Құрбан Айт - күллі мұсылман үшін ұлық мереке. Осынау айтулы үш күн ішінде ауданның түкпір-түкпірінде мерекелік, спорттық шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға ақ дастархан жайылып, балаларға тәттілер үлестіріліп, ойын алаңдары құрылды. «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, үш күн бойы ұлтттық спортымыз ұлықталып, рухани байлығымыз артылып қалды.
Иә, мешіттен бастау алған мереке әр ықшам аудандарда киіз үй тігіп, спорттық шаралар ұйымдастырумен жалғасты. Соның бірі - 4-учаске тұрғындарының ұйтқы болуымен қаладағы №8 мектеп алдында өткен спорттық шаралар еді. Оның ішінде, кір тасын көтеру, қол күрес, ләңгі тебу, күш сынасу, садақ ату, арқан тартыс, еркін күрес, футбол болды. Ауыл тұрғындары қатысқан аламанда жанкүйерлердің делебесі қозып, қиқуға салды. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дегендей, тамашалаған қалың көрермен өзінің көрші-көлеміне, ауылдасына ерекше жанкүйерлік етті.
Әсіресе, еркін күреске келгенде тартыс күшейді. Себебі қазақ үшін қашанда түйе палуандардың текетіресі жоғары тұрады. Алыпты жыққан Қажымұқандар да осындай ауыл арасындағы бәсекелерде топ жарып, ел жадында ер есімі жатталған. Білектің күшін сарапқа салған қол күрес шеберлері де ыстық ықыласқа бөленді. Ал, аяқдоптың аламаны айтшылаған ағайынға бөлек әсер сыйлады. Себебі, ұлттық ойынымыз болмаса да, еліміздегі нөмірі бірінші спорт түрі қай кезде де жанкүйерлер үшін қызық. Талас пен тартысқа толы турнирде шын мықтылар суырылып шығып, жүлдеге ие болды. Ұйымдастырушылардың бірі әрі аудандық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Мұрат Жарылғасов:
-Құрбан Айт ата-бабамыздан бері келе жатқан айтулы мереке. Исі мұсылман бұл күні қуанышқа бөленіп қана қоймай, айналасына да жақсылық жасауы тиіс деп ойлаймын. 4-учаске тұрғындары болып бірігіп, мерекелік, спорттық шараларды жоғары деңгейде өткіздік. Келген қонақтарымыз да көп болды. Барша аудан тұрғындарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын,-деді өз сөзінде.
Бұл күні ересектерден бөлек балалар да назардан тыс қалмады. Жасөспірімдер арасында да түрлі спорттық шаралар өтті. Онымен қоса батуттар құрылып, балмұздақ таратылды. Ал, жеңімпаздарға медаль, диплом, кубокпен қатар ақшалай сыйақы немесе сертификат табысталды. Футбол чемпиондарына қой сыйлыққа берілді. Дәл осындай көрініс қаламыздың барлық ықшам аудандарында орын алды. Себебі, әлеуметтік желілердегі жаңалықтарға ден қойсақ, осыны аңғаруға болады. Құрбан Айт мерекесі спорт пен бірліктің, мейірім мен берекенің жарқын үлгісін көрсетіп, ауыл тұрғындарының жадында ұзақ сақталатын тойға айналды. Бұл күндері спорт алаңдарынан самғаған әрбір жеңіс рухы, киіз үйлерден ескен мейірім лебі, балалардың шат күлкісі – қасиетті мейрамның құндылығын еселей түсті. Ауылдардың бірлігі мен жастардың жігері тоғысқан бұл салтанатты сәттер ұлттық құндылығымыздың өшпес мұрасы екенін тағы бір дәлелдеп, болашаққа деген үміт отын маздатты.
Е.АЛТАЙҰЛЫ