Табиғатқа көңіл бөлген бір күн

Өткен сейсенбі күні еліміз Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, 1972 жылдан бері «тойланып» келе жатқан бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру болып табылады. Расында да, адам баласы табиғаттан алуды ғана біледі. Жер үсті байлығы мен жер асты қойнауын тынымсыз игеріп жатқан пенде осы Табиғат-анаға қандай зиян келтіріп жатыр десеңізші?! Бірақ табиғатқа беру жағына келгенде ешкім де бас қатырмайды. Қоршаған ортаны қорғау күні ауданда да өз деңгейінде атап өтілді. Құлсары қаласының Орталық сахна алаңына жастар мен студенттер, мемлекеттік мекеме-ұйым жетекшілері жиналды. Онда «Табиғат – тіршілік көзі» атты мерекелік шара болып өтті. Шара шымылдығы «Жас Отан» Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен алаңда өткен «флэшмобпен» ашылды. Сахна мінбесіне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағынов пен Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкин жылыойлықтарды Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күнімен шын жүректен құттықтады.

«Жылыой табиғаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Шыңғысов пен оның белсенді мүшелері Жексенғали Имашев пен Майлыбай Адаевты аудан әкімінің алғысхатымен марапаттады. Ауданның экология саласының ардагері ретінде өңір табиғатының тазалығын қорғауға қосқан үлесі үшін А.Шыңғысов Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қазақстан Республикасының экология саласына 30 жыл» медалімен наградталды. Сөз кезегін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Қазиева және Құлсары мұнай құбырлары басқармасы мен «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өкілдері бүгінгі мерекеге орай жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Аудандағы сенбілікке белсене атсалысқан мектеп оқушылары марапатталды. Шараны аудандық мәдениет үйінің әншілері «әсем ән мен тәтті күймен» көркемдеді. Осылайша жылыойлықтар бір күнін табиғат мерекесіне арнап, экология мәселесіне назарын аударды.

Е.ҚОШАҚАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521