Жылыойда түнде ішімдік сатқан дүкен анықталды

Түнде арақ сатқан дүкен

Аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Серікқали Тасқалиевтің хабарлауынша, бұл оқиға мамыр айының орта шенінде орын алған екен. Ол уақытта елімізге Төтенше жағдай режимі енгізіліп, ауданда қауіпті індеттің алғашқы белгілері пайда бола бастаған мезгіл еді.

Сол күні кешкісін үйінің ауласында отырып, жеке өзі араққа сылқия тойып алған Р. есімді азамат мас болып ұйықтап қалады. Таңғы сағат 3-тер шамасында оянып кеткен ол көшеге шығып, «бас жазуға» бел буады. Қаланың орталығында орналасқан аялдама-дүкенге келген ол сол жерден өзі секілді ішімдік аңсап жүрген, мас бойжеткенді жолықтырады. «Іздегенге – сұраған» дегендей, дүкеннің қасынан оларға таныс жігіт кездесе кетеді. Ол Төтенше жағдай режиміне қарамастан, түнімен жасырынып сауда жасап тұрған дүкеннен екі шөлмек арақ пен 10 бөтелке сыра сатып алады.

Қажеті табылған олар үшеулеп көрші учаскеде орналасқан иесіз ғимараттың қасына отыра қалып, «ащы суларын» сіміре бастайды. «Ахаң» мен «сырахаң» ортая бастағанда екі жігіттің санасына арам ой келе бастайды. Мастықтың буымен олар қасында отырған бойжеткенге «сөз салып», зорлауға оқталады. «Керек емес аға, мен әлі жаспын ғой!» - деп айқайлағанына қарамастан, екеулеп қорқытып ақыры арам ойларын жүзеге асырады.

-Осылайша Р. және А. есімді екі азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 120-бабы, 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған. Заң тілімен айтқанда: «зорлау, яғни адамдар тобы-ның алдын-ала сөз байласып, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, жәбірленушіге күш қолданып және жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып еркінен тыс жыныстық қатынас жасауы» болып табылады. Қазіргі таңда, қос қылмыскердің айыбы толықтай дәлелденіп, аудандық соттың қарауына жолданды. Егер сот кінәлі деп тапса, онда екеуі де 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін, - деді Серікқали Тасқалиев.

Әрине, қылмыскер тиісті жазасын ала жатыр. Осы жерде көкейде жауапсыз сауалдар туындайды. «Елімізде Төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі күшіне енгенде дүкендер неге түнімен сауда жасайды? Неліктен онда таңғы сағат 3-4-ке дейін арақ-шарап сатылады?», «Қазақтың намысы ару-қыздар» деп жүрген бойжеткеніміз мас болып, ол жерде не істеп жүр? Неге көшенің қуысындағы қараңғы жерде өзі дұрыс танымайтын жігіттермен жарысып арақ ішіп отырады? Бұл да болса, елімізде тәрбиенің тал бесігінің әбден осалсып кеткендігін анық көрсетсе керек!

Е.Есенов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521