Сұлулық сыйлаушы Бибінұр

Көркемдік пен сұлулыққа әуестік, одан рухани жан рахатын алу – адамның табиғи қасиеті. Соның ішінде, әйелдер қауымының өзгелерден әдемі көрінуге келгенде ынта-ықыласы өте ерекше болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, сұлулық – нәзік жандар арасындағы орынды бәсекелестік.

Түр-әлпетті ретке келтіріп, қасты түзеп, кірпікті сүрмелеп, ерінді далаппен бояп жүру бүгінде көптеген қыз-келіншектердің күнделікті әдетіне айналған. Ал той немесе салтанатты көңілді жиындарға барарда қыздар қауымы арнайы маманның көмегіне жүгініп, бет әрлеудің ерекше үлгілерін жасатып көруге ұмтылады. Соған сәйкес, бүгінде «бет әрлеуші» мамандарға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан да бұл мамандықтың иелері бір орында тұрып қалмай, кәсібін жетілдіріп, білім алып, өздерін дамытып отырады. Өз саласында өзінің сүйікті кәсібімен айналысып жүрген, аудандағы сондай алдыңғы қатарлы визажист мамандардың бірі – Бибінұр Дүкесова.

Бибінұр Сайлауқызы Құлсары қаласында дүниеге келген. Ол мектепті тәмамдаған соң Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Онда 2009-2013 жылдар аралығында есеп және аудит мамандығы бойынша білім алады. Бірақ табиғатынан сұлулыққа жаны құмар арудың бет әрлеу саласына деген қызығушылығы тым жоғары еді. Тек анасының «Қызым! Бет әрлеуші – бұл қосымша табыс табуға арналған кәсіп. Болашақта тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік туғызатындай дұрыс оқу оқығаның жөн» деген бір ауыз сөзі үшін ғана осы есеп және аудит мамандығына құжат тапсырып, оқығандығын айтады өзі.

Солай бірнеше жыл оқыған мамандығым бойынша жұмыс істеп, ақыр соңында өзімнің жаным қалаған сұлулық әлеміме оралдым. Бастапқыда «Өзін-өзі әрлеу» шағын курстарына қатысып, жұмысымды өзімді әдемілеуден бастадым. Әрі қарай, жақындарымды, құрбыларыма макияж жасап, қолымды жатықтыра бердім. Уақыт өте келе «Базалық курста» оқып, дамуға ұмтылдым. Себебі, өзімнің осы саланың маманы екенімді анық түсіндім. Болашағымды да осы «бет әрлеу» жұмысымен тікелей байланыстыра алдым. Қазір, міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, 5 жылдық тәжірибесі бар визажистпін. Бұл салада жеткен жетістіктерім мен алған марапаттарым да бар. Өткен жылдарда «Ең үздік визажист Құлсары- 2020» «Ең үздік визажист Атырау -2021» атақтарына ие болдым. Марапаттаулардан бөлек осы кәсіптің арқасында ойдағы жоспарларымды жүзеге асырдым. Жақсы жандармен араласып жүрмін. Көптеген қыз-келіншектерге арнап «шеберлік сыныптарын» ұйымдастырып, макияждың қыр-сырын меңгерттім. Әрі, осы салада менің жаныма бір жағымдылық сыйлайтын творчестволық еркіндік бар. Жалпы, біздің жұмысымыз суретшілердің шығармашылығына ұқсас. Мысалы, суретшілердің туындысының сәтті шығуы қолына ұстаған қылқаламын ақ қағазға қаншалықты шебер бағыттай білуіне байланысты шығады ғой. Бет әрлеу де солай. Біреуді бояндырудың сәтті шығуы арнайы қылқаламдармен дұрыс жұмыс істей білуіңе байланысты. Осы арқылы онсыз да сұлу қыздардың өзгелер байқай бермейтін, жасырын сұлулығын айқындап береміз. Алдыма келген әрбір қыз-келіншек рахметін ғана айтып кетеді,–дейді ол.

Бибінұр бет әрлеу мамандығы бойынша алғашқы шеберлік сырын алматылық Жәнел Ыбыраева атты визажист маманнан үйренеді. 10 күнге созылған сабақта күніне кемінде 4-5 сағатқа жуық дәріс оқытылатын еді. Өзі сабақтан кейін жаяулатып үйге шаршап қайтып келе жатса да, көз алдына белгілі бір жетістікке жеткен «мықты кәсіпкер Бибінұрдың» бейнесін елестетіп жүреді екен. Оны асқақ арманы алдамады. Сол үшін де алғашқы ұстазына алғыс айтады. Одан кейін де бір орында тұрып қалмай, Ақтөбе, Ақтау, Алматы қалаларына барып өзін-өзі жетілдіріп тұрады.

«Біздің Қазақстанда да озық білімді, керемет визажистер бар. Сол үшін шетел жағалап кетпей-ақ, сол тәжірибелі мамандардың алдынан өтсең болғаны»,- дейді.

Мақаламыздың кейіпкері келушілерге бетті күту, қартаймай,жастық қалпын ұзақ сақтау жолдарын да үйретеді. Бет терісіне сәйкес, сапалы косметика таңдауға кеңес береді. Ең бастысы, Бибінұрдай тәжірибелі маманнан дәріс алған қыздар бүгін де осы салада еңбек етіп, табыс тауып, кәсіп көзін бастауда. Ал Бибінұр Сайлауқызының алға қойған ендігі мақсаты: кәсібінің ауқымын кеңейтіп, жеке сұлулық салонын ашу. Белгілі бір уақыт кестесіне бағынбайтын сүйікті жұмысының атақты шебері атанғысы келеді оның.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT