Үміткер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ауданда атқарылған ауқымды іс-шараларға тоқталып өтті.
Жылыой аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Талғат Майлыбаев аудан спортшыларымен кездесу өткізді. Өңірде қалыптасқан эпидахуалға байланысты спорт саласының қызметкерлері оған «Zoom» қосымшасы арқылы қатысып отырды. Үміткер, ең алдымен, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ауданда атқарылған ауқымды іс-шараларға тоқталып өтті.
- Жем өзеніндегі су тапшылығы, жұмыссыздық кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып отыр. Пандемияға байланысты Теңіз кенішіндегі көп мекеме өз қызметін уақытша тоқтатқаны белгілі. Дегенмен 8-9 айдан бері жұмыссыз жатқан жылыойлықтарды жұмысқа шақырту үшін ТШО компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Құлсары қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатқаны аян. Алға қарай ауылдық округтерде 200 орындық, Қаратон кентінде 300 орындық мәдениет үйін салу жоспарда бар. Аудан орталығында 624 орындық мектеп пен сыйымдылығы 3000 адамды құрайтын, ішінде бассейні, ойын алаңы заманауи жылыту құрылғысымен жабдықталған стадион құрылысы басталып та кетті. Осы секілді Құлсарыда 275 орындық аурухана құрылысы (аурухана жанынан жатақхана құрылысы) қарқынды жүріп жатыр. Енді аталмыш емдеу орнына білікті дәрігерлерді тарту, мамандарды баспанамен қамту да сайлауалды бағдарламама енгізілген. Алдағы жылда аудан бойынша кіші аяқдоп, балалар ойын алаңы, тренажерлар салу да жоспарға енгізілді, - деді Т.Майлыбаев.
Қара-Арна ауылдық округіндегі Шоқпартоғай ауылының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің меңгерушісі Зияда Нұрғазиева үміткердің сөзін қостап, жергілікті жерде жүзеге асып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті:
-Ауыл спорт мектебінде 6 спорт түрінен 8 жаттықтырушы дәріс береді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға дейін мектебіміздің тәрбиеленушілері үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі секілді бірнеше спорт түрінен республикалық, облыстық турнирлерден жүлделі орындарға ие болып жүрді. Бүгінде спортзалдың есігі ауыл тұрғындарына үнемі ашық. Бұл өз кезегінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге септігін тигізері сөзсіз.
Кездесу кезінде үміткер өзге де қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, аудан спортшыларының болашақ Қазақстан чемпиондарын дайындаудағы ерен еңбектеріне табыс тіледі. Сондай-ақ алдағы сайлау науқанына белсенді қатысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды.
Ж.Әбдікәрімова
"Nur Otan" партиясының Атырау облысы
Жылыой ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді