ken-zhyloi.kz
29 наурыз күні ауданымыздағы балабақшалардың бірінде келеңсіз жағдай орын алған еді. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін «Nur Otan»партиясы аудандық партиялық бақылау комиссиясы шұғыл жұмысқа кірісті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында 2021 жылдың 7 сәуірінде әлеуметтік желіде кеңінен таратылған Жаңа Қаратон кентінде орналасқан "Балдырған" бөбекжай бақшасында болған оқиғаға орай партиялық бақылау комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті. Аталмыш балабақша тәрбиешісінің тәрбиеленуші бүлдіршін қыз балаға қол көтеру іс-әрекетіне қатысты мәселе толығымен талқыланып, зерделеніп, ұсыныстар берілді.
"Nur Otan" партиясының жарғысы мен партиялық бақылау ережесіне сәйкес "Балдырған" бөбекжай бақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, партия мүшесі З.Қ. Нұрмағамбетоваға өзі басқарып отырған мекемедегі орын алған келеңсіз жағдайға байланысты "сөгіс" түрінде партиялық жаза беруге ұсыныс берілді. Ал аудандық білім бөліміне тиісті қадағалаудың әлсіздігі үшін «алдын ала ескерту» түрінде партиялық жауапкершілікке тартуға Жаңа Қаратон және Құлсары аумақтық бастауыш партия ұйымдарына ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, қосымша айта кететін жайт, партиялық бақылау комиссиясы маңызды сұрақтарға әрқашан жауап береді. Ал тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты, тергеудің барысы мен нәтижесі бақылауда болады.
Ж.ӘБДІКӘРІМОВА