Тұрақты оқырман ұтыста да олжалы

Көптен бері оқырмандарымызды құлақтандырған ұтыс ойыны газет редакциясында өтті.

Ғаламтордағы селдей тасыған ақпараттың бәрі сүзгіден өтпеген, жақсысы да, жаманы да, пайдасы да, зияны да мидай аралысып жатыр. Оны ой-өрісі жетілген, талғамы қалыптасқан оқырман екшеп оқымаса, ойы піспеген жеткіншектер ыссылай қауып, зардабын тартуы да әбден мүмкін. Ал газет-журналдарда нақты оқиғалар мен деректер жарияланатыны белгілі. «Кең Жылой» газеті әр жылыойлықтардың шаңырағының төрінен орын алатынын тағы бір дәлелдеді. Өйткені ауданның жаңалықтарын, өзекті мәселелерін аудан газеті жазбаса, кім жазады? Аудан газетін жылыойлықтар оқымай, кім оқиды?

2019 жылы «Кең Жылой» 6700 дана таралыммен облысымыздағы аудандық газеттердің көшін бастады. Аумағы кең, халқы көп өндірісті өлкенің лекті бастауы заңды да. Бұл жетістік, қымбатты жылыойлықтар, ортақ жеңісіміз! Аудан газеті – өзіңіздің төл газетіңіз. «Кең Жылой» газетінің таралым бойынша жоспардан арта нәтижеге жетуіне, алдымен, аудан әкімішілігінің белсенді ұйымдастыру жұмыстары ықпал еткенін айта отырып, аудан әкімдігіне, соның ішінде аудан әкімі орынбасары Фарида Ахметоваға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, ауданымыздағы көптеген ірі мекеме, кәсіпорындар жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек балаларға «Кең Жылой» газетіне тегін жазылуға жағдай туғызды. Әрине, төл газетіне биыл да жазылған оқырмандарымыздың орыны өз алдына бір төбе.

«Кең Жылой» газеті оқырмандарының белсенділігіне баспасөзге жазылуға ынталандыру үшін ұйымдастырылған лотерея ойынында да көз жеткіздік. 2019 жылға баспасөзге жазылу науқаны басталғаннан бері аудандық «Кең Жылой» газетіне бір жылға жазылып, түбіртегін редакцияға тапсырғандар арасында лотерея ойнатылып, ұтысқа ұялы телефондар салынатыны туралы хабарладық. Содан бері 114 жылыойлық белсенділік танытып, аудандық «Кең Жылой» газетіне бір жылға жазылған түбіртектерін редакцияға әкеліп тапсырды. Ұтыс ойыны күні келіп жетіп, қаңтардың 8-і күні түбіртек тапсырған оқырмандарды редакция кеңсесіне шақырдық. Аядай кеңсеміз ұтыс ойынына жиналған 60-тай оқырманмен лезде толып кетті. «Кең Жылой» газетінің бас редакторы Сәулеш Шәтенова бір жылға газетімізге жазылған оқырмандарға ризашылығын білдіріп, сәттілік тіледі. Көптің көзінше қатысушылардың аты-жөні жазылған шиыршықтар толы лоторонды айналдырып, көп арасындағы бір адамға суыртып, сәті түскен ұтыскердің есімін анықтадық. Осылайша үш мәрте қайталанып, үш ұялы телефон иегері анықталды. Олар - Дәмелі Табынтаева, Сайханова Гүлбарам, Алмагүл Демесіновалар. Ұтыс ойынына қатысушылар осындай шараны ұйымдастырып жатқан редакцияға рахметін айтып, алдағы уақытта да төл газеттерінің тұрақты оқырмандары болатындарын жеткізді. Ал өзге оқырмандарға түгелдей жаңажылдық сыйлықтар таратылды.

С.ӘЛИ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521