Тәуелсіздік жемісі – қазақша балабақшалар

Ауыл сыртынан құм көшкінін тоқтату үшін егілген сексеуіл де өсіп келеді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы да, міне, 30-ыншы жылға аяқ басты. Жасыратыны жоқ, 90-жылдардың ортасында экономикамыз тоқырап қалғаны рас. Сонда қысқартудың құрығына ұшыраған көптеген салалармен бірге білім бөліміне қарасты балабақшалардың есігі тарс жабылып, оңтайланып кеткені белгілі. Бірақ «Көш жүре бара түзеледі» дегендей, жабылып қалған мектепке дейінгі мекемелер қайтадан ашылып, жаңа балабақшалардың құрылысы да қарқынды жүргізіле бастады. Бұл, сөз жоқ, Тәуелсіздіктің жемісі.

Осындай жақсы жаңалықтан шалғайда жатқан ауылдық округтер де құр қалған жоқ. Кешегі жабылып қалған шағын балалар бақшасының орнына қосқабатты заманауи үлгідегі нысандар бой түзеді. Сәулетімен көз тартқан мұндай бөбекжай ғимараттары ауыл ажарына көрік қоса түсті. Сондай ауылдың бірі – Майкөмген.

Аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықта жатқан Майкөмген ауылы кешегі кеңестік шаруашылық кезінде «Коммунизм таңы» совхозының үлкен екі фермасының орталығы болған еді. Тәуелсіздік жылдары, яғни 2002 жылы облыс әкімінің шешімімен ол Ақкиізтоғай ауылдық округінен енші алып шығып, өз алдына округ болып құрылған-ды. Міне, сол уақыттан бастап бұл ауылда емхана мен шағын аяқ доп алаңы, денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Әрбір үйге бұрын-соңды жетпеген көгілдір отын келіп, «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су да жүргізілді. Көше жарығы самаладай жарқырап тұр. Ауыл сыртынан құм көшкінін тоқтату үшін егілген сексеуіл де өсіп келеді. Енді, міне, 100 орындық балабақша ғимараты да бой көтеріп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өз жұмысын бастап кетті.

Айта кету керек, мұндай балалар бақшасы майкөмгендіктердің өткен ғасырда өңі түгілі түсіне де кіріп шықпаған еді. Расында да бұрын ферма орталығы болған шалғайдағы шағын ауылға коммунизм орнатамын деген кешегі Кеңес өкіметінің де ондай ойы болмады. Тек еліміздің егемендігі ғана мұндағы ауыл тұрғындарын өзге округтегі ағайындармен терезесін тең етіп, осындай үлкен тарту-таралғы жасай алды. Сондықтан да ауылдың орталығынан «Бәйшешек» бөбекжай бақшасы ауыл халқына есігін айқара ашқанда әр үйде қуанбаған жан қалмады.

-Балабақша пайдалануға берілгенде, ең алғаш 56 бүлдіршін қатынап жүрді. Қазіргі таңда саны 82-ге жетті. Олар төрт топқа бөлініп, мектепке дейінгі тәрбие мен біліммен қамтылуда. Ауыл балаларына бір-бір әдіскер, психолог, бір ағылшын тілі мұғалімі мен 7 тәрбиеші қызмет көрсету үстінде. Өткен жылғы пандемияға байланысты балабағы өз жұмысын тоқтатып, биылғы қаңтар айынан бастап қайта ашылды. Қазіргі карантиндік шектеулерге орай 56 бүлдіршін ғана келіп жүр, - дейді балабақша меңгерушісі Мөлдір Алиева.

Мөлдір Орынбасарқызының айтуынша, балабақша өткен жылы ТШО-ның қаржылай қолдауымен өткен Орталық Азияның Еуразия Қоры іске асыратын «Қоғамдық кеңістіктер» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған.

Наурыз мерекесі қарсаңында балабақшада «Берекелі Наурызым!» атты шара ұйымдастырылды. Онда халқымыздың салт-дәстүрін паш ететін керемет көріністер қойылды. Оған қатысушылар ұлттық тағамымызды ұлықтайтын түрлі ас мәзірлерін дайындап, қолөнер бұйымдарын да жасап, шеберлігін сынға салды. «Қазақтың келіндері-ай» атты сайысы да қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған Майкөмгендегі ауыл келіндерінің бүгінгі болмыс-бітімін паш еткендей болды.

Ел егемендігімен бірге түлеген Майкөмген округіндегі «Бәйшешек» балабақшасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өз жұмысын жандандыра береріне сенім мол.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT