ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ

СӘРСЕНБІ КҮНІ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Ә.ИГРАШИНҰЛЫНЫҢ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТУІМЕН АУДАН ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ БОЛЫП ӨТТІ. МӘЖІЛІСКЕ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ МЕН ТИІСТІ САЛА МАМАНДАРЫ ҚАТЫСТЫ.


Аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөнінде жергілікті органға бірнеше рет хабарлама түскен. Күн тәртібінде осыған байланысты екі мәселе қаралды. Комиссия отырысында аталған мәселе жайлы және кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің құқықтарын қорғау деректері бойынша полиция аға лейтенанты Ж.Жолдасқалиқызының қатынас хаты қаралды.
Аудандық полиция бөлімінің аға лейтенантының айтуынша, 2021 жылдың қазан айының 11-інен 12-іне қараған түні сағат 01:30 шамасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім Ә. есімді қыз бала 102 арнасына қоңырау шалып, Құлсары қаласы 3-ықшам ауданындағы пәтерінде анасы Н.Р үйге адамдар жинап жатырғаны жөнінде хабарлама түсірген. Осы хабарламаны анықтау барысында, аталған мекен-жайға учаскелік полиция инспекорлары барған кезінде кәмелетке толмаған жасөспірім 5 ауылда тұратын өзінің туған апасы Н.Л-дің үйіне кетіп қалғаны, ал анасы үйінде өзінің таныстарын қонақ етіп, алколгольді ішімдік ішіп отырғаны анықталған. Тұрғын «Өз үйімде ішуге болмай ма?» - деп полиция бөлімінің қызметкерлеріне қарсылық танытқан. Жалпы Р. есімді әйел жолдасы осылай вахталық жұмыста болған уақытта, үнемі үйіне таныстарын, бөтен ер-азаматтарды жинап, алкогольді ішімдік ішіп, қызына балағат сөздер айтып, қысым көрсетіп, бала тәрбиесіне теріс ықпал ететіні белгілі болды. Сонымен қатар, осы жылдың 15 қазаны күні осы Р есімді әйел 102 арнасына қоңырау шалып, өзінің кәмелет жасына толмаған қызы Ә.-мен сөзге келіспей қалып, айқай-шу шығып жатырғаны жөнінде жалған хабарлама берген. Көрсетілген мекен-жайға барған полиция қызметкерлері ешқандай кәмелетке толмаған жасөспірім үйінде жоқ екені анықталған. Анықтау барысында жасөспірім 12 қазан күні әкесі А.К-ның рұқсатымен өзінің туған апасының үйіне кеткені расталды. Мас күйінде жалған ақпарат бергені үшін Р.-ға ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабы бойынша 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сол себепті кәмелет жасқа толмаған жасөспірім Ә. мен анасы Р. аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювенальды полиция тобына «Қолайсыз отбасы» ретінде профилактикалық тізімге алынды. Осы мәселе бойынша іс жүргізген полиция аға лейтенанты Ж.Жолдасқалиқызы аталған азаматшаны ата-аналық құқығынан уақытша шектеп, маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуге ұсыныс білдірді.
Комиссиядағы екінші мәселе: 14 қазан күні сағат 22:30 -да аудандық полиция бөлімінің жедел кезекшісі, полиция аға лейтенанты Ж.Набиевке, АПБ-не АОА-кезекшісі Акимовке Д. есімді жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болып, «Карбамазепин» дәрісін көп мөлшерде ішіп қойғаны туралы хабарлама келіп түскен. Анықтау барысында, жасөспірім «Сенаде», «Финлипцин», «Ацетелин қышқылы», Кабамазепин» дәрілерін көп мөлшерде ішіп және де сол жақ қолының білегін шынтақ тұсына дейін алмаспен сырып, өз-өзіне жарақат салғаны анықталған.
Белгілі болғанындай, кәмелетке толмаған жасөспірімнің әкесі А. есімді азамат өзінің әйелі Р-мен ортақ некеден 5 баласы бола тұра 2014 жылғы сот шешімімен ажырасқан. Сотта кәмелетке толмаған балаларын азамат А-ның. тәрбиесінде қалдыру туралы шешім етіліп, некені бұзу туралы куәлік берілген.
Алайда, азамат А. кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндетін толық орындамаған. ҚР-сы ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 20.12.2020 жылы, ҚР-сы ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен кәмелетке толмаған балаларын сағат 23:00-06:00 уақыт аралығында ата-ана немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз үй-жайдан тыс жерде болуына жол бергені үшін, жасөспірім Д. тәрбиесіне салғырттық танытып, оның жағымсыз іс-әрекеттер жасауына жол бергені үшін «жайсыз отбасы» есебіне қойылып, отбасымен профилактикалық бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келген. А. есімді азамат кәмелетке толмаған балаларын анасы Ш-ға тастап, өзі маусым айында Ә. есімді азаматшамен некесін қидырып, ортақ некеден туылған 1 баласымен Алматы қаласына жаңа отбасымен жұмыс іздеп кетіп қалған. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балаларын анасына нотариалдық сенімхат беру арқылы заңды түрде тастап кеткені анықталды. Полиция капитаны М. Айтжанова аталған азаматты ата-аналық құқығынан шектеуді және де кәмелетке толмаған Д. есімді жасөспірімді Атырау қаласы, Владимирская - 96 мекен-жайында орналасқан «Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» мемлекеттік мекемесіне уақытша орналастыруды ұсынды.
Аталмыш екі мәселе де құқық қорғау органдарына бұрыннан жақсы таныс. Ондағы деректер осыған дейін де бірнеше мәрте қайталанған. Сондықтан комиссия төрағасы осы деректер бойынша комиссия мүшелері мен мектеп директоры, психолог мамандардың пікірін мұқият тыңдады. Нәтижесінде Р. есімді азаматшаны ата-аналық құқығынан шектеп, мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуді және қызы Ә. есімді жасөспірімді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруға және әкесін бақылауға алатыны жөнінде шешім қабылданды. Ал қаралған екінші мәселе бойынша өз-өзіне қол жұмсамақ болған жасөспірім Д. мен оның бауырларын кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберуді тапсырды.
Комиссия төрағасы жағдайдың әкімдік назарында болатынын, жіті бақылайтынын жеткізді.

А. ЖҰМАБЕРГЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT