Спорты дамыған елдің болашағы жарқын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің спорт саласынан да айналып өте алмады. Бұл ретте халық қалаулыларына үлкен сенім артқан ол былай деді:

-Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын.

Президент жастардың шымыр, дені сау болып өсуіне жанашырлық танытып, олардың спортпен айналысуына жағдай жасауды көздеген осы бір ойы бүгінде жүзеге асып жатыр. Жақында Құлсары қаласынан денешынықтыру спорт кешенінің ашылуы – соның айғағы. Сондай нысандардың көптеп салынуының арқасында ауданымыздың жастары ай сайын облыс, республика деңгейінде өтетін әртүрлі спорт сайыстарынан жүлделі орындар алып жүр.

Бүгінгі шәкірт – ертеңгі чемпион. Жас жеткіншектеріміз аудан намысын, қала берді халықаралық додада ел намысын қорғап қыр асып, көк туымызды көкте желбіретіп жүрсе, ол мемлекеттің жастарға бөлген инвестициясының айқын көрінісі болмақ. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бұқаралық және балалар спортына қатысты айтқан ойы кім-кімді болмасын алаңдатпай қоймасы анық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл іске бәріміз де атсалысуымыз қажет.

Мұрат Жарылғасов,

№1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT