Суретші Ләззаттың бір күні

ҚОЛЫМА ТИГЕН «ПАТРИОТ – ТҰЛҒА» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТАНЫМДЫҚ – ТАҒЫЛЫМДЫҚ ЖУРНАЛДЫҢ 2021 ЖЫЛҒЫ №5 САНЫН ҚЫЗЫҒА ҚАРАП ОТЫРМЫН. ЖУРНАЛДЫҢ СЫРТҚЫ БІРІНШІ БЕТІНЕ ТАЛАНТТЫ МҮСІНШІ-СУРЕТШІ, КӨПТЕГЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ СЕРІК МӘТЕНИЯЗОВ ПЕН ЖАРЫ ЛӘЗЗАТ МАМЫРОВАНЫҢ АЛЫП ТҰЛҒАЛЫ МҮСІН ҚАПТАЛЫНДА ТҮСКЕН СУРЕТТЕРІ БЕРІЛІПТІ. СҮЙСІНЕ, ЖАНЫМ ЫРЗА БОЛА ҚАРАП ОТЫРМЫН. СЕРІКТІҢ ШЕБЕР МҮСІНШІ ЕКЕНІН, ӨНЕРЛІ ӨРЕН ЕКЕНІН, СІРӘ, БІЛЕМ ҒОЙ. ОЛ ТУРАЛЫ «ҚАЙРАН ДА ҚАЙРАН ІНІЛЕР» АТТЫ КІТАБЫМДА ЖАЗҒАНМЫН. ОЛ ТУРАЛЫ ТАЛАЙ БЕДЕЛДІ БАСЫЛЫМДАР МАҚАЛА ЖАЗДЫ. ЕНДІ, МІНЕ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖУРНАЛ... ДЕМЕК ОНЫҢ ЕСІМІ, ЕҢБЕГІ РЕСПУБЛИКА КӨЛЕМІНДЕ КЕҢІНЕН ТАНЫМАЛ ДЕГЕН СӨЗ.

Журналдың 2 -7 беттерінде Серік және оның жары туралы талантты журналист жазған көлемді материал берілген. Мәселен, мұқабаның 2- бетінде мынаны оқуға болады: «Қазақ өнерінің қайраткері, Испанияда суретшілердің қашықтықтан өткізілген «Dali s Mustache» атты халықаралық конкурсының III дәрежелі, Америкада өткен «American Edition» халықаралық конкурсының II дәрежелі және Мәскеуде өткен «Magic muse» атты халықаралық байқауының I дәрежелі дипломанты, мүсінші Серік Қамидоллаұлы Мәтениязов жары Ләззат Оңғарқызы Мамыровамен». Сонымен бірге осы бетте Ләззаттың да салған үш – төрт суреті берілген. Серіктің бұрынғы мүсіндерімен қоса соңғы жылдары жасаған мүсіндерінің де суреттері берілген. Соның ішінде елді, жерді жаудан қорғаған Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлардың, еңбек ардагері Шафих Ізбасовтың, Социалистік Еңбек Ері Сәли Шәкірованың, сондай – ақ, дүлдүл ақын Жұмекен Нәжімеденовтың, «Кісен ашқан», «Ұйқыда», «Қолшатыр астында», «Оралу», «Алтын сақа», «Жағалауда», «Сыбызғы үні» мүсіндері журналдың көркемдігін асырып, мерейін биіктетіп тұр.

«Мерейлі мекен» атты тағы бір республикалық қоғамдық – саяси, ақпараттық – танымдық журналдың 2021 жылғы 1 -2 санында да «Мүсінші Мәтениязов» деген материалмен «Махамбет Өтемісұлы» ескерткіші, Сафи Өтебаев мүсіні, «Алтын адам» (Құлсарыда), «Мүсінші мен суретші» деген мүсіндердің суреттері берілген.

«Мүсінші Мәтениязов» деген мақаланың алғы сөзінде былай деп жазылыпты: «Ол – қазыналы өңірдегі тұңғыш кәсіби мүсінші. Сан мәрте облыстық және республикалық көрме – конкурстардың жеңімпазы, «Ақ ерке Жайық» фестивалінің Гран – При иегері. 2005 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан мүсінші облыс көлемінде орнатылған 30-ға жуық монументальді декоративті мүсіндердің авторы ретінде кеңінен танымал. Қазақстан республикасы Суретшілер және дизайнерлер одақтарының мүшесі».

Серік Мәтениязов журнал тілшісіне берген сұбхатында былай дейді: «Бүгінгілердің міндеті – ұлы тұлғаларымызды ұлықтау. Осы арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу керектігін де ескеру қажет. Мен осынау бейнеті мен зейнеті, мехнаты мен машахаты мол кәсіпті мұрат тұтқаныма еш өкінбеймін. Менің жолымды таңдаған кіші қызым Айгүл – жоғары білімді дизайнер. Інім Дулат қамшы, торсық, ожау- қасық жасаудың сырын меңгерген, есімі аудан энциклопедиясына енген маман. Үлкен тапсырыс болмаған кезде қолөнер бұйымдарын жасаймын, керамикамен айналысамын. «Өлі жебемей, тірі байымайды» демекші, қазақтың Алашқа әйгілі арыстарының рухын тірілтіп, салт – дәстүрімізге, тарихымызға қатысты деректерлі мүсін тілімен сөйлету – менің басты мақсатым».
Бір кездескенімде Серіктің өмірдегі сенімді серігі, жары, мықты тірегі де сүйеуі, ардақты ақылшысы болып жүрген сындарлы суретші Ләззаттың өмірдерегімен танысқым келетінін айттым.
...Жайдары да жайраңдаған жаздың енді бастала берген кезі. Институт қабырғасында оқып жүрген студенттер Оңғар мен Розаның отбасы. Шымкент қаласы. Маусым айының 9-жұлдызы, 1967 жыл. Толғата бастаған Роза «Жедел жәрдеммен» дереу әйелдер босанатын үйге жөнелді. Көп ұзамай дүниеге қыз бала келді. Ол осы Ләззат болатын. Жас отбасы оқуларын алаңсыз аяқтауы үшін, Ләззат нағашы атасы Елеусіз бен әжесі Рахияның қолында тәрбиеленеді. Ләззаттың нағашы атасы да, әжесі де ұлағатты ұстаздар болатын-ды. Нағашы атасы Елеусіз Шымкент аймағына белгілі мұғалім, жоғары оқу орындарына дәріс берген, филология ғылымының кандидаты. Мекемтас Мырзахметов сынды профессор, ардақты азаматтың ұстазы.

Отбасының тұңғышы Ләззаттан кейін өмірге төрт ұл келген. Өкінішке орай Ләззаттың екі інісі дүние салып, өскен ортасын өкінішке қалдырғанын қайтерсің! Шүкір, қазір екі інісі бар. Асан құқық қорғау саласында қызмет істеп, зейнетке шықты. Ал Нұрбол аналарын бағып отырған азамат. Әкесі Оңғар биыл көктемде, 74 жасында дүниеден өтті.
Ләззат бала кезінен арманшыл, қиялшыл еді. Бала кезінен нағашыларының тәрбиесінде болған кішкентай Ләззат балерина болуды армандайтын. Бірақ қолы сурет салуға епті, икемді бола берді. Қолын сурет салуға жаттықтыру үшін нағашы атасы мен әжесінің суретін сала беретін. Қолы үйренгесін тауықтардың, балапандардың, айналасындағының бәрінің суретін сала бастайды. Сөйтіп, биші боламын деген асқақ арманы өзінен – өзі суретшілікке ауысып жүре бергенін қайтерсің. Балбыраған бала қиял оны әркез қанаттандырып, биікке ұмтылдыратын.
Шымкент облысының Сайрам ауданындағыа орта мектепті 1985 жылы тәмамдаған Ләззат одан әрі оқып, жоғары білім алуды алдына биік мақсат етіп қойды. Ол мектепте көпшілік-қоғамдық жұмысқа белсене қатысты. Мектепте қабырға газетін шығару, мектепті безендіру жұмысымен айналысатын. Мұғалім ата-анасы Ләззаттың да ұстаз болғанын қалады. Сөйтіп ол 1985 жылы М. Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы дипломға ие болады. Институтты бітірген соң Сайрам ауданындағы Қарасу ауылы орта мектебінде сурет, сызу, технология пәндерінен сабақ беруге кіріседі. Алғашқы мұғалімдік соқпақ, алғашқы сабақ, жәудір көз балалар бейнесі Ләззаттың көңіліне берік орнығып, жанын жылытып, жүрегін нұрға толтырып қала бергені ақиқат. Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша мұғалімдерді оқыту курсын бітіреді.

Тағдыр Ләззатты Серікпен табыстырды. 2013 жылы жандары жарасып, жүректері жұптасқан, көңілдері қосылған екеуі біріне – бірі лайық жұп аталып келеді. Ләззат жарының сүйікті ісімен алаңсыз айналысуына барынша мүмкіндік туғызып отыр. Жандары жарасқан жұбайлар өзара ынтымақтаса еңбек етуде. Ләззат Серіктің жеке кәсіпкерлігінде шығармашылықпен айналысады. Әлденеше рет аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық көрме – конкурстарға қатысып, талай жүлдегер атанғаны тағы бар.

