Түнгі пойызды торыған ұры

Оқиға өткен жылдың жаз айларының бір түнінде Құлсары станциясындағы теміржол вокзалында орын алған еді.

 

Сол түні таңғы сағат 4.00 шамасында станцияға жолаушылар пойызы келіп тоқтаған-ды. Вагонға мысықтабандап енген орда бұзар отызға келіп қалған сұғанақ қолды ұры купелерді аралап жүріп, қолына іліп кетер бір нәрсе іздеді.

«Іздегенге – сұраған», бір купеге келгенде «Самсунг» маркалы ұялы телефон көзіне оттай басылды. Ұрымтал сәтті ұры құр жібермеді. Иесінің шырт ұйқыда жатқанын пайдаланған ол 100 мың теңгенің байланыс қондырғысын қалтасына салып алды да, оқиға орнынан із суытып үлгерді.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, ол бұл әдетін көп ұзамай тағы қайталады. Қоңыр күздің бір түнінде ол тағы да пойыз торуылдауға шықты. Тас қараңғылықты пайдаланған ұры тағы да таңғы сағат 4-те келіп тұрған дәл сол жолаушылар пойызының бір вагонына «көрінбей» кіріп кетті. Жұрттың қалың ұйқыда жатқанын жақсы білетін ол бір купенің есігін еркін ашып, бір жолаушының қара сөмкесін көтеріп кетті. Құны 20 мың теңге тұратын қымбат сөмкенің ішіндегі заттар да құнды болып шықты. Кейін тергеу кезінде анықталғанындай, онда 282798 теңге тұратын «Айфон-7 Red» маркалы ұялы телефоны мен гауһар тасты алтын сақина мен сырғалар, алтын неке жүзіктері мен күміс алқа, білезіктер, өзге де қымбат бұйымдар бар еді. Ұры купенің ұсақ жүк салғышында тұрған «Самсунг» маркалы ұялы телефонды да жымын білдіртпей өзімен алып кетіп үлгерген. Бір сөзбен, жолаушыға 1 млн 272 мың 798 теңге материалдық шығын келтірген.  

«Ұрының арты – қуыс» дегендей, түн жамылған ұрының қылмысы көп ұзамай әшкереленді. Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1 және 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауапқа тартылды. Өйткені ол көлік құралына заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін бірнеше рет  ірі мөлшерде ұрлап алды. Сотқа дейінгі алдын ала тергеу амалдары барысында айғақты заттар табылып, тәркіленді. 100 мыңның телефонын ұрлатқан жолаушы өз мүлкінің кері қайтарылуына байланысты істі қысқартуды сұрады. Ал  қымбат  заты тоналған жәбірленушінің бірқатар зергерлік бұйымдары мен «Самсунг» маркалы телефоны өз иесін тапты. Сондықтан ол сотта сотталушыға қояр талап арызының мөлшері 1 млн 212 мың 798 теңге құрайтынын айтып, мүліктік залал өндіруді сұрады.

Сот отырысында белгілі болғанындай, ұры ұрланған заттардың бірқатарын «МК-Ломбард»-қа өткізіп, сатып та үлгереді. Ал зергерлік бұйымдардың бірқатарын өзінің ұнатқан  қызына тарту еткен. Бірде күміс сырға мен сақина сыйласа, келесіде гауһар әшекей  беретінін айтып, мақтанады. Бірақ келесі күнгі кездесуде «Самсунг» телефонын ұсынады.

Аудандық соттың үкімімен пойыз торыған ұры жоғарыдағы бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп есептеліп, пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен бірге азаматтық жауапкер ретінде талапкердің пайдасына 1 млн 212 мың 798 теңге мен мемлекетке 12128 теңге баж алымы және сараптама жүргізу үшін жұмсалған 13384 теңге өндіру міндеттелді.

Ш.Исмағамбетова,

аудандық соттың судьясы,

Е.Қошақанов

өз тілшіміз.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521