«Саналы бизнес жаса» деп ұрандатқан «Таңдау» жобасының үшінші легі де аяқталды. Соның арқасында «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін. Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген ұстанымдағы жас кәсіпкерлер қатары толығып, жаңа жұмыс орындары бой көтермек. Осыған орай жақында жобаны жылдық қорытындылау және үшінші кезең жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан жоба «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия қорының қаржыландыруымен жүзеге асты. Шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жобаға 2023-2024 жылдары 269 адам өтінім беріп, 105 талапкер білімін жетілдірді. Оның ішінде 44 қатысушы кәсіпкерлігін дамыту үшін қаржылық қолдау алды. Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова сөз сөйледі:
-Мен «Таңдау» жобасының бірнеше іс-шарасына қатысып, оның табысты іске асырылып жатқанына және тұрғындар арасында сұранысқа ие екеніне көзім жетті. Жоба аудан тұрғындарына шағын кәсіпті ілгерілету үшін жарқын мүмкіндіктер ұсынды. Біз қатысушыларға сәттілік, ал «Таңдау» жобасына жалғасын таба беруін тілейміз,- деді.
Ауданның экономикалық және әлеуметтік жағынан өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін жобада қатысушылар стратегиялық және қаржылық жоспарлау, маркетинг және бизнесті дамыту мақсатында бизнес-секторда тәжірибесі бар білікті тренерлерден сабақ алып, әр тренингтен кәсіп ашу үшін білімін толықтырып шықты. Соның арқасында бағдарлама бойынша үшінші кезеңнің жеңімпаздары мол мүмкіндікке ие болды. «Теңізшевройл» компаниясының Қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің үйлестірушісі Саламат Сергейұлы сөз сөйлеп, жобаның жұмысына сәттілік тіледі. Ауданда көптеген әлеуметтік жобаларды іске асырып, қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген «Таңдау» жобасының директоры Айгүл Сайынқызы:
-Жоба әсерімен жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жастар арасында кәсіпкерлікке ұмтылыс пайда болып, жергілікті тұрғындардың табысты мансапқа қол жеткізу мүмкіндігі кеңеюде. Жеңімпаздарға 5 жылға пайызсыз несие беру арқылы кәсібіне қажетті құрал-жабдық сатып алуға жәрдемдесеміз. Ал, қайтарылған қаражат жаңа бизнес бастамаларға қайта инвестиция ретінде құйылады. Яғни кәсіп ашуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарды тұрақты қолдап отыруға бағытталады. Сол арқылы шағын және орта кәсіпкерлік салаларының дамуына серпін береміз, - деп өз пікірімен бөлісті.
Жобаға қатысушылардың арасында көпбалалы отбасылар, жас буын өкілдері, Теңіздегі мердігер мекемеден қысқартылған жұмыссыздар да болды. Олар өздерінің жаңашыл көзқарасының арқасында бағдарламаның жеңімпазы атанып, бүгінде өздері армандаған салаларында мол табысқа жетуді көздейді. Көлік жөндеу орталығына қаржылай көмек алған сондай қатысушының бірі Исабек Жоламан өз сөзінде:
-Бұл жобаны «инстаграм» желісінен көріп, басында оның шынайылығына аса сенген жоқпын, себебі мұндай үлкен көлемдегі қаражатты ешкім пайызсыз бермейді деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе, 1-лек жеңімпаздарының оқу сертификатын және бизнесіне қаржы алғанын көріп, қызығушылығым артты. Бірден өтінім жіберіп, одан кері байланыс жасап, жоба туралы толық ақпарат алдым. Алғашқы тренингке қатысып, есепшінің көмегінсіз-ақ қаржылық есептеуді үйрендім. Берілген қаражатқа көлік жөндеу орталығын ашып, ішін заманауи жабдықтармен толықтырғым келді. Себебі, Құлсары қаласында 10 көлік жөндеу орталығы болса, оның 8-і ескі құралдармен жасайды. Сонымен қатар, кәсіп ашылған соң, кемінде 3 адамды жұмыспен қамтығым келеді»-деді.
Шара барысында алғашқы лек қатысушыларының жетістік тарихы бейнесюжет арқылы экраннан көрсетіліп, әрбір атқарылған жұмыстың артында үлкен еңбек пен шыдамдылықтың тұрғанын тағы бір дәлелдеді. «Таңдау» жобасының үшінші айналымында кәсіптерден жиһаз өнімін шығару, ет, кондитер өнімдері, қызмет көрсету саласы, оның ішінде, көлік жөндеу, оқу және өнер, диагностика орталықтары, тігін цехы, ауылшаруашылығы бойынша мал өнімдері мен мал бордақылау, одан бөлек спорт саласы, IT саласы мен экологиялық идеялар да қолдау тапты. Соның бірі – «Жетіген» өнер студиясының жетекшісі Әйгерім Жаңабайқызы. Оның бастауымен құрылған жетігеншілер ансамблінің орындауында халық күйі «Кербез қыз» орындалып, шараға қатысушылардың зор ілтипатына бөленді. Шара соңында «Теңізшевройл» компаниясының қазақстандық қамтуды дамыту бөлімінің үйлестірушісі Саламат Сергейұлы мен «Таңдау» жобасының директоры Айгүл Сайынқызы жеңімпаздарды сертификатпен марапаттап, жоба жеңімпаздары Фариза Махисова мен Елубай Ережепұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға алғысын жаудырды. Одан бөлек жоба аясында өз көмектерін созған азаматтарға да алғысын білдіріп, арнайы сыйлығын табыстады. Сондай-ақ, үшінші лек жеңімпаздарының арасынан аспаздық кәсіпке бет бұрғалы тұрған кәсіпкерлердің өз қолынан шыққан өнімдерімен ақ дастархан жайылды. Болашақ кәсіпкерлердің бизнес жоспары жайлы ой-пікірі мен еңбегі туралы емен-жарқын әңгіме фуршет басында жалғасын тапты.
Д.Ізбасарқызы