Әдетте, жаңалықтарға негізделген тақырыпта қалам тербегенді жөн көретінмін. Мәселенің өзекті болуы мен үшін шарт еді. Бірақ бүгін мен жазып, ой қозғағым келген нәрсе тым қарапайым… Бәлкім, жақсыдан гөрі жамандығы толассыз ағылып келіп жататын ақпаратты қоғамнан бір сәт сергіп, ішкі сезімдермен бөліскен дұрыс болар деп ойлаймын. Шабытыма арқау болып, қаламымның шамасы жетіп тұрған тақырып – студенттік өмір туралы.
Иә, мен І курсқа аяқ басып, үлкен өмірдің жауапкершілігін сезіне бастаған студент ретінде санамда қалыптасып үлгерген түсініктер туралы ой қозғағым келеді. Бала күнімде “студент болу” мен үшін арман болатын. Тіпті, қол жетпестей көрінетін. Ата-анамның уайыммен айтқан ескертулерін, балалық еркеліктен болса керек, “қаталдық” деп ойлайтынмын. “Ал студент болсам, ер жетемін, үлкен қалада еркіндікте өмір сүремін. Бір тақырыпта ой қозғай алатын достарым да көп болады” деген ой басым болды. Уақыттың тез өткені соншалықты, бүгін, міне, сол бір қиялдан туындаған балалық арман шындыққа айналды.
Қазір мен өзім армандаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің І курс студентімін. Иә, студенттік күндерім бала күнімдей көзді ашып-жұмғанша жылдам жылжуда. Арман қала - Алматыда отбасымнан жырақта өмір сүрудемін. “Жүрегімнің қалауы” деп түскен журналистика мамандығы да өз тарихы, теориясы арқылы қызығушылығымды одан әрмен арттырды. Студент болған сәттен бастап, әртүрлі қызықтарға тап болдым. Соның бірі – орта. Иә, Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қуып келген, өзім секілді студенттерді көріп, жаңа орта таптым. Жаңа орта – түрлі адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің бір нүктеде ұштасуы болса керек. Дәл солай менің тобымда 25 студенттің 25 түрлі қабілеті бар деп айтсам артық айтқаным емес. Әр жас өзінің қарым-қабілеті арқылы ортамызда ерекшеленіп тұрады. Ал мықты ортаның болғаны - сенің дамуыңа үлкен мүмкіндік. Бәсеке болған жерде алға ұмтылу бар. Өзгеден озамын деп, ізденімпаздық қабілетіңді қалыптастырып үлгергеніңді де байқамай қаласың.
Иә, студенттік өмірдің қызығы таусыла қоймасы анық. Бұл ерекше сезім алдағы 4 жылда санадан өшпейтін, естен кетпес естеліктерді де құрайтыны сөзсіз. Бірақ бүгінгі жазбамда студенттік өмірдің қызығын ғана көрсетіп қойғым келмейді. Осыны оқып отырған әр студенттің жүрегіне түрпідей қадалып жүрген тағы бір ауыр тақырып бар… Ол – үлкен өмірге қадам басуыңды түсіну. Енді өмір деп аталатын үлкен теңізде үздіксіз алға жүзіп, тау-тау толқындарға жалғыз өзің қарсы тұра білу керектігіңді ұғыну. Өмір жалғаса береді, жалғаса береді. Бірақ білесіз бе? Мәңгілік тоқтап қалған бір ғана нәрсе бар - ол балалық шақ. Қайта келмес балдәурен шақ…
Біз мектеп оқушысы болған кезде бәрі басқаша болатын. Сабақтан үйге қайтқан кезде “мен не жеймін?” деп емес, “анашым қандай тамақ пісіріп қойды екен?” деп ойланасың. Күн суыса “қалың киімдер алу керек” деп әуре болмайсың, себебі анаң мен әкең күз келген сәттен бастап, «баламызды жылы киіндіру керек» деп қаражат дайындайды. Ал ауырып қалсаң ше? Ол кез тіптен ерекше. Себебі, үйде “мен ауырсам да, балам ауырмаса екен” деп анаң шырылдап қоя береді. Асты-үстіңе түсіп, барлығын істейді. Сол сәтте анаңның жылуын сезініп, әбден еркелейсің. Тіпті, ауруыңнан жазылғың да келмей қалады. Ал студенттік өмірде ауыруға болмайды…
Сырқаттанып қалсаң, өзіңді өзің емдейсің. Басыңнан сипайтын, анаң мен әкең де қасыңда болмайды. Үйде жүргенде бауырларымен жиі ұрысатындар да болған шығар. Бірақ олардың жылулығын алыста жүргенде сезініп, қадірін біле бастайсың. Олардан артық жақын адамыңның жоқ екенін түсінесің. Міне, біз қызық әрі еркіндік деп білетін студенттік өмірдің шынайы сезімдері. Бұл сезімдер – сағыныш деп аталады. Жат жерде жүріп, ата-ана мен бауырларының қамқорлығын, туған жердің иісін, тіпті мектептегі сәттерді, ескі достардың есті әңгімесін сағынасың…
Кейде адам өмірінің көп бөлігі сағыныштан құралады ма деп ойлаймын. Ал адамның жүрегі - сағыныш деп аталатын сезімнің құрбаны болып қала бермек, қала бермек… Олай болса, туған жердің, ата-ананың, бауырлардың қадіріне жете білейік! Әр сәтіңізді, әр күніңізді бағалаңыз. Сіз күнделікті елемейтін сәттерді бір кездері қатты сағынуыңыз мүмкін. Әсіресе, жақындарыңызбен өткізген әрбір уақыттың қадірін біліңіз. Бұл тоқтамайтын өмірді бір сәт болсын сезініп, мәніне үңіліңіз. Бұл түсініктер “студенттік өмірдің маған үйретіп жатқан құнды сабақтары” деп өз жазбамды аяқтаймын...
Әйгерім Ғалымжан,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің І курс студенті