Түркиядағы қазақстандықтар президент сайлауына белсенді қатысып жатыр

Түркия Республикасында ұйымдастырылған үш сайлау учаскесінде қазақстандықтар дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктері жанында жұмыс істейтін №286, 255 және 296 сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.

Елде демалыс күніне қарамастан таңертеңнен бастап сайлаушылардың белсенділігі байқалады.

Отанынан жырақта жүріп азаматтық ұстанымын танытқан қазақстандықтардың басым бөлігі – студенттер мен осында тұратындар.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, Анкарадағы №286 сайлау учаскесінде 1000-нан астам сайлаушы дауыс береді деп күтіліп отыр.

Ал Ыстанбұл мен Анталияда 600-ге жуық сайлаушы бар.

Мұнда азаматтық борышын өтеу үшін қала тұрғындары ғана емес, консулдық округтің 20 провинциясында тұрып, білім алып жатқан жастарымыз да келіп жатыр.

Кейбір студенттердің өтініші бойынша елшілік қызметкерлері арнайы көлік ұйымдастырып, жастарымызды Түркия астанасына жеткізді.

Сонымен бірге олар үшін бөлек бағдарлама ұйымдастырылып, қазір футболдан турнир өтуде.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі жанындағы учаскелік комиссияның төрағасы Нұриддин Аманқұлдың айтуынша, сайлауда жоғары белсенділік байқалады, халық таңнан бастап өз таңдауын жасауға келіп жүр.

«Таңертең 7:00-ден бастап жұмысқа кірістік, сайлаушылардың легі бірден көбейді. Қазіргі уақытта студенттердің белсенділігі өте жоғары. Туған жерінен жырақта жүрген Қазақстан жастарының сайлау учаскелеріне бар ынтасымен келіп, өз таңдауын жасап жатқанына қуаныштымын. Барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Ешқандай төтенше оқиға жоқ. Барша жұрт мерекелік көңіл-күйде», - деді Н.Аманқұл.

Сонымен қатар, сайлау комиссияларының мүшелері Түркияда ашылған үш сайлау учаскесінде дауыс беру үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын және бұған ҚР Сыртқы істер министрлігінің тәжірибелі қызметкерлері тартылғанын атап өтті.

Түркиядағы түрлі халықаралық ұйымдар өкілдерінің арасынан тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, сайлау заңнамасы мен дауыс беру тәртібін бұзу фактілері болған жоқ.

Жұмыс белгіленген норма аясында жүріп жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521