Тәуелсіздікке тарту

Күйші Дина шешеміздің есімін еншілеген Дина Жарылғасова – сазгер, күйші, домбырашы Зәбен Жарылғасовтың немере қызы.

Зәбеңмен өнер жолында үзеңгілес қатар жүрген сазгер Тоқсанбай Құлтумиев атындағы №1 Құлсары Балалар саз мектебінде домбыра, қобыз аспабынан дәріс береді. Ел ертеңін өнерге баулып жүрген асылдың сынығы шығармашылық шыңдарды бағындырып келеді.

Таяуда Алматы қаласында жарық көрген «Жаңа формация мұғалімі – шығармашылық тұлға» атты әдістемелік құралға Динаның Зәбен Жарылғасұлының өмірі мен шығармашылығы хақында ой толғаған көлемді мақаласы жарияланды. Осындай шығармашылықпен жұмыс жасай білген саз ұстазының еңбегін «Қазақстанның білім және ғылым әлемі» журналының журналистер қауымы да жоғары бағалады. Бас редактор Д.Сариева №1 Саз мектебінің домбыра, қобыз класының мұғалімі Дина Жарылғасованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Онда «Білім беру саласына сіңірген еңбегі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға қосқан үлесі, үздіксіз ұстаздық еңбегі» айрықша атап көрсетілген.

Ұстаз ғана емес, Дина – аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің белді мүшесі. Сахнаны киелі санайтын Динаның шәкірттері де – өнердің өріне жүзген өрендер. Көп алысқа бармай-ақ, таяуда күй атасы – Құрманғазының 200 жылдығына орай өткен «Қазақстан таланттары» республикалық фестивалін алалық. Онда байқауда бақ сынаған оқушыларының барлығы дерлік жеңімпаздар қатарынан көрінді. Айталық, Әлішер Серік пен Айшабибі Таңбай Құрманғазының «Бозшолақ», «Қазанғаптың «Учитель», халық күйі «Жастар биін» орындап, ІІІ орынды жеңіп алса, Іңкәр Сәлім Құрманғазының «Балбырауынын», Ә.Желдібаевтың «Еркесылқымын» төгілтіп, ІІ орынды иемденді. Құрманғазының «Адайын» асқақтатып, Нұрғисаның «Әлқиссасын» әдемі әуелеткен Қалила Құрманғазы, А.Лұқпановтың «Элегия» шығармасының шырайын келтірген Амина Дағыстановалар жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Ал қоңыр үнді қобыздың сарынымен Ахмет Жұбановтың «Көктем», О.Ридингтің «Концерт» шығармаларын шалқытқан Жанар Досай қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге лайық деп танылды. Ал жүлдегер шәкірттердің ұстазы Дина Жарылғасованың өзі сол байқауда «Үздік тәлімгер» төсбелгісімен марапатталды.

Ел егемендігінің 27 жылдығы қарсаңындағы осындай шығармашылық жетістігін Дина Тәуелсіздік мерекесіне арнадым дейді.

Е.Қошақанов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521