Биыл еліміз екінші мәрте Репсублика күнін айрықша салтанатпен атап өтіп жатыр. Ұлттық мереке қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ардагерлер мен әр саланың майталман мамандарын ерекше еңбегі үшін жоғарғы мемлекеттік марапаттармен наградтады. Оның ішінде, әрине, білім беру саласына зор еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар қауымы да бар.
Қазір - білімнің дәуірі екендігін тағы бір мәрте еске салған Мемлекет басшысы Үкіметтің осы саланың дамуына айрықша мән беріп отырғанын баса айтты. Иә, расында да, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бүгінгі таңда мұғалімдер мәртебесін көтеріп, жағдайын жақсарту өте маңызды.
-Мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті миссия. Елімізде мыңдаған адам осы міндетін адал атқарып жүр. Олар күнделікті еңбегімен Қазақстанды дамытуға зор үлес қосуда. Сол себепті мұғалімдердің қоғамдағы орны ерекше болуға тиіс. Ұстазға барлық жерде құрмет көрсетілуі керек. Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Жақында бір топ педагогті өзім арнайы марапаттадым. Осы игі үрдіс бүгін де жалғасын таппақ, - деген Президент бірқатар ұлағатты ұстаздарға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы мен мемлекеттік марапаттарды салтанатты жағдайда табыс етті.
Барша ұстаздар қауымына ерекше ілтипатын білдірген Мемлекет басшысына біз де педагогтар атынан алғысымызды жеткізгіміз келеді. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, мұғалімдерге айрықша көңіл бөлініп, жағдай жасалған елдің келешегі кемел, болашағы жарқын болары сөзсіз.
Нұрсұлу Жаманқұлова,
С. Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің әдіскері.