Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты бүгінгі Жолдауында ел үшін өте өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде Ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет екенін баса айтты. Бұл түйіткілдің түйіні тез шешілсе екен деген бізде де ізгі тілек бар.
Себебі, көктемгі су тасқыны кезінде еліміздің бірқатар өңірінде Төтенше жағдай жарияланған болатын. Оның ішінде, біздің Құлсары да бар. Сол алмағайып кезеңде, байтал түгіл бас қайғы болып, баспанамыздан безіп, бас ауған жаққа жан тасаладық. Өткен күндердің қиын-қыстау сәттері әлі есімізде. Сол кезде жер-жерден келген гуманитарлық көмектер мен еріктілердің пайдасы орасан зор болды. Одан бөлек, Президентіміз Қ.Тоқаев «Әрбір тұрғынның шығыны толық өтеледі» деген сөзі іс жүзінде орындалып, талабымыз жерде қалмады. Ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен ерлеріміздің еңбегі еленіп жатты. Бірақ, бұл сынақты өткергенімізбен, келер жылдары қайталанбас үшін жұмыстар жасалуы тиіс. Ол үшін Мемлекет басшысы айтқандай орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек. Арнайы ғалымдар жұмыс істеп, су қоймаларын салып, керісінше сол келген суды тиімді жаққа пайдаланып, ауыл шаруашылығына көмектессек, нұр үстіне нұр болады. Себебі, біздің Жем көктемде арнасынан тасығанымен, жаз айларында құрғап, қақсып қалатын да кездері болады. Тіптен, суға бола дау шыққан жайттар да жетерлік. «Судың да сұрауы бар» дегендей, осы ғылымның арқасында аталған мәселелердің алдын алып, ел Президенті Қ.Тоқаев атап өткендей, жұдырықтай жұмылып, болашақтың негізін бүгіннен бастап қалауымыз керек. Нәсіпбай Сағымбаев, Құлсары қаласының тұрғыны
«Сұрауы бар судың да»
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 260
