Мемлекетті басқарудағы ашықтық пен қоғамдық келісім – уақыт талабы. Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы тұрақты диалогты жолға қою — бүгінде басым бағыттардың бірі. Аудан басшысының тұрғындармен кезекті есептік кездесуі осындай қоғамдық сұхбат алаңына айналды. Құлсары қаласындағы №6 орта мектептің акт залында жұртшылықпен өткен жарқын жүзді жүздесу – соның айғағы.
Сегіз кездесуде 290 мәселе көтерілді
Онда аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова қала тұрғындарымен кездесіп, қойған сұрақтарына жауап беріп, бірқатар мәселелерге қатысты нақты мәліметтермен бөлісті. Жиынға аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары, коммуналдық мекемелер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала әкімі Қадыржан Адинов және қала тұрғындары қатысты. Кездесу «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда тікелей эфирде көрсетілді. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Құлбаев жүргізіп, алғашқы сөз кезегін аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Айшуақоваға берді.
Гүлнафис Аязберікқызы өз сөзінде:
– Жиырма минуттық баяндама оқымай-ақ, нақты істермен бөліскім келеді. Аудан бойынша осы күнге дейін тұрғындармен 8 кездесу өткізілді. Онда барлығы 290 мәселе көтерілді. Оның ішінде 122-сі толық орындалды, 97 мәселе бойынша кездесу кезінде нақты жауап берілді, 64-і – орындалу үстінде, ал 7 мәселе әзірге шешімін тапқан жоқ, – деді.
Кездесу барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Құлсары қаласында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобаларға назар аударды. Атап айтқанда, асфальт төсеу жұмыстарының төртінші кезеңі басталғаны айтылды. Сондай-ақ қаладағы ескірген көпірлерді жаңарту жұмыстары қолға алынып, оның алғашқысы – жақында ғана «Достық» ықшамауданында пайдалануға берілген еді. Сонымен қатар, зираттарды қоршау жұмыстары жүргізілгені, қаланың орталық ықшамауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқандығы айтылды. Бұл жұмыстар 5-ықшам аудандағы көп қабатты үйлерді де қамтымақ.
Жұмыссыздық, баспана, қараусыз қалған нысандар...
– Барлық жұмыстар көз алдарыңызда. Бәрі ашық түрде, халықтың талабы мен сұранысына сай жүзеге асуда,-деді Г.Аязберікқызы.
Кездесудің келесі бөлігі тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беруге арналды. Олардың бірі базар маңында орнатылған жол белгілерінің дұрыс қойылмағанын, яғни «тоқтауға болмайды» деген белгінің жаяу жүргінші жолағына тым жақын орналасқанын сынға алды. Бұл сауалға аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі А.Нәсіпкерей жауап беріп:
– Жиын аяқталғаннан кейін арызыңызды жеке қабылдап, заң аясында қарастырамыз,-деді. Кей тұрғындар 8-учаскедегі қос қабатты апатты тұрғын үйлерге қатысты жаңа баспана сұраса, енді бірі қараусыз жүрген мал жайын көтерді. Сонымен қатар жұмыссыздық, баспана кезегі, аялдамалар салу, қаланың шеткі аймақтарындағы қараусыз қалған нысандарды ретке келтіру мәселелері де айтылды. Сұрақтарға сала мамандары мен бөлім басшылары тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар берілді.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Айшуақова:
– Осы уақытқа дейін атқарылып келе жатқан жұмыстарды көріп жүрсіздер. Әрине кемшіліктер де бар. Сынды да объективті түрде қабылдауға, кемшіліктерді бірлесе жоюға да дайынбыз. Жалпы қолға алынған іс-шаралардың барлығы дерлік осы уақытқа дейінгі кездесулердегі тұрғындардың көтерген мәселелері. Ең бастысы – ашық әрі сенімді байланысымыз үзілмесін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болғай!-деп жиынды түйіндеді.
А.МОЛДАШЕВ