Ұстаздық қылды жалықпай

Нарын құмында дүниеге келген Манап Ғалымұлының бар өмірі киелі Кең Жылыой жерінде өтіпті. Беріштің Құлкешінің ұрпағы болған Манап кім еді? Жақында Құлсарыдан оған көше аты берілді. Манап деген кім? Өскелең ұрпақ оны біле ме?

Манап – ұстаз. Оралдағы жоғары оқу орнын бітірген ол еңбек жолын Доссордағы мектеп-интернаттан бастаған. Біраз жыл жұмыс жасап, Сарықамыс орта мектебіне ауысты. 1970 жылы көктемде – оқу жылының қақ ортасында Қаратондағы Н.К.Крупская атындағы орта мектепке директор болып ауысты. Ол басқарған жылдары мектепте біраз өзгерістер болды. Кабинеттік жүйе іске асырылды. 1975 жылы біздің мектепте мектеп директорларының семинары өтетін болды. Осы шараға ұжым мүшелері бір кісідей дайындалды. Мектептің «сырқылдақ» газигімен жолға шықтық. Манап ағай басшы болып, мен қосшы болып, Гурьев қайдасың деп тіке жолмен тарттық. Күздің күні жол лайсаң. Біраз жерге дейін әр түрлі тақырыпта әңгіме айтылды. Мен тыңдаушымын (мен жаратылысымда әңгімеге жоқпын). Баттық, итердік, қайта баттық, әйтеуір шықтық-ау. Кеш қарая Гурьевке жеттік. Ертесіне мектеп базасының дүкеніне барып, мектепке қажетті оқу құралдарын алдық. 15 папка адресат алып сыртына Н.К.Крупская мектебінен деп жылтырақ қаңылтырға гравершіге жаздырттық. Сол екі ортада мініп барған көлігіміз бұзылып, әбігерге түстік. Сөйтіп, мына тұрған облыс орталығына барып - келуге үш күнімізді жоғалтқанымыз естен кетпейді.

Қаратонда біраз жыл мектеп басқарып, 1977 жылы Құлсарыдағы мектепинтернатқа осы лауазыммен жұмыс орнын ауыстырды. Аудандық оқу бөлімінде әдіскер болды. Тәжірибе жинақтаған ұстаз. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған еңбегі бағаланды. Мақтаулар мен грамоталар соның айғағы. Ол – Қазақ ССР-і оқу ісінің үздігі. Манап – өнер адамы. Өнер – оған нағашыларынан дарыған. Ол – домбыра, гармон, мандолина тартатын. Отырыстарда домбырамен өлеңтермелерді айтып, жиынның сәнін келтіретін. Бір кездерде Жылыой өнерпаздарынан бастап, Алматыға – шығармашылық топпен өнер көрсеткені бар. Бұл күнде сол концерт қазақ телевизиясының алтын қорында сақтаулы. Бір кездерде аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Манап – шебер ұйымдастырушы. Оған Қаратон мектебінде жасаған жылдары куә. Жылда мұғалімдер күнін далада – табиғат аясында өткізу, сол кездегі совхоз фермаларына концерт қоюды, мереке күндерінде өзі басқарған ұжымның концертін ұйымдастыратын. Бірде туған күндерімізді атап өтейік деп ұсыныс жасады. Бұл ұсынысқа бәріміз бір кісідей үн қаттық және екі жыл бойына атап өттік.

Мен осындай жанмен төрт оқу жылымен жұмыстас болдым. Білікті маман үйретуден жалықпайтын еді. Жастарға қамқоршы болды. Ұжымда ер адамдардың көбірек болғанын қалайтын еді. Сондықтан да В. Пак, А. Бисенғожиев, К. Садықовтарды пәтермен қамтамасыз етті. 1993 жылы тамыз айының соңғы күндерінде Қаратон мектебінің ұжымына «Манап Ғалимұлы дүниеден өтті» деген қаралы хабар келді. Бұл кез аудан мұғалімдерінің тамыз мәслихаты болып жатқан кез еді. Үлкен қаралы жиын өткізіп, мұғалімдер ұжымы мен Жылыой халқы ұстаз, ақын, мәдениет саласының үздігі Манап Ғалимұлымен қоштасып, Қамыскөлдің терістік бетіндегі Дияр қауымына жерледі. Биыл сол асыл азаматтың жер қойнауына берілгеніне отыз жыл. Кеше газет бетіндегі соңғы жаңалықтардан Құлсарыдағы №215 көшеге Манап Ғалимовтың аты берілгенін оқыдым. Өте қуаныштымын!

Жақсылық МАЙЛАНҰЛЫ,

зейнеткер

Атам туралы естелік

Атам биыл тірі болса 85 жасқа толар еді. Сұм ажал атамды ерте алып кетті. Баласы Нұрсипат атамды «Ақа» дейтін. Бір күні ол: «Ақамды еске алып, кітап шығарттырғым келіп жүр»,- деді. Бұл ойын мен де құптап, сол кезеңнен бастап атам туралы естелік жазуды жөн көрдім. 1985 жылы келін болып түстім. Атам ол кезде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасайтын. Сол кезде клубқа жиі-жиі әртістер келіп, концерт, сахнада көрініс қояды. Оған атам, енем, Нұрсипат, мен, бәріміз көріп, тыңдап, тамашалайтынбыз. Менің атам қонақжай кісі. Бір күні Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз Алматыдан Құлсарыға келді. «Біздің үйден дәм татсын» деп атам үйге шақырды. Біздер дастархан жайып, қонақасы бердік. Атамның жолдастары бірге болды. Отырысымыз көңілді, қызықты өтті. Нұрғали аға маған арнап «Келінжан» деген өлең айтты, әрі бата берді. Атамның адаммен тіл табысу қасиеті, әңгімесі ерекше ғой. Нұрғали аға мен атам бұрыннан бірін-бірі білетін кісіше, сөздері жарасып отырды. Біз де осы отырысқа тәнті болдық.

Атам маған Зейнеп Ахметованың атасы Бауыржан Момышұлы туралы жазылған «Шуақты күндер» атты естелік кітабын ұсынып, бірінші бетіне мынадай өлең жолдары мен қолтаңбасын қалдырған:

«Сыңары – егіз жүрек, Нұрсипаттың,

Болғаным – ақ ұясы ілтипаттың!

Атаңның жүрегінен шуақ алып

Мәңгіге өміріңнің дәнін таптың.

Әрдайым арлы келін атанып өт!

Еңбекпен бақытыңның шамын жаққын»

Атаң, 5 мамыр 1987 жыл

Атамның бұл кітапты неге ұсынғанын оқып шыққаннан соң түсіндім. Яғни, Зейнеп апаңдай ибалы да көрегенді, кешірімшіл, үлкенді сыйлай білетін келін бол деген ойы екен.

Атам мені қызындай жақсы көретін. «Ақ Болғаным» деп менің жақсы көретін тамағымды өзі кейде дүкеннен әкеліп қоятын. Жұмысқа кіріскенде, бірінші жалақымды үйге әкелгенде, атам былай деді: «Бірінші жалақыңды өз ата-анаңа апарып бер, олар сені тәрбиелеп, өсіріп, оқуға түсіріп, енді еңбектің жемісін олар көрсін». Бұл әңгімесінен атамның үлкен жүректі, әріден ойлайтын қасиетін байқадым. Жұмыстан келгенде дастарханда отырып: «Жұмысың қалай, кімді көрдің?»,-деп ой бөлісетін. Күннің қалай өткенін, бәрін айтып отыратын едім. Әрдайым атамның қас-қабағына қараймын. «Бір жерден қателесіп, ренжітіп алмайыншы» деген ойда жүремін. Өзі өте сезімтал, адамның ойын айтпай-ақ түсініп, болжап отырады.

Атам үлкен немересін - Гүлфатты өте ерекше жақсы көретін. Ауырып жүрген кезі еді, тамыз айының басы, маған былай деді: «Гүлфатты киіндіріп әкелші, бірінші класқа барады ғой, көргім келеді». Мен Гүлфатқа мектеп формасын, ақ бантигін, ақ фартугін кигізіп, залға кіре бергенде, кешкі мезгіл еді жарық өшіп қалды. Сонда, қараңғы жерде, диванда жатқан атамның дауысы шықты: «Құдайым менің, Гүлфаттың бірінші класқа барғанын көруге жазбайын деп жатыр екен»,-деді.

1993 жылы 23 тамыз күні, қайғыдан жүрегіміз қақ айырылды. Осылайша алғашқы немересі – Гүлфаттың мектепке баруын көре алмады. Атам қайтқаннан кейін мен тоғыз ай бойы дастархан жайып, жеті нан пісіріп, дұға оқытып отырдым. Менің қолымнан келетіні осы ғана болды. Оның халыққа сыйлы адам екендігін қайтқанда және дұға дастарханынан сездім.

Қазір осы естелікті жазып отырғанда көзімнің жасы төгіліп, жүрегім сыздауда. 30 жыл өтсе де, жарқын бейнеңізді ұмытпаймыз. Атасын көрмей өсіп жатқан немерелеріңізге де сіз туралы жеткізіп айтып отырамын.

Ұрпағының ендігі борышы - ата атына кір келтірмей, рухын қастерлеп өту.

Болған ТОҚПАҚОВА,

келіні

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT