Соттан тыс шешілген дау жүйесін табар

Таяуда аудандық соттың ұйымдастыруымен «Кең Жылыой» мәдениет үйінде облыстық соттың қылмыстық істері жөніндегі алқа төрағасы Тәтті Уалиева, судья Хасан Сағат, медиация орталықтарының директорлары Марина Мұхтарова, Рысты Қалиеваның қатысуымен кең ауқымды кездесу болып өтті.

Ол қоғамдағы даулылық пен шиеленістерді төмендету мүмкіндіктерін талқылау мақсатын көздеді. Оған аудандық соттың судьялары, аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім және құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, аудан бойынша кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, заңгерлер, қала тұрғындары қатысты. Кездесу «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жүзеге асырып жатқан «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасының бірі сотсыз татуласу орталығы. Бұл жобаның мақсаты - халық арасында дауды соттан тыс шешу, қоғамдағы қайшылықты, дауларды азайту институттарын насихаттау және дамыту алаңдарын құру еді. Кездесу барысында алқа төрағасы Т.Уалиева ҚР Жоғарғы соты тарапынан жүзеге асырылып отырған сотсыз татуласу орталығы пилоттық жобасының міндеттерін, оның тиімділігін, дауды сотқа дейінгі реттеудің басымдықтары жайлы әңгімеледі. Облыстық соттың судьясы С.Хасан қазақ халқының тарихындағы билер соты мен қазіргі медиацияның арасындағы ұқсастықтарға тоқталды. Медиатор орталықтарының директорлары, кәсіпқой медиаторлар өз баяндамасында аталған тақырыпты тереңірек қамти түсті. Жалпы қала тұрғындары Жоғарғы соттың дауды соттан тыс шешу бағытында жүргізіп жатқан реформаларын құптайтынын білдірді. Сондай-ақ медиацияны дамытудың қажеттілігі мен тиімділігі жөніндегі өз ой-пікірлерімен бөлісті. Бүгінгі іс-шараның ұйымдастырушылар мен Жоғарғы сот бастамасына қолдау көрсететініне сендіріп, бір ауыздан медиацияны дәріптеуге дайын екендігін жеткізді.

Ербол Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521