Түркиялық кілемдер Құлсары мешітінің ажарын аша түспек

Бұрынғы кілемдерге бірнеше жылдың жүзі болды және уақыт өте келе тоза бастады.

Соңғы жылдары Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінде көптеген игі істер жүзеге асырылып келеді. Ол әсіресе ауданға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Алтынбек Ұтысханұлы келгенде айқын көрініс тапты. Кешегі пандемия пәрмені күшейген карантин кезінде, одан кейінгі кезеңде де мешіт көптеген қайырымдылық іс-шараларына мұрындық болды. Енді, міне, мешіттің бас имамы Жасұлан Қағазғалиев жақында тағы бір игі бастаманы қолға алып отыр.

1200 адам бір мезгілде ғибадат қыла алатын етіп кеңейтілген мешіттің құлшылық қылатын бөлмелері мен кең залына төселген жайнамаз кілемдері кезінде ауданға белгілі кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен алынып, төселген еді. Алайда олардың пайдаланғанына да бірнеше жылдың жүзі болды және уақыт өте келе тоза бастады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Құлсары мешітіне келіп ғибадат етушілер қатары жетіп артылады және олардың арасында мұсылман мемлекеттерінен келетін шетелдік азаматтар да жоқ емес. Сондықтан көрер көзге көңіл толтыра қоймайтын ескі кілемдерді жаңарту мешіт имамдары мен жамағатының көптен көкейінде жүрген мәселе еді. Жақында, осы олқылықтың орнын толтырудың сәті түсті.

Мешіттің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы арнайы Түркия мемлекетінің астанасы Стамбул қаласына барып, түркиялық «АSILHALI» кілем фабрикасының директоры Русту Озкарамен кездесті. Жылы жүзді жүздесу кезінде екі жақ Жылыой мұсылмандары орталық мешітіне арнап жайнамаз кілемдерін тоқуға келісіп, тиісті келісім-шартқа қол қойды.

-Түркиядан жеткізілетін жайнамаз кілемінің артықшылығы сол, ол жоғары сұрыпты жүн материалынан дайындалады. Оның шикізаты Жаңа Зеландия мемлекетінен әкелінеді. Кілем табиғи таза қой жүнінен тоқылады. Сондықтан да ол кілемнің келген жамағат үшін жайнамаз ретінде ұзақ уақытқа, дәлірек айтқанда 20-25 жылға дейін өңі мен сапасын сақтап, қолдануына ықпал етеді, - дейді бас имам.

Ж.Қағазғалиевтің айтуынша, Түркияда тоқылып жатқан жайнамаз кілемдер Құлсары қаласына осы қасиетті Рамазан айының ішінде жеткізіліп, орталық мешітке төселетін болады.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT