Түссіз түтінге тұншығып қалмаңыз

«Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газоинспекторы Есболат Қисметовтің айтуынша, жалпы алғанда елімізде тұрмыстық газға уланудың салдарынан ажал құшатын азаматтар саны жыл санап артып келеді екен.

Бұл көгілдір отынның адам үшін пайдалы жақтарымен бірге тигізер зардабының да аз еместігін айғақтайды. Айталық, 2016-2017 жылғы жылу беру маусымында 35 адам улы газдың құрбанына айналса, былтырғы осы кезеңде 55 тұрғын көз жұмған көрінеді. Бір ғана биылғы қыс басталмай жатып үш бірдей қайғылы оқиға тіркелді. Жаңаөзен қаласында екі бала уланып, ажал құшты. Алдын ала тергеу кезінде газ жабдығының желдеткіші жоқ, қазандықтың ақауы шыққанда автоматты түрде газды сөндіретін құрылғының болмағаны анықталды. Тағы бір оқыс оқиға Шымкент қаласында орын алды. Түссіз түтінге тұншыққан бес адамның біреуі қаза тауып, қалған төртеуі аурухана төсегіне таңылды. Жалпы еліміздің оңтүстік өңірінде мұндай деректер өзге жерлерге қарағанда көбірек тіркеледі. Мәселен, былтыр 32 адам газдан уланып, көз жұмды. Ал республика бойынша статистикаға көз жүгіртсек, жаныңыз түршігеді. Соңғы 5 жылда барлығы 200-ден астам азамат қайтыс болған. Көп жағдайда олардың өліміне – газ жабдықтарының түтін тарту мұржасының толық талапқа сай қапталмауы, оны орнату тәртібінің сақталмауы себеп болып отыр. Мұндай оқыс оқиғалардан біздің аудан да құр алақан емес. Тұрғындар газ қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаудың орнына, керісінше, өрескел бұзып жатады екен. Оның арты өзекті өртер өкінішпен аяқталып жатады. Айталық:

–Құлсары қаласының 1-ықшамауданының тұрғыны газ желісін су құбырымен шатастырып, өз бетімен кесіп алған. Бүлінген жердің орнын орап қоя салады. Соның салдарынан үйге газ кетіп, пәтердің тұрғыны уланды. Абырой болғанда, дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, аман қалды. Улану өз алдына, сол пәтердің ішінде жарылыстың орын алу қаупі де бар еді. Құдай сақтап, үлкен апаттан көпқабатты үйдің көптеген тұрғындары аман қалды. Ойлап қараңызшы, бір адамның қателігінен қаншама тұрғын зардап шеге жаздады. Жарылысты көзге елестетудің өзі көкірегі ояу адамға қорқынышты емес пе? – дейді газоинспектор.

Екінші оқиға Құлсары қаласының 8-ауылында орын алыпты. Ол жерде қарапайым қауіпсіздік талабы сақталмай, жылу қазандығының мұржасы тоттан бітеліп, үй ішіне улы газ тараған. Соның кесірінен бір үйдің бір ересек, үш бүлдіршіні уланып, ауруханаға түсті. «Кең Жылыой» ықшамауданындағы оқиға да ешкімді бейжай қалдырмас. Жалға алып, бір отбасы тұрып жатқан сарайдың пешінің түтін тартпай қалып, тағы бір бүлдіршін уланды.

Осы тектес оқиғалардың бой көтеруіне тұрғындардың қарапайым сақтық шараларын сақтамауы, түтін тартатын мұржаларды уақтылы тазаламауы және газ ұрлау, өз бетінше газ жүргізу, газ жабдықтарының орнын өз бетімен ауыстыру секілді жылдан-жылға жалғасып келе жатқан керағар құбылыстар себепші болып отыр. Бір сөзбен, қауіпсіздік пен заңдылық талаптары сақталмайды.

