Төрт науқастың бірі құлсарылық емес, десек те...

Вирус жұқтырған атыраулықтар арасында Құлсары қаласының тұрғыны жоқ!

Атырау облысында да 4 адамның тәжвирусын жұқтырғандығы анықталды. Бұл мәліметті сол күні өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфир арқылы брифинг өткізген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизовтің өзі растап, облыстың бас дәрігері мен санитарлық дәрігері Мейіржан Атыбайұлы аймақ тұрғындарынан төтенше жағдай режимін қатаң сақтауды, сақтық шараларын бұрынғыдан да бетер күшейтуді тапсырды.

Оның айтуынша, індет жұқтырған науқастар шетелден оралған Қазақстан азаматтары екен.

Атап айтқанда, бірінші науқас Атырауға наурыздың 21-і күні Нұр-Сұлтан қаласы арқылы келсе, екіншісі Түркияның Стамбул қаласынан Алматыға ұшып келіп, 17-сінде Атырауға табан тіреген болып шықты.

Ал үшінші адам әуе кемесі арқылы Амстердамнан оралған жолаушы көрінеді.

Қазіргі таңда олардың барлығы да шұғыл карантинге жатқызылып, Атырау қаласындағы дәрігерлердің қатаң бақылауында жатыр. Жағдайлары – қанағаттанарлық. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде «тәжвирусын жұқтырған үш адамның бірі Құлсары қаласының тұрғыны екен» деген ақпарат тарады.

Біз бұл мәліметтің қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін аудан әкімі аппаратының жетекшісі, аудандық мобильдік жұмысшы тобының мүшесі Аманқос Нұғыманмен хабарласқан едік.

Ол: -Вирус жұқтырған атыраулықтар арасында Құлсары қаласының тұрғыны жоқ! Әлеуметтік желідегі әңгіме ешқандайда шындыққа жанаспайды. Десек те, солай екен деп бұрынғыдай арқаны кеңге салып отыруға болмайды. Атырау қаласы мен Құлсарының аралығы жақын әрі аудан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан жылыойлықтар, ең алдымен, сабыр сақтап, сақтықты бұрынғыдан да күшейте түскені абзал. Дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, төтенше жағдайға байланысты енгізілген тәртіп режимін қатаң сақтағаны жөн,– деді.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521