Су көлемі 12 мың текше метрге ұлғайды

 Шіліңгір шілдедегі су тапшылығы – ауданымыздағы №1 өзекті мәселе еді.

Ауданымызға жаңадан тағайындалған аудан әкімі Азамат Бекет жұмысын осы №1 мәселені шешуден бастады. Себебі...су тіршілік – көзі. Сондықтан ол бірден «Жылыойсу» МКК-ның су сорап стансасына барып қалыптасып отырған ахуалды білді. Бұдан соң халыққа Қиғаштан су тасымалдаушы "ҚазТрансОйл" АҚ-ның ауданымыздағы филиалының жұмысымен, күніге берілетін су көлемінің мөлшері, су жинақтаушы нысандар мен құрылғылар барысымен егжей-тегжейлі танысып шықты.

Шіліңгір шілде айындағы 50 градусқа таяу ми қайнатар ыстықта судың шүмектен сыздықтап ағып тұрғаны – шынында да қиын проблема. Осы мәселені шешу үшін арнайы комиссия жасақталды.

10 шілде күні Жылыой ауданы, Құлсары қаласына су тапшылығының болуын зерделеу мақсатында құрамында «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары, инженер маманы, аудитор және "Магистральды құбырлар суағызғысы" ЖШС директоры бар бір топ комиссия мүшелері ауданға аудан әкімдігінің шақыртуымен келді. "Нұр Отан" партиясының ауданымыздағы филиалының мәжіліс залында аудан әкімі Азамат Бекет өткір мәселені жан-жақты зерделеуге келген комиссия мүшелеріне "ҚазТрансОйл" АҚ ұжымына алғыс айтып, қазіргі қалыптасқан ахуалды бірге зерделеу үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан да құрылған комиссия мүшелерімен таныстырды. Басқосуға қатысқан аудандық мәслихат депутаттары «ҚазТрансОйл» компаниясының өкілдеріне су тапшылығының халыққа қиын тиіп отырғанын ашық та ашына айтты. Аудан әкімі бастаған топ «ҚазТрансОйл» өкілдеріне жылыойлық тұрғындарға берілетін күндік су мөлшерін 13 мың текше метрге дейін ұлғайтуды сұрады. Алдын ала жан-жақты сараптау нәтижесінде жаз айындағы жылыойлық тұтынушылар сұранысын қанағаттандыру үшін осы мөлшерде су қажет екендігі нақтыланып, белгіленген болатын.

Комиссия мүшелері аудан әкімдігі тарапынан берілген ұсынысқа орай шешім қабылдамас бұрын ауданымызда бірнеше күн зерделеу жұмыстарын жүргізді. Олар қала тұрғындарына су жеткізуші «Жылыойсу» МКК-ның жұмыс барысымен, мекеменің тұрғындарға су жеткізу сызбаларымен және жалпы нысанның қызметімен танысып, өзекті проблеманы жете түсінді. Комиссияның зерделеу жұмысының нәтижесі халықты қуантарлық шешім қабылдаумен аяқталды. «ҚазТрансОйл» АҚ магистральды су таратқышы Құлсары қаласына су беру мөлшерін тәулігіне 9 мың 400 текше метрден 12 мың текше метрге дейін көбейтті.

- Облыс басшылығының «ҚазТрансОйл» АҚ-мен келісіміне сәйкес екіжақты комиссия құрылды. Комиссия мүшелері Құлсарыда берілетін су мөлшерін көбейтуге шешім қабылдады, -дейді Жылыой ауданы әкімі Азамат Бекет. - Жаз мезгілінде күннің ыстығы салдарынан, әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабатында тұратын тұрғындар су проблемасына байланысты қиындық көріп келген еді. Берілетін су көлемінің көбеюі арқасында қазір мәселе бірыңғайланды.

Ия, жоғарыда атап өткеніміздей сусыз тірлік жоқ. Сондықтан аудан халқының қаққан дабылына дер кезінде мән беріп, мәселені шеше білген облыс, аудан басшылығына тұрғындар риза.

«Су ықшамаудандардағы көпқабатты үйлердің бесінші қабаттарына дейін көтерілді ме?», «Ауызсудың берілуі Құлсары қаласындағы барлық ықшамаудандар мен учаскелерде көңіл көншітерлік пе?». Біз осы сұрақтарды қала тұрғындарына қойған едік.

Нұрмаш САҒЫНҒАЛИЕВ, ПНГС ықшамауданының тұрғыны: - Кешеден бастап өзім тұратын №10 үйдің 2-қатарына су көтерілді. Көптен бері суды жөнді пайдалана алмай жүрген соң, бұл жаңалық бізді қуантып тастады.

Айнұр ЖАРМҰХАНБЕТОВА, 1-ықшамаудан тұрғыны: - Көпқабатты үйде тұрғасын су мәселесі ең алдымен біздерге ауыр тиген еді. Осы екі-үш күндікте су жоғары қабатқа көтеріліп, мәселеміз шешіліп жатыр.

Айгүл БАЙТАСОВА, 1-ықшамаудан тұрғыны: - Осы айдың 16-нан бастап су мен тұратын 5-қатардан жүре бастады. Әбден мезі болған біз қуанып жатырмыз.

Айдана САҒАТОВА, 5-ықшамаудан тұрғыны: - Алдында судың азабын тартқан біз едік қой. Әбден әбігерге түсірген еді. Соңғы күндері уақытымен сарылдап ағып жатқан қарасуды көріп, мәз болып қалдық.

Шырайлым БАЙМҰХАН, 7-учаске тұрғыны: - Жаз басталғалы су тек қана уақытпен жүретін. Тіпті кешке қарай пайдалана алмай қалып жүрдік. Соңғы мезгілдері су мүлдем тыйылмады. Қай уақытта да ашып қалсаң, сырылдап ағып тұр. Осы қалпынан таймаса игі еді.  

Перизат ҚИЗАТОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521