–«Жылыойгаз» ЖШС-нің осы жылғы статистикасына сүйенетін болсақ, жыл басынан бергі қаңтар айынан бастап қарашаға дейінгі аралықта Қазақстан Республикасы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заң талаптарын бұзған 81 тұтынушы тіркелген екен. Осы заңның 17-бабының 9-тармағына сәйкес «Тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларын бұзған, тұтынушы газ жабдығын өз бетінше қосқан жағдайларда газ тасымалдау немесе газ тарату немесе газ желісі ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық газын беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы» делінген. Сондықтан алдағы уақытта осындай заң бұзушылықтар анықталса,онда «Жылыойгаз» ЖШС аталған заң талаптарына сәйкес, жылу беру маусымының мерзіміне қарамастан тұтынушының үйіне газ беруді тоқтатады. Алға қарай «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» деген қазақшылық жүрмейді, – дейді Е.Қисметов.

Газоинспектордың айтуынша, заңға қайшы әрекеттен бөлек, аудан тұрғындары табиғи газды пайдалануда қауіпсіздік талаптарына аса мән бермегеннен кейін ережені естен шығарып алып жатады екен. Қайғылы оқиғалардың ауданда жыл сайын қайталанып отыруы сондықтан.

Әрине, «Жылыойгаз» ЖШС газ таратушы мекеме ретінде қол қусырып қарап отырған жоқ. Газдың қауіпті екенін терең түсінетін мамандар жыл сайын тексерулер, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, тұтынушылардың қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауын қадағалап отырады. Мысалы, тұтынушылардың газбен қамту жүйесіне техникалық қамту жұмыстарын жасап, анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге ескерту береді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Өкінішке орай, берілген ескертулер орындалмайды екен. Мұның арты оқыс оқиғаларға ұласып жатады. Өткен аптаның бейсенбісі күні көпқабатты ықшамауданнан бір әйел адам мен үш бірдей бүлдіршіннің уланып, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылуы – соның айғағы. Олар тұрмыстық газ плитасын үйді жылыту үшін пайдаланған.

Осындай оқыс оқиғаның алдын алу үшін «Жылыойгаз» ЖШС аудандағы құзырлы мекемелер өкілдерінің қатысуымен жыл сайын Майкөмген, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Қосшағыл, Тұрғызба, Жаңа Қаратон елді мекендері мен Құлсары қаласындағы тұтынушылармен кездесіп тұрады. Мәселен, «Тұрмыста газды қауіпсіз қолдану», «Газ құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздікті сақтау» тақырыбында түсінік жұмыстарын жүргізді. Онда түсіндірме әңгіме қозғалып, өткен жылдың қысында орын алған оқиғалар сарапталды. Қандай кемшіліктің салдарынан оқиға орын алғаны арнайы түсірілген бейнеролик пен фотосуреттер арқылы көрсетіліп, егжей-тегжейлі баяндалады. Мұндағы мақсат: газды тұтыну кезінде болатын қауіптің алдын алу, қайталануына жол бермеу.

–Оқыс оқиғалар туралы тұрғындарға қанша мәрте хабарлап, кездесулер ұйымдастырылып, ескертпелер берілсе де, қайғылы жағдай азаймай тұр. Сондықтан, тұтынушыларымыздан газ пайдаланудың қауіпсіздік талаптарын әлде де қатаң сақтауын сұраймыз. Кез келген газ желісіндегі өзгеріс газ жеткізуші ұйымның өкілдерімен жасалса, газға улану азаяр еді. Сондай-ақ, газ жабдығына және тұтыну жүйелеріне техникалық қамту жасауға барған газшыларға жұмысын уақытылы жасатса, бұл да үлкен қауіптің алдын алуға септігін тигізері анық. Бейбіт өмірде адамдардың оқыс оқиғадан зардап шегіп, өмірден өтіп жатқаны қандай өкінішті?! Жұрт осыны жете түсініп, қауіпсіздікке қатаң қарар деп сенгіміз келеді, – «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіінің газоинспекторы Есболат Қисметов.

Е.Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521