Тұрсынның тегін таксиі

Өткен аптаның жұмасы күні Жылыой мұсылмандары орталық мешітіндегі жұма намазына бармаққа ниеттендім. Уақыты келгенде жол жиегіне такси ұстамаққа шыққанмын.

«Адам ниетіне қарай табады» деген рас екен. Алыстан алдыңғы әйнегіне «тегін такси» деп бадырайтып жазып алған автокөлікті көзім шалып қалды. Қарасам, рөлде Тұрсын Әлімжанов отыр. Жылыойдағы бүкіл ағайынның тойларын талай рет бейнетаспаға түсіріп, кәдімгі танымал болған «Топик» ағамыз. Қуана-қуана жанына жайғастық. -Күндіз үйде қарап жата алмай, тойдан басқа осы такси қызметіне де қосымша шығып жүр едім. Денсаулықтың арқасында биыл да қасиетті Рамазан айына аман-есен келіп жеттік қой. Кәсіпті де, нәсіпті де беріп жатқан - мейірімі шексіз Алла. Бергеніне шүкіршілік етіп жүрмін.

Өзім ораза тұтып, намаз оқымасам да ниетім ақ. Бүгін - Рамазанның алғашқы жұмасы, Алла разылығы үшін таксиіммен тегін жолаушы тасымалдауды ұйғардым,-дейді Тұрсын ағамыз жымиып. Жалпы қалада жұмаға тегін таситын такси қызметі бар деп естуші едік. Бірақ Тұрсын Әлімжанов секілді күні бойы ақысыз қызмет көрсететін таксишіні кездестірмедік. Сол күні Тәкеңнің такси қызметін пайдаланған жолаушылар қатары аз болмады. Олар Ауған соғысының ардагері Тұрсын Әлімжановқа дән риза болып, алғыс арқалатты. Тегін такси тек қана қасиетті Рамазан айының әр жұмасы күні ғана халыққа жолақысыз қызмет көрсетеді. Бұл аттам жерге әкесінің құнын сұрайтын кей пысықайларға сабақ болса керек.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521