2013 жылы қаржыгерлер күніне орай «Ақжелкен» шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Ұлттық теңге – валюта» атты облыстық көрмеге қатысып, Атырау облыстық қаржы басқармасының бастығы Б.М.Жылқыбаевтың Алғыс хатымен, 2014 жылы халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған «Атыраудың сырлы жауһарлары» атты IV облыстық қыз-келіншектер көрмесіне белсене атсалысқаны үшін «Жерұйық» мәдениет орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Н. Дәулетовтың Алғыс хатын иеленгені бар. Сондай-ақ, «Ақжелкен» шығармашылық орталығында өткен «ҚайРа» атты ұлттық жанрдағы республикалық көрмеге қатысқанын айтқан жөн. «Киелі мекен Кең Жылой» атты Жылыой ауданында өткен облыс суретшілерінің пленэріне қатысып, Атырау облысы әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен және ақшалай сыйлығымен марапатталды. Құлсары қаласында орнатылған Жылыой өңірінің Аралтөбе аймағынан табылған «Алтын адам» ескерткішін жасауға да қатысты.
Ләззат Оңғарқызы 2015 жылы «Атыраудың сырлы жауһарлары» атты V қыз – келіншектер көрмесіне қатысып, Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқармасының басшысы Л.Жұмағалиеваның Алғыс хатын иеленді. «Ақжелкен» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «ҚайРа» атты ұлттық жанрдағы республикалық көрмеге, жеңістің 70 жылдығына орай Атырау облысы Исатай ауданындағы Жеңіс саябағына орнатылған «Қара қағаз» және «Қаһарман жауынгер» мүсіндерін жасауға қатысты.

2016 – 2018 жылдары Құлсары қаласының 15 жылдығына арналған «Өнерімен танылған өркенді ел» атты мүсін, сурет, қолөнер шеберлерінің көрмесіне, «Рухани қазына» атты мәдениет саласы қызметкерлерінің аудандық форумына қатысып, қалалық әкімшіліктің, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Дәстүрлі ұлттық қолөнер – өшпес мұра» атты қолөнер шеберлерінің көрмесіне ұлттық салт – дәстүрлік құндылықтарды насихаттайтын қолөнер бұйымдарын жасап қатысқаны үшін I орынды иеленді. Жылыой аудандық «Атамұра» музейінің Алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, 2020 жылы Жылыой ауданы қолөнер шеберлері мен суретшілері арасында өткізілген байқауда бірінші орынды иеленген Ләззат Оңғарқызы ТШО-ның дипломымен марапатталды.

2021 жыл Ләззаттың жемісті де жеңісті жылы десе болады. Өйткені, Москвада қашықтан өткен «Magic muse» халықаралық конкурсында «Жағалау» атты жұмысы үздік шығып, I дәрежелі, Испанияда қашықтан өткен «Dali s Mustache» халықаралық суретшілер конкурсында «Жаз айы» атты жұмысы үшін I дәрежелі, Америкада қашықтан өткен «American Edition» халықаралық конкурсында «Нұржамалдың портреті» атты жұмысы үздік шығып, I дәрежелі дипломына ие болды.

30 қыркүйек күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Құлсары қаласының 20 жылдығы аясында өткен «Қол өнер – мол өнер» атты қолөнер шеберлерінің аудандық байқауында II орынды иеленді. Ал, 15 қазан күні ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Құлсары қаласының 20 жылдығына орай мүсінші С. Мәтениязов екеуі «Арманым көп алғы күнге жетелер» атты отбасылық көрмелерін өткізулеріне байланысты Жылыой ауданы әкімі Х. Жамаловтың Алғыс хатымен марапатталды.

8 қараша күні еді. Аудандық музейдің залында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ұлы даланың жеті қыры» атты тақырыппен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы зергерлік бұйымдар коллекциясы экспедициясының көрмесі өтіп жатты. Көрмені қызықтаушылар көп. Бір жерде мүсінші С. Мәтениязов сегіз өрім қамшы өріп отырса, енді бір жерде оның жары суретші Ләззат Оңғарқызы портрет салуға кірісіпті. Әп – сәтте әлгінде басталған суретшінің қол қимылы шебер туындыны жасап шығарды.

Келісті келбетті, ұяң жүзді, шырайлы келіншектің шығармашылығына берілген сәтіне сүйсіне қарадық. Шапшаң, шабытты қимылдайды. Сурет салу сәтінде ештеңемен алаңы жоқ Ләззат өз ойымен, өз идеясымен ғана іске беріліп, қолға алған жұмысын сапалы, сәтті аяқтағанша бір тынбайды. Ендеше, ел үшін еңбек етіп жүрген жанға болашақта да өрісті табыс тілейміз.

Қонаш ҚАЛДЫОРАЗҰЛЫ,
ҚР Халықаралық Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі,
Жылыой ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521