Клининг орталығын дамытуды көздеген жалғызбасты ана Мафу Рзабаева өз бизнесін осыдан бірнеше жыл бұрын бастаған-ды. Кішкентай бүлдіршіндеріне нәпақа табуды көздеген ол алғашқыда қолына шелегі мен сүлгісін алып, жұрттың үйін тазалауды қолға алды. Жұмыс көзінің көбейгенін байқаған Мафу күнделікті қызметін кәнігі кәсіпке айналдыру үшін оны заңдастырады. Осылайша қасына өзі секілді жұмысшы қыздарды жинап, орталық жұмысын жандандыруды көздеген ол қаражат көзін іздейді.
Кәсібін көтеру жолында басын талай тауға да, тасқа да соққан қайсар келіншек ақыры өз мақсатына жетті. ТШО-ның қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры ұйымдастырған «Таңдау» жобасына еш ойланбастан қатысып, енді, міне, 2,5 миллион теңге несие алды. Енді кір жуу және кептіру машиналарын, бумен жібіткіштер мен үтіктеу құрылғыларын сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша ол тазалау қызметтері саласындағы кәсібін кеңейте алады. Қазірдің өзінде ол жергілікті тұрғындардың ішінен көп балалы аналарды қосқанда 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер «Мұнымен тоқтап қалмаймын» дейді. Алдағы уақытта кір тазалайтын ұнтақтарды шығаруды көздеп отыр.
«Таңдаудан» несие алған кәсіпкердің бірі Нұрбақыт Дарбаев еді. Қазір ауданда ЛОР дәрігері жетіспейтінін халық арасында көптен айтылып жүр. Әсіресе, соңғы үлгідегі оториноларингологияға керекті құрылғылар пациенттер үшін ауадай қажет. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген дәрігер Нұрбақыт жеке оториноларингология орталығын ашу үшін осы жобаға қатысып, грант ұтып алды.
–Қазіргі таңда тұмау өте көп. Әсіресе, балалар арасында жиі кездеседі. Ал оның вирусы асқынса, отит, гайморит, синусит ауруларына алып келеді. Сондықтан осы жобадан ұтқан қаржыға, ең алдымен, пациенттің құлағы, тамағы мен мұрнын дұрыстап қарауға мүмкіндік беретін «Эндоскоп» аппаратын алғым кеп отыр. Сондай-ақ көп адамда болатын тамақ ауруларының алдын алу үшін оны тазалап-шайатын «Тонзиллор» құрылғысы, ал гайморитпен ауырған пациенттердің мұрнын тазалауға арналған «Пари синус» аппаратын сатып алуды жоспарлап отырмын,-дейді Нұрбақыт.
Жоба жеңімпаздары
Иә, қазір елімізде кәсіп ашамын, ісімді ілгерілетемін деген жандар үшін мүмкіндік мол. Тек оны мықтап қолға алатын еңбекқор, ізденімпаз адам болуы керек. Міне, сондай кәсіпкерлер үшін «Теңізшевройл» ЖШС қолдау көрсетіп келеді. Яғни іргеміздегі алып компания кәсіпке енді ғана қадам басқан немесе оны дөңгелете алмай жүрген жылыойлықтар үшін пайызсыз несие беруді қолға алды. Бұл жоба аясында тұрғындар тек несие алып қана қоймай, бизнес-жоспар құру, маркетинг, қаржы және бизнесті басқару сияқты маңызды дүниелерді тегін меңгеріп шығады.
Мұндай қолдауды ТШО Орталық Азияның Еуразия қоры арқылы ұйымдастырып, «Таңдау» атты кәсіпкерлерді қолдайтын жоба жұмысын бастап кетті. Онда талапкерлерге бизнес жоспар құруға көмектесіп, меркетингте жан-жақты қалыптасуына ықпал етті. Көп ұзамай ауданда өткен «Таңдау» жобасының бірінші легі бойынша жеңімпаздар белгілі болды.
Жалпы күз айында басталған жобаға 108 адам қатысуға ниет білдіріп, оның 35-і жартылай финалға өткен-ді. Ұйымдастырушылар жүздеген өтініштің ішінен ауданға қажетті, тұрғындар үшін аса маңызды кәсіп түрін таңдауға тырысқан. Нәтижесінде 13 кәсіпкер осы грантты жеңіп алды.
Жеңімпаздарды марапаттап, жобаның алғашқы легін қорытындылау үшін арнайы салтанатты жиын өтті. Оны «Таңдау» жобасының менеджері Алтынгүл Атабаева жүргізіп, бірнеше ай бойы кәсіпкерлерді дайындау бойынша өткен түрлі семинарлар, сабақтар өз нәтижесін бергенін мақтанышпен жеткізді. Бұдан соң грант иелеріне сертификат табысталды. Бірінші лектің қорытындысы бойынша Құлсары қаласының 13 тұрғыны бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 2 миллионнан 4,5 миллион теңгеге дейін пайызсыз несие алды. Оның ішінде құлақ-мұрын, тамақ ауруларын емдеу орталығы мен гүл дүкенін ашу, клининг және химиялық тазалау қызметтері, құс өсіру, ұлттық сүт өнімдерін өндіру және басқа да кәсіп түрлері бар.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жобаның өңір үшін аса маңызды екенін айтып, қолдау көрсеткен «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері мен «Бастау» кәсіпкерлерді қолдау жобасына алғысын білдірді.
-Жаңа жыл тамаша жаңалықтармен басталды. Міне, 13 кәсіпкер өз ісін жүзеге асыру үшін пайызсыз несие алды. Аудан басшылығы атынан «Теңізшевройл» компаниясына шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін. Жоба алдағы жылдарда да жалғасын тауып, жақсы нәтижелер көрсетеді деп үміттенемін. Ал бірінші лектің жеңімпаздарына сәттілік тілей отырып, жобаның болашақ тағдыры олардың кәсіпті ары қалай алып кетуі әкелген табысына байланысты екенін атап өткім келеді,-деді.
Айта кету керек, бірінші лекте жеңімпаздар арасында 6 адам 2,5 миллион теңгеге дейін, 7 адам 4,5 миллион теңгеге дейін несие алды. Берілген қаражатқа кәсіпкерлер тек қажетті құрал-жабдықтарды сатып ала алады. Бұл – жобаның шарты. Жалпы, алдағы уақытта аудандағы шағын және орта бизнестің 30-ға жуық өкіліне қолдау көрсету жоспарлануда. Оқытудың екінші легіне жазылу басталып, қабылдау жүріп жатыр. Жоба тек қана жылыойлықтарға ғана арналған.
П.ҚИЗАТОВА