Түзелмегесін түзеу мекемесіне жөнелтті

Түзелмегесін түзеу мекемесіне жөнелтті

Бөлімнің дерегіне сүйенсек, қазан айының басында-ақ заңды қаруы бар азаматтардың оны сақтау шарттарын бұзғандығы анықталған.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, аудан аумағындағы қылмыстық ахуалды оңалту, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында, қазан айының 1-і мен 4-і аралығында аудандық полиция бөлімі "Тұрмыс" атты республикалық профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Полиция бөлімінің хабарлауынша, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері шараның алғашқы екі күнінде-ақ есепте тұрған 75 азаматты тұрғылықты мекен-жайы арқылы тексеріп, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Отбасы тұрмыстық қатынас саласына қатысты 4 азаматтан арыз-шағым түсіп, құқық бұзған адамдарға қорғау нұсқамасы белгіленді. Олар бөлімнің есебіне алынды. Шара аясында 10 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Қыркүйек айының 7-сінен аудан аумағында да «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шара басталғаны аян. Бөлімнің дерегіне сүйенсек, қазан айының басында-ақ заңды қаруы бар азаматтардың оны сақтау шарттарын бұзғандығы анықталған. Атап айтқанда, 7 адамның үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, заң аясында тиісті шарасы алынды.

Осы іс-шара шеңберінде бөлім қызметкерлері Жаңа Қаратон кентінің 100-ге жуық үй-жайларын аралады. Онда әртүрлі ақпараттар жинақталып, поселкенің учаскелік инспекторларының визиткалары таратылды. Кент әкімі мен ондағы қос мектеп директорының қатысуымен жұмыс кеңесі өткізілді. Онда жасөспірімдердің түнгі мезгілде топтасып, көшеде жиі жиналу мәселесі қызу талқыланды. Кеңес нәтижесінде поселке аумағындағы полицияның кешенді күштерінің санын көбейту туралы ұйғарымға келді.

Жалпы учаскелік инспекторлардың бөлім бойынша араласпайтын жұмысы жоқ. Айталық олар ауданның пробация бөлімшесі қызметкерлерімен бірлесіп, шартты сынақ мерзіміне сотталған және бас бостандығы шектелген азаматтардың әрқайсысын тұрып жатқан мекен-жайы бойынша тексеріп тұрады.

Қазіргі таңда осындай есепте 130-дан астам сотталған бар екен. Соңғы дерекке қарағанда, соттың шығарған үкімімен жүктелген міндеттемелерді орындамағаны үшін жыл басынан бері 10 азамат түзеу мекемесіне жөнелтілген екен. Керісінше, ішкі тәртіпті сақтап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзін жақсы қырынан көрсеткен 18 адам жаза өтеуден мерзімінен бұрын босатылды.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521