Тақтайдай тегіс тас жол, темірдей мықты көпір керек

Соңғы жылдары аудан көлемінде көптеген жоспарлы жұмыстар жүзеге асып жатыр. Соның бірі - өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы қолға алынған іс-шаралар. Қазіргі таңда бұл саладағы құрылыстар, әсіресе Құлсары қаласының ішінде қарқын алған. Нақтырақ айтқанда, қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғыртудың төртінші кезеңінде аудан орталығының көптеген көшелері ескі асфальттан арылып, тақтайдай тегіс тас жолдармен жаңартылуда. Жалпы жоба аясында ұзындығы 76 шақырым болатын 256 көше жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр.

Бұл аудан тарихындағы ең ірі жол жобаларының бірі десек те болады. Себебі құрылыс жұмыстарына 200-ге жуық жұмысшы мен механизатор мамандары тартылған. Үдерісті үдете түсу үшін құрылыс алаңына 40 жүк көлігі, 3 тас жол төсегіш, 10 экскаватор, 14 тиегіш, 15 жол тығыздағыш, 6 грейдер, 5 су тасымалдағыш техника мен өзге де қажетті арнаулы ауыр техника жұмылдырылған.

Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітовтің айтуынша, барлық техника толық күшінде жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарының сапасы мен межелі мерзімі жіті бақылауға алынған. Бұл жөнінде бөлім басшысының өзі:

- Қалаішілік көше жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары келесі жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде жұмысшылар жобаны уақытылы аяқтау үшін білек сыбана кірісіп кетті. Әрине, бұл – өңіріміз үшін оң өзгеріс. Десек те, тас жол құрылысы жүріп жатқан уақытта қаламыздың көшелерінде жол кептелісінің де жиі орын алып жатқанын байқаймыз. Бұл ретте аудан жұртшылығына сабыр сақтап, төзімді болуға шақырамыз. Өйткені, сапалы жол салынуы үшін сондай қолайсыздықтарға баруға тура келеді,-дейді жергілікті автомобиль жүргізушілерін сабырға шақырып.

Еске салсақ, қаладағы шағын көшелермен қатар, орталықтағы маңызды жолдар да жаңартылып жатыр. Соның бірі – И.Тайманов көшесінде орналасқан автомобиль жолына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары.

Бұл жобаның мердігері – “ҚұрылысТаймКонтракт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы құны 305,1 миллион теңге болатын бұл жұмыс 30 маусымда басталған-ды. Жоспарға сәйкес, жөндеу мерзімі бес айға созылады. Сондай-ақ, қаладағы Құрсай өзегінің үстімен өтетін ең маңызды өткелдер - Ұ.Абдрахманов көшесі мен Махамбет даңғылының қиылысындағы және Исатай Тайманов көшесіндегі қос көпір де бұзылып, орнына жаңасын салу жұмыстары қолға алынды.

Бөлім басшысы Бекет Бозжігітовтің сөзіне сүйенсек, алғашқысының жұмысы маусым айында басталған. «Марстрой» ЖШС-нің міндетіне жүктелген жұмыс төрт ай көлемінде аяқталады деп жоспарлануда. Ал қалың жұрттың Орталық базарға қатынайтын И.Тайманов көшесінде орналасқан маңызды көпірі жуырда бұзылып, құрылысшылар өз жұмысын бастап кетті. Яғни, көпірді биіктетіп, заманауи талапқа сай келетін өткел салу жұмысы жүзеге аспақ.

Еске салсақ, қос көпірдің бұзылуына 2024 жылдың көктемгі алапат тасқын кезінде үстіне Құрсай өзегі суының жайылып кеткені себеп болды. Болашақта көпірді осы күйінде пайдалану қала тұрғындарының өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді. Сондықтан оны бұзып, жаңасын салу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда құрылысқа қажетті материалдар жеткізіліп, жоба жұмысы бастау алды. Жылыойлықтар үшін енді тек оның сәтті аяқталуын күту ғана қалды.

Аталған жобалардың жүзеге асуы қаланың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың жүріп-тұруына, жолаушылар мен жүк көлігінің қозғалысына да оң әсерін тигізері анық. Көп жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп келген көшелердің тас жолдары мен көпір өткелдерінің қайта жаңғыртылып, қалада жол қауіпсіздігінің сапасы да артары анық. Себебі жол инфрақұрылымы – өлкенің дамуы мен өсіп-өркендеуінің негізгі тірегі.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT