Су жаңа балабақшалар неге екі жылға жетпей жабылды?

Әрқайсысы 290 балаға лайықталған қос балабақша дәл бүгін жабық тұр

«Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы арқылы әрқайсысы 1 млрд 128 млн теңгеге салынған 290 орындық қос балабақша 2018 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген еді. Әу баста құрылысқа тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы болса, оны қабылдап алған «Орлан» ЖШС мердігер компаниясы толық дайын болысымен балабақшаларды қала әкімдігінің меншігіне өткізген. Алайда екі жыл өтпей жатып, қос балабақшаның қабырғасынан жарық байқалып, едені отырып кеткен. Бұл жөнінде «Өркен-2» бөбекжай меңгерушісі Айсұлу Қариевадан сұхбат алған болатынбыз.

-Осы 2020 жылдың көктем айында жерасты суы көбеюімен жауын-шашындарға байланысты ғимараттың жарларында жарықтар пайда бола бастады. Одан кейін еденнің еңкейіп түсуі байқалды. Қабырғалар еденнен ажыратыла бастады. Соған байланысты өзіміздің тарапымыздан зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде жөндеу жұмыстары қажет екені анықталды. Елімізде болып жатқан індетке байланысты балабақша карантинге жабылды. Тамыз айының 17-сінен бастап балабақшаларда кезекші топтар ашылуына рұқсат берілгеннен кейін біздер бұл балабақшаға баланы қабылдауды тоқтаттық. Өйткені балаға қауіпті деп шештік.

Дәл осындай жағдай «Әсем-2» бөбекжайында да кездесіп отыр. Қазіргі уақытта қабырғада пайда болған жарықтар мен еденнің отырып кетуі салдарынан балабақша жұмысын тоқтатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, қос ғимараттың мұндай жағдайға түсуіне сордың үстіне салынғандығы мен жерасты суының әсері болса керек.

«Әсем-2» бөбекжайы меңгерушісі Разия Жұмағалиеваның айтуынша, бұл ғимарат 2018 жылы 17 қыркүйекте пайдаланылуға берілді. Бұл балабақша жаңа заманауи талаптарға сай жабдықталған. 290 орындық балабақша типтік жобада салынғанын айтты. Сәуір айында балабақша жұмысын тоқтатқан дейді. Одан кейін балабақшаның қабырғаларында жарық пайда болып, еденнің түсуіне байланысты техникалық зерттеп қарау жұмыстарын жоспарлаған. Қорытынды нәтижесі апаттық жағдайда деп танылған жоқ дейді балабақша меңгерушісі.

-Аталған мәселеге орай балабақша ұжымы техникалық зерттеу жасатқан. Нәтижесінде жағдайдың қанағаттанарлық екені, жұмысты жалғастыра беруге болатыны туралы жауап алыпты. Ал «Су жаңа балабақшалардың екі жылға жетпей жабылуына не итермеледі?» деген сұраққа қала әкімдігіндегі мамандар жерасты суларының көтерілуін алға тартты. Алайда «Құрылысқа рұқсат берерде судан құрғамайтын, әрі сайлы жерді таңдауға қандай қажеттілік болды?» деген сауалға мардымды жауап ала алмадық. Біржақты пікірмен тоқталмай, әкімдіктен де пікір алған болатынбыз.

Қала әкімі орынбасары Арай Нұрмаханованың айтуынша ағымдағы жылдың тамыз айында білім бөлімінен Құлсары қаласы әкімі аппаратына мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайтын балабақшалардың барлығы теңгерімге беру жөнінде қаулы шыққан болатын. Көктем айларында екі балабақшаның ғимаратының жарларында жарықтар пайда болды. Осыған сәйкес техникалық қорытынды жасақталды. Қорытынды бойынша балабақшалар жарамды күйде.

Әрқайсысы 290 балаға лайықталған қос балабақша дәл бүгін жабық тұр. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Орлан» ЖШС-нің екі жылдық кепілдік мерзімі аяқталса да, компания көмек ретінде осы күнге дейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп келген. Қазіргі таңда қаладағы 580 бүлдіршін балабақшаға бара алмай отыр. Құрылыстың қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Ал, жергілікті әкімдік үнемі судан құрғамайтын сай жерді таңдағаны тағы да жұмбақ.

Айзада ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521