Қазіргі таңда газ, су, жарық, жұмыссыздық тағы да сол секілді күрделі мәселелер күн тәртібінен түсіп көрген емес. Үлкен қалаларда ғана емес, аудандарда, ауылдарда жол салу мәселесі күрделі болып тұрған жайы бар.
Жол-тіршіліктің күретамыры. Бұл артық айтқандық емес. Себебі, межелеген жерге уақытында жету осы асфальт жолмен байланысты да. Әсіресе, қазіргі кездегідей көлік көбейген заманда қаламыз сапалы, әрі ұзаққа шыдамды жолды қажет етуде. Қазіргі уақытта ауданымызда халық саны өсуде. Халық саны көбейген сайын көлік саны да ұлғаюда. Тіпті әр отбасында бір емес екі-үш көліктен бар десек те болады. Жұмыс күндерін қоса алғанда аптаның демалыс күндері орталық көшелерде немесе базарларда үлкен қалалардағыдай көлік кептелісі орын алып жатады.
Жуырда көптен айтылып жүрген орталық көшеміз Махамбет даңғылы бойында аудандық әкімдік ғимаратының алды қайтадан күрделі жөндеуден өткен-ді. Көп уақыттан бері әлеуметтік желілерге салынып, көптің талқысына түсіп жүрген болатын. Тұрғындардың қуанышына орай орталық көшеміздің асфальт жабындысы қайта салынады. Алайда, әлі де, шұрық тесік болып қалған, тозығы жеткен көше жолдары қаламызда жетіп артылады. Соның бірі -қаламыздағы Сыдиықов көшесі. Аталған көше ауданымыздағы маңызды көшелердің бірі десек те болады. Өйткені Махамбет даңғылымен қиылысатын бұл көше тікелей Халыққа қызмет көрсету орталығына т.б нысандарға апаратын көше жолдарының бірі. Қаламызда аталған көшеден басқа да, сапасыз жолдар баршылық екенін білеміз. Алайда, Сыдиықов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қазіргі таңда аса қажет болып тұр.
Жолдың сапасыздығынан жол-көлік оқиғалары да жиі болып жатады. Кедір-бұдыр жолда әрлі-берлі қашамын деп көлік тізгініне ие бола алмай қалып та жатқан жүргізушілер кездесуде. Шұңқырлардан қашамыз деп, қарсы бағытқа шығып та жүрміз. Ал бұл өзге көлік жүргізушілеріне қауіпті.
Жалпы статистикаға сүйенсек жол-көлік оқиғаларының себебіне бірқатар факторларды жатқызуға болады. Бұлар: ауа-райы және жолдардың қауіпсіздігіне байланысты. Алайда, ең бастысы – адами фактор. Біздің көлік жүргізушілердің мәдениетінде әлі де кемшіліктер бар екендігін аңғарамыз.
Жалпы, жол мәселесі газетімізде жиі жазылып келеді. Жуырда Орталық Махамбет даңғылы «Қазпошта» АҚ мен А.Завершинский көшесі аралығының автомобиль жолы күрделі жөндеу жұмыстарының жүруіне орай жабылған еді. Осы орайда Сыдиықов көшесі де жөндеуден тыс қалмаса екен деген ұсынысымыз бар.
А.МОЛДАШЕВ