Тұрғын үй кезегін бұзуға болмайды

Облыстық мәслихат депутаты сайлаушыларын қабылдады

Облыстық мәслихаттың депутаты Айтпай Сисенов Құлсары қаласының тұрғындарымен жүздесіп, қоғамдық қабылдау өткізді. Ол қабылдауға келген әр тұрғынды жеке-жеке тыңдап, олар айтқан мәселелердің шешілу жолдарын қарастырды.

Кездесуге алғашқылардың бірі болып келген - Асылан есімді азамат. Ол өткен 2016-2018 жылдар аралығында Теңіз кенішіндегі бір фирмада диспетчер болып қызмет атқарған. Өзінің баяндауы бойынша, ол жазықсыз жабылған жаланың құрбаны болып, жұмыстан қуылған. Оқиға 2018 жылдың жаз айында орын алған. Жұмыс уақытында өзінің екі әріптесі өздері жүргізетін вакуум автокөлігінен дизель отынын (солярка) ұрлаған. Ал Асылан болса оқиғаның куәгері ретінде жауапқа тартылған. Компанияның қауіпсіздік қызметіне жауап беретін маман Асыланға қоқан-лоқы көрсетіп, ұрлыққа түскен екі жүргізушінің қылмысын көргені жөнінде түсініктеме беруге үгіттеген.

Ол қылмысты көзімен көрмегендігін, өзгеге сырттай айып таға алмайтындығын айтқан. Өздері нәпақаларын тауып жүрген орнының мүлкіне қол сұққан қос қылмыскер жауапқа тартылып, оқиға орын алған уақытта-ақ жұмыстарынан босатылған. Қауіпсіздік қызметкерінің әрекеті салдарынан Асылан жұмыссыз қалған. Ол сол уақыттан бері өзінің тұрақты жұмыс таба алмай жүргенін, айрандай ұйып отырған отбасының берекесі қашып, әйелімен ажырасқанын, мойнында миллиондаған несиесі бар екенін кездесуде ашына айтты. Еш қылмысы болмаса да, қосақ арасында кеткен апталдай азамат жұмыс тауып бере алмаса да, аты-жөнінің қара тізімнен алынып, бұғатталған рұқсат қағазын қайта аштыруға халық қалаулысынан көмек сұрап келіпті. Осы мәселеге сәйкес бармаған жерім, баспаған тауым жоқ деп жан айқайын жеткізген тұрғынға депутат қол ұшын беретінін жеткізді.

Қаладағы Үйтас көшесі, №226 үйдің тұрғыны Сәнжан есімді азаматша осыдан 4-5 жыл бұрын келінінің атына жер алу үшін арыз берген екен. Оның айтуынша, 3 бөлмелі аядай үйде қоралы жан тұрады-мыс. Осыған орай арызын қайта қарастырып, жер алуды тездетуге жәрдем сұрап келген. Қозғалған мәселеге байланысты депутат сол уақытта қалалық әкімдікке хабарласып, мән-жайды анықтап, арыз иесінің 5175-кезекте тұрғанын біліп берді. Депутат жер алу мәселесін жеделдетуге жәрдемдесе алмайтынын, өз кезегін күтуден басқа амалының жоқтығын айтты. Басқаша әрекеттердің заңға қайшы болатынын да ескертті. Тұрғын Есенғалиев Нұрбек те жұмыссыздық мәселесі бойынша қабылдауға келіп, тиісті мағлұматтарын алып кетті.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521