында болды. Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың төрағалымен өткен мәжіліске қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Спикерлер аудан басшысы назарына 2025 жылы жүзеге асырылатын жобаларды ұсынды.

Алғаш болып сөз алғандардың бірі аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов:

- 2024 жылы аудан көлеміндегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 625,7 шақырымды құрайды. Соның бүгінгі күнге жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағысы 350,3 (56%) шақырымды құрайды. Өткен жылы аудан бойынша жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аудан аумағында 841 дана «Сергек» бейнекамералары орнатылды. Құлсары қаласында 24 әлеуметтік нысан алдына автотұрақ салу мақсатында 10 автотұрақ құрылысы аяқталып, 7 автотұрақ құрылысы жүргізіліп, қалған 7 автотұрақ бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.

Ал, автомобиль жолдарын қалпына келтіру бойынша "Құлсары қалаішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу" жобасы аясында қаламыздың 8 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Автомобиль жолдары құрылысы бойынша Құлсары қаласындағы автомобиль жолдарының қайта жаңғырту (3-кезең), Болашақ ш/а кварталішілік автомобиль жолын тротуармен бірге салу, елді мекендердің ауылішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту 1-кезең (Шоқпартоғай 3,3; Тұрғызба 3,4; Ақкиізтоғай 5; Майкөмген 4,7; Қосшағыл 2,5 шақырым) жобаларын іске асыру арқылы, 2024 жылы аудан көлеміндегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайы 303,5 (48,5%) шақырымнан 350,3 шақырымға (56%) дейін өсті.

2025-2026 жылдары Құлсары қаласы бойынша Болашақ ықшам ауданына автокөлік жолын тротуармен бірге салу (63,9 шақырым), Құлсары қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту 4-кезең (75 шақырым), Атырау ықшам ауданында автокөлік жолын тротуармен бірге салу жобалары, елді мекен автокөлік жолдарының 2 кезеңдері және Жаңа Қаратон кентіне жаңадан инфрақұрылым жүргізілген 2-6 квартал жолын тротуармен бірге салу жобалары іске асыру арқылы аудан көлеміндегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайын 625,7 шақырымға (100 %) жеткізу жоспарланып отыр,-деді өзінің баяндамасында. Ал, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Дархан Сәдуов:

- Кешенді даму жоспарына сәйкес бөлім тарапынан қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттама дайындалды. Оның ішінде Шоқпартоғай ауылына жаңадан жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жерлерге ауыз су желілерінің құрылысына жоба жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба аясында жалпы қуаттылығы тәулігіне 267,70 м3 болатын ұзындығы 16,106 шақырымды құрайтын ауыз су желісін орнату көзделіп отыр. Аталған аймаққа электр желілерінің құрылысына да сметалық құжаттама жасақталды. Шоқпартоғай ауылына жаңадан берілетін жер учаскелеріне ұзындығы 12,362 шақырымды құрайтын газ желісін жүргізу жоспарлануда.

Дәл осындай жоба аясында Тұрғызба ауылдық округіне 170 жаңа тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскесіне ауыз су желісі, электр жүйесі мен газ жүргізу жоспарлануда. Құлсары қаласы Болашақ-2 ықшам ауданына инфрақұрылым жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттама жасақтау көзделген. Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлініп, жобалаушыны анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыруға алғашқы дереккөздер жинақталуда.

Құлсары қаласы «Мұрагер», «Атырау» ықшам аудандарына және Жаңа Қаратон кентіне жаңадан берілетін жеке тұрғын үйлерге кәріз желілерінің құрылысына сметалық құжаттама жасақталуда. Ағымдағы жылдың шілде айына дейін қаламыздағы Газпром ықшам ауданына су айдау станциясын реконструкциялау жоспарлануда. Құлсары қаласының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша да сметалық құжаттар жасақталуда,-деді өз сөзінде.

Басқа да спикерлер баяндамаларын оқып, аудан көлеміндегі жасалғалы отырған жұмыстарды аудан басшысы Жұмабек Байрақбайұлына жеткізді. Бірақ, жоғарыдағы екі бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, ауданымызда тасқыннан зардап шеккен инфрақұрылым толықтай жаңғырып, халық игілігі үшін жағдай жасалмақ. Тақтайдай тегіс жол салынып, ауыз судың да мәселесі шешілмек. Себебі, өткен жылы аудан тұрғындары сарғыш судан мезі болған еді. Сонымен қатар, Қарағай елді мекеніне подстанция салу да жоспарда бар. Бұл туралы Дархан Сәдуов өз сөзінде келтірген болатын. Мәжілісте одан бөлек ауылдық округтердегі инфрақұрылымды дамыту, әкімшілік ғимаратын, мектеп, балабақша, мәдениет үйін, мектеп аулаларына спорт алаңдарының құрылысын салу, елді мекендерді абаттандыру, автотұрақ құрылысын, Құлсары қаласына мәдени-демалыс орталығын, архив ғимаратын, спорт залын, өрт сөндіру депо құрылысын салуды жоспарлау айтылды.

Шыны керек, соңғы жылдары аудандағы инфрақұрылым қарқынды дамуда. Асфальтпен жүрмек түгілі, не екенін ұмытқан кей ауылдық округтердің өзіне де тасжол төселді. Алдағы уақытта аудан толықтай асфальтпен қамтылады деген сенім мол. Тек көктемгі су тасқыны жұмыс қарқынын біраз тежеп қана қоймай, осыған дейін жасалған инфрақұрылымның күл-талқанын шығарды десек те болады. Себебі, қаламыздағы кей шағын аудандар күздің күңіренген түндерін жылусыз өткізді. Алайда, бүгінгі күні барлығы да өз орнына келіп, қара шаңырақтағы қазан жағылып, сары баланың жүзіне күлкі үйірілді. Егер жергілікті басқару органдары жасампаз жобалар жасақтап, аудан тұрғындары да игі істерге атсалысса, Құлсарымыздың көркі көз тартары анық.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT