Су көздерін пайдалануды реттеуші маман керек

Тақтайдай тегіс тасжолмен жүйткіген көлігіміз Қара-Арна округіне зыр еткіп еніп келеді.

Терезеден көзімізге оң төскейде жайылып жүрген қора-қора қой түсті, одан әрі үйір жылқы желіп келеді екен. Жаңа заманға сай жаңғырған үйлер де қаздай тізіліп жатыр. Әр жерде орналасқан қоқысқа арналған тор жәшіктердің өзі қалыпқа түскен тиянақты тұрмыстан хабар бергендей.Округ әкімшілігі ғимаратында шоқпартоғайлықтарға ауыл әкімі Ерболат Елеусінов биылғы жасалған жұмыстарының есебін нақпа-нақ баяндап берді, жоспардағы істерін де жария етті.

Көп іс тынғаны белгілі, бұл туралы газеттің алдыңғы санында түгел жарияланды. Ал тұрғындар не дейді екен? Ауыл тұрғыны Есен Жиенқұлов кей көшеде тоқ желісі жоқ екенін, сондай-ақ қоқыс алып кетуші мекеменің тарифін түсіру туралы мәселе көтерді. Ауыл әкімі алдыңғы мәселе бойынша жұмысты қолға алған «Лайга» мекемесінің әзірше жұмысын тоқтатып тұрғанын, өйткені жобадан шикілік шыққанын айтты. Тоқ желісі теміржол өткелі арқылы өту керек болғандықтан, «Қазақстан теміржолы» мекемесі қайтадан жасалған жобаны сараптамадан өткізбек.

Бұл жұмыс биыл аяқталып, нәтижесінде бұрынғы 12 трансформаторға 5 жаңа трансформатор қосылып, желілер жаңартылып, ауылдағы электр қуаты көзі күшейтілмек. Ал «Жылыой-тазалық» ЖШС атқарушы директоры Бағытжан Маханжаров қоқыс алудың бағасын түсіруді жергілікті әкімдікпен кеңесе шешуге тырысатындарын айтты. Шоқпартоғайлық Бағытжан Ерғалиев IDTV қондыру және телефон желілерін жаңарту жөнінде сұрақ қойды.

Бұған «Қазақтелеком» мекемесі басшысы Ерқұл Дәулетбаев былай деді: «Қазір мұнда интернет «Altel 4 G» арқылы таратылып отырғанын, ескі желіні жаңартқанмен, интернет те, IDTV де жүрмейді, себебі қашықтық ұзарған сайын сапа болмайды. Сондықтан желі жаңартылмайды, орнына станция қойылады. Қазір 3G деген станса тұр, оны 4G-ге аударған соң интернет мүмкіндігі зораяды. Бұл техникалық шешім малды ауылдарды қоса бүкіл аумақты қамту үшін жасалды».

Ауыл тұрғыны Мырзабай Мұханов газет-журналдардың уақтылы таратылмайтынын айтты. Ал аудандық мәслихат депутаты Сейітжан Балжігітов ауданда табиғи су көздерін реттеуші маман болуы керек деген ұсыныс айтты. Өйткені Жем суын мал шаруашылығына қатар пайдаланып отырған екі ауыл жылда суға таласып қалады. Бөгетті «ал, сал» деп жанжалдасып отырмау үшін шлюз жасалуы керек.

С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521