Былтыр көктемгі су тасқынынан кейін қалпына келтірілген Құлсары қаласында көптеген жұмыстар жүзеге асырылды. Соның бірі – жол құрылысы еді. Бүгінде бүлінген жолдар толықтай қайта төселіп, қаланың өзге көшелеріндегі тас жолдар да күрделі жөндеуден өтті. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, басталған іс аяқсыз қалмайды, биыл да жасалған жоспарлар жетерлік. Айталық, үстіміздегі жылы Құлсары қаласындағы автомобиль жолдарын қайта жаңғыртудың 4-кезеңі қолға алынады. Бұл жұмыстар, нақтырақ айтқанда, алдағы көктемнен басталады деп күтілуде. Жоба шеңберінде Құлсары қаласының 257 көшесіне жалпы ұзындығы 76 шақырым автомобиль жолдарын салу жоспарланған.
Бұдан басқа, Құлсары қаласының орталығындағы Ұ.Абдрахманов көшесінің бойында орналасқан автомобиль көпірін жөндеу де жоспарда бар. Бұл мақсатта өткен жылдың аяғында жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Көпірдің ұзындығы 24,9 метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың ІІ тоқсанында басталады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғыз мұнымен шектеліп қалмақ емес. Нақтырақ айтқанда, Құлсары қаласының Ы.Алтынсарин, М.Таңқыбаев, М.Кенғанов, №88, Нарынбай батыр мен Ш.Ізбасов көшелеріндегі жалпы ұзындығы 6 шақырымға созылған тас жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатта техникалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
- Жалпы аудандағы 22 әлеуметтік нысан алдына автотұрақ салу үшін жоба жасақталған-ды. Өткен жылы 16 автотұрақтың құрылыс жұмыстары басталып, қазіргі таңда 9 автотұрақтың құрылысы аяқталды. Биылғы жылы қалған 6 әлеуметтік нысан алдына салынатын автотұрақ жұмыстары 2025 жылдың аяғына дейін аяқталады,-дейді аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов. Мұндай жұмыстар тек қалада ғана емес, аудандағы елді мекендерде де жүзеге аспақшы.
Айталық, биыл аудан орталығы мен Тұрғызба аралығындағы және Құлсары қаласының Нұрманов пен Сариев көшелерін жалғайтын автомобиль көпіріне үдеткіш және тежеу жолақтарын салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары жүргізілетін жолдың жалпы ұзындығы 1040 метрді құрайды. Бөлім басшысының айтуынша, Құлсары қаласынан шалғайда орналасқан Ақмешіт тарихи-мәдени туристік орнына да автомобиль жолы салынатын болады. Оның жалпы ұзындығы - 34,8 шақырым. Техникалық шарттарға сәйкес ол IV санатқа жатады. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың көктемінде бастау алады.